«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСКІ КӨЛІГІҢІЗДІ ТАПСЫРЫП…

Біздің бала күнімізде автокөлігі бар адам ауқатты саналатын. Техниканың дамыған бүгінгі заманда бір отбасының ауласында екі-үш көліктің қаңтарылуы әдеттегі жайға айналды. Темір тұлпарлардың маркасына талғам жасап, қолданыс кезіндегі артықшылықтарын ескеріп, кейбіреуін менсінбейтін де болдық. Техниканың тез ескіретін заманы болды бұл. Бүгінде қораның бір бұрышына тірелген көне көліктердің бала-шаға ойнайтын ойыншыққа айналғаны да рас. Күн мен желге қақталған, жауын-шашынға тотыққан темір-терсекті сатып алушылар да жоқ, ескіні күл-қоқысқа сүйреп тастауға иелері де қимайды. Осылай екі ойлы болып жүрген талайдың иығынан ауыр жүк түсетін болды. Елімізде осы мәселеге қатысты жаңа бағдарлама іске қосылды.

Тозығы жеткен көліктерді сатып алу бағдарламасын Үкімет ұсынып отыр. Бағдарлама былтыр қанат-қақты жоба ретінде қолға алынып, көне көліктерді жою арқылы қоғамға қатысты бірқатар мәселенің түйінін шешу мүмкіндігі айқындала түскен еді. Біріншіден, жұрт артық темір-терсектерден құтылуға мүмкіндік алса, екіншіден, қайта өңдеу өнеркәсібі үшін таптырмас шикізат көзі пайда болды. Қолданыстағы ескі көліктердің қоршаған ортаға көп зиян келтіретінін де жақсы білеміз.

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің бастамасымен қолға алынған экологиялық бағдарламаны “ӨКМ Операторы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Оператор былтыр Қазақстанның 17 қаласында тозығы жеткен көліктерді қабылдау бекетін ашып, ел бойынша 10 мың ескі көлікті жою көзделді. Онда қосалқы бөлшектері түгел немесе бірінші санаттағы көлікке – 150 мың теңге, толық жинақталмаған көлікке 48 мың теңге төлем бекітілді. Толық жинақ дегенде көлік шанағы, есігі, қозғалтқышы, беріліс қорабы міндетті түрде болуы шарт нәтижелер көңілден шығып отыр. Солтүстікқазақстандықтар өздеріне тиесілі 390 квотаның 291-ін пайдаланды. “ӨКМ Операторы” компаниясының өңіріміздегі өкілі Оразтай Әбдірахмановтың айтуынша, ескі көлігін тапсыруға ынталылар әлі де жеткілікті.

Алғашқы жиналған көліктер Петропавл қаласындағы жалға алынған тұраққа қаз-қатар тізілген. Түсі мен маркасы әртүрлі көліктердің ішінде аса көнелері де көп. Көптің ішінде тұрған жасыл түсті “Запорожец” екінші дүниежүзілік соғыстан кейін талайлардың арманы болғаны анық. Немесе кеңес өкіметінің жоғары шенді қызметкерлері мінген “Волганың” да бірнешеуін осы жерден табуға болады. Тұрақтағы автокөліктердің жартысы – “Жигули” маркалы темір тұлпарлар.

Жаңа демекші, жұрт ескі дүниесімен өкінішсіз, кедергісіз, пайдамен қоштасуы үшін осы бағдарлама жетілдіріліп, үстіміздегі жылдың 16 қаңтарынан бастап қайта қолға алынбақ. “ӨКМ Операторы” ЖШС-і бұл жолы шараны жыл соңына дейін жалғастырмақ. Бағдарламаға оператор компания еліміздің әкімшілік полициясы комитетімен бірлесе отырып, көлік құралдарын жою және есептен шығару жөніндегі жалпыға ортақ анықтама құжатын бекітті. Халыққа ыңғайлы болатын тетіктер ойластырылып, Энергетика министрлігі және республиканың нотариалдық палатасымен бірлесе отырып, көлік құралдарын жою кезінде есептен шығару үшін жалпыға ортақ анықтама құжатын әзірледі. Сондай-ақ, кезекті электронды жүйемен жүргізіп, тапсырушылар үшін мобильді қосынға келу кестесін ұйымдастыру ұйғарылды. Көліктерді қабылдау және бағалау жұмыстары да жетілдірілген. Қолында мүлкін жоюға тапсырғандығы туралы сертификаты бар адам отандық автоөндірушілерден жаңа техниканы жеңілдетілген бағамен сатып алу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл – бағдарламаның отандық тауарөндірушілерді қолдау қажеттігіне байланысты ойластырылып отырған тағы бір тиімді бағыты.

Бағдарламаға қатысатын жеке тұлғалар үшін қажетті құжаттар: толық аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі және есепшоты көрсетілген бағдарламаға қатысу туралы өтініш, ішкі істер органынан ескі көлікті жоюға тапсыру үшін тіркеуден шығару туралы анықтама. Көлік үшінші адам арқылы құжатталса, мүлік иесінің сенімхаты талап етіледі. Көлік иесінің немесе сенім білдірген адамның жеке куәлігі, есепшот жөніндегі анықтама, тозығы жеткен ескі көлікті жоюға тапсыру туралы келісімі болуы шарт. Ал ескі көлікті жоюға тапсыратын заңды тұлғалар және оның атынан әрекет ететін сенімді тұлға мемлекеттік тіркеуде тұрғандығы жөнінде қосымша анықтама дайындауы керек. Ұрлықтың жолын кесу үшін жоғарыда көрсетілген құжаттардың барлығы талап етіледі.

Ескі көліктер қабылдау орны мен тәртібі туралы ақпарат компанияның ресми www.auto.recycle.kz сайтында орналасқан. Сондай-ақ, Call-орталығының 8-800-080-08-65 нөмірі бойынша хабарласуға болады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp