Облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің 19 қыркүйек күнгі санында жарияланған “Бәсеке жүрмейтін жер” тақырыбымен берілген мақала менің де қолыма қалам алуыма себеп болды. Өзім талай тойды да, қайғылы қазаны да басымнан өткерген жанмын.
Жетімдік қамытын мойныма киген кезде мен әлі жас едім. Бірақ, өмірдегі ең жақын, жан-ашыр адамымның енді қайтып келмейтінін анық түсіндім. Жоқтау айтып, жылап-сықтаған туыс-туғандардың зарлы даусы әлі құлағымда. Соғыстан кейін ел енді-енді еңсесін тіктеп келе жатқан кезде анамды соңғы сапарға шығарып салуға ауыл-аймақ болып жұмылды. Әркім қолында барын әкеліп, көрші жамағайынымыздың үйінде шай ішіліп, дұға оқылды. Оны айтып отырған себебім, бүгінгі күні шынымен де, бата мен тойдың айырмасы болмай бара жатқандығында. Бұрынғы кезде қайғы жұтып отырған азалы үйде үш күнге дейін тамақ берілмейтін. Мал сойылып, қан шығаруға болмайтын. Молдалар: “Ол тірілерге емес, о дүниелік болған адамға ауыр болады”, – дейтін.
Қазір барлығы бәсекеге айналған, қайтқан адамның әр батасына жылқы сойып, ысырап-шылдыққа жол беріліп жатады. Осы орайда тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстау кезінде болған бір жағдай ойыма оралып отыр. Бір танысымның үйінен бірінен соң бірі үш мәйіт шықты. Дүкен сөрелерінен бәрі жоғалып, электр қуатының өшіп, жұрттың шам жағатын жағармайы болмай, қолдарына құты ұстап, үй-үйді жағалаған ол кез көпшіліктің есінде болар. Өз басына іс түспеген өзгенің қайғысын қайдан білсін?! Өлім – сын, біреу қайғыңа ортақтасып жылап келсе, енді бірі сынап келеді. Сонда қайғы жұтып, қапа болып отырған әлгі адамның: “Елдің алдында “дұрыс жөнелте алмады” деген ат алмайын”, – деп құрақ ұшқанын білемін. “Ажал Алладан, амалы адамнан” дегендей, ауылда мал асырап, сонымен күн көріп отырған танысым басына түскен осынау сынды алдындағы төрт түліктің арқасында ғана еңсерген болатын.
Марқұмның артынан жыртыс беріп, ақша тарату ысырапшылдық екенін мақала авторы дұрыс көрсеткен. Өлікті әркім өз қал-қадерінше жөнелту керек. “Жұрттан ұят болады”, “Басқадан кембіз бе?” деген сияқты бақталастық өлімге жүрмейтіні шындық. Алайда, жақынымыздың жаназасын атқаруда осындай орынсыз пендешілік әрекеттердің қылаң беріп қалатыны өкінішті.
Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады емес пе? Дегенмен, ырым-тыйымдар мен діннің шектеулері арасындағы тепе-теңдікті сақтап келген халық бүгінде арнайы діни білімдері бар имамдардың уағыздарына көбірек иек арта бастады. Қазір көпшілік жерлерде кездеменің орнына орамал таратылып жүр. Бастама жаман емес, біртіндеп ол да тоқтатылар деген ойдамыз.
Бүгінгі күні қаншама астамшылыққа жол берілгенімен, ескіден келе жатқан әдет-ғұрыпты өздеріне енгізіп жатқан елді мекендер де баршылық. Жергілікті жерлердегі дін басшыларының араласып, жөн сілтеуімен Айыртау ауданындағы Карасевка, Үкілі Ыбырай ауылдарында азалы үйде қайтқан кісіге жаназа шығаратын молдалар ғана күтіледі. Батаға шеттен келген кісілерді көрші-көлемдері, жамағайындары, жора-жолдастары үйді-үйге бөліп әкетеді. Осындай жақсы үдеріс бірқатар ауылдарда бұрыннан сақталып, әлі де жалғасып келе жатыр. Меніңше, осы дұрыс, өздері қайғы жұтып отырған, оның үстіне өлік жатқан үйді абыр-сабыр етпей, марқұмды соңғы сапарына құрметпен шығарып салған ләзім. Дәуқара елді мекенінде соңғы жылдары кісі қайтқан күні ауылдың әйелдері аза тұтып жатқан үйге көңіл айтып, батасын жасап қана шығады. Бұл күні шеттен келгендер ғана күтіледі.
Сондай-ақ, молдалардың тыйым салуымен қайтқан адамды соңғы сапарға шығарып салуға әйелдер зират басына бармайтын болғаны да құптарлық жайт. Бұрындары марқұмның бала-шаға, немере-шөберелері (жынысына қарамастан) барлығы зират басына барып, тіпті, кейбірі қолтығынан демеген жандарды сілкіп тастап, мәйітті қабірге түсірткізбей, құшақтап алып, байбалам салып, жылап-сықтап жататын. Әрине, ет жақын адамнан айрылу оңай емес, алайда, бірге тумақ бар болғанмен, бірге өлмек жоқ.
“Көш жүре түзеледі” дегендей, халқымыз жетпіс жылдан астам уақыт өз тілімен бірге дінінен де адасып қала жаздағанын ескерсек, кейінгі жас ұрпақ орны толмас олқылықты түзетер деген ойдамын. Ол үшін өлім-жітім жөнелту, басқа да діни шаралар барысында сауатты имамдар жиі-жиі уағыз айтып, марқұм болған адамның ағайындары мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназа айту, жерлеу, қарызын өтеу сияқты бес нәрсеге міндетті екенін және осы амалдарды атқаруда ысырапшылдыққа жол бермеулері керектігін халыққа түсіндіріп отырғаны абзал.
Мың күн жұмақтан бір күнгі тірлік артық. Дегенмен, бұл жалғанда ешкім мәңгі өмір сүрмейді. Өмір бар жерде қаза бар. Дәм-тұзымыз таусылған кезде барлығымыздың баратын жеріміз біреу. Бұл дүниеден ешкім ештеңені өзімен бірге әкетпейді. Өлген адамға бұйыратыны – 25 метр кебін. Сондықтан “Садақаңды сауыңда бер, ауырған соң пайдасы жоқ” дегендей, бес күндік бұл жалғанда адамдардың көзі тірісінде сыйласқаны жақсы. Тірісінде бір-бірін көрместей сөз айтысып, өлгенде аста-төк ас беріп, дастарқанды тәттіге толтырғанның еш сауабы жоқ.
Күлзада ҚАСЫМОВА,
зейнеткер.
Айыртау ауданы.