Петропавлда жыл сайын грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, облысымыздың бірнеше дүркін және Қазақстанның чемпионы Уәлихан Нүркеевтің атындағы халықаралық жарыс дәстүрлі өткізіліп келеді. Қандай да жарысты ұйымдастырып, оны қатысушылардың да, жұртшылықтың да көңілінен шығатындай ету оңай емес. Осы орайда аталған турнирді жыл сайын ұйымдастырып келе жатқан “Күрес” мектебінің директоры Ғалым Өркешевке мың да бір алғыс айтсақ, артық емес. Әдеттегі шақырудан бастап, балуандарға алған орындарына орай жүлделерді, кубоктарды даярлау қаншалықты қиын жұмыс екенін мұндай жарыстарды өткізумен шұғылданып жүрген адамдар жақсы біледі.
Алқалы додада грек-рим күресімен айналысып жүрген 200-ден аса жас балуан боз кілемде үміттерін сынады. Бұлардың арасында өз өңіріміздің аудандарынан, Қарағанды, Қызылорда, Ақмола, Қостанай облыстарынан, Ресейдің Сургут, Петухово қалаларынан, тіпті, Украинадан келген әріптестеріне Петропавлдың спорт интернатының, “Күрес”, “Жеңіс” мектептерінің балуандары қосылды. Жас балуандар 23 килограмнан бастап, 65 килограмнан жоғары салмақтарда сынға түсті.
Жарыстың алғашқы күні қалалық спорт бөлімінің басшысы Валерий Евдокименко, грек-рим күресінен КСРО-ның құрметті спорт шебері, Қазақстанның бес дүркін жеңімпазы Жамбыл Тасеменов және күрестің осы түрінен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Беспай Қайыпов жас балуандарға игі тілектер айтып, У. Нүркеевтің лайықты ізбасарлары атануға ақ баталарын берді. Сондай-ақ, жарыс иесінің балуан жолдас-жоралары, зайыбы Бағила, басқа да туыстары болды.
Жақсы ұйымдастырылған жарыс көңілдегідей өтіп, меймандар ризалықпен аттанды.
Біз белдесулер аралығында осы турнирге жылма-жыл өзінің шәкірттерін алып келіп жүрген Қорған облысындағы Петухово қаласының спорт мектебінің бапкері Леонид Лефтаевты әңгімеге тартқан едік.
– Мен Уәлихан Нүркеевті көптен бері білуші едім. Ол кезінде боз кілемде жасындай жарқыраған аса шебер балуан болғаны аян. Әсіресе, біздің Қорғанға келіп күрескені есімнен кетер емес. Ол екі мәрте осында қарсыластарының бәрінен басым түсіп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілгенін де ұмыта қойған жоқпын. Соған қоса, Уәлихан Құдышұлы Омбыда да жеңіске жеткен. Ол аса әдісқой, жігерлі, рухы мықты балуан еді. Мұндайларды әрқашан да өнеге тұту керек. Менің де көңілім толып тұр. Жеңіске жете алмасақ та, төрт балуаным қола алқа еншіледі. Олқы емес. Өйткені, өзгелердің де осал емесін көзім шалды.
Ал мен сұхбаттасқан екінші адам – өзіміздің жерлесіміз, бүгінде Көкшетаудағы Ақмола облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры, У. Нүркеевтің шәкірті, қол күресінен Қазақстанның чемпионы Марат Қойшин.
– Мен осы жарысқа қуана-қуана келдім. Уәлихан ағамның шәкірті болғанымды үлкен мәртебе көремін. Жүрегі нұрлы азамат, шебер балуан еді ғой. Әттең, өмірден ерте озып кетті. Ол СҚМУ жанындағы “Жігер” спорт клубын ұйымдастырды, қаншама жастарды баулыды. Мысалы, спорт шеберлері Теміртас Әлжанов, Вячеслав Прохоров, Яков Власов және басқалары – Уәкеңнің күрес мектебінен ұшқандар.
Есесіне есімі ел-жұрттың есінде. Оның жеңістерін мақтан етеміз. Осы жарысты өткізген жерлестеріме алғысым шексіз. Көкшетауға қуаныш сезімімен аттанып барамын.
Тілдескен азаматтардың қайсыбірін айтсаң да, Уәлихан Құдышұлының адамгершілігін, кәсіби шеберлігін жыр еткендей көңілге қондырады. Осы ретте оның ұлы Қайрат Нүркеев те ризалығын білдіріп, әкесінің атындағы халықаралық жарысты бесінші мәрте өткізіп отырған азаматтарға алғысын арнады және жүлдегерлер мен жеңімпаздарды марапаттаушылардың қатарында болды.
Сөз соңында жарыс жеңімпаздарын айтып өтуді ұйғардық.
Нариман Бекімов (23 кг. Петропавл, “Күрес” мектебі).
Хамид Нәбиев (26 кг. Петропавл, “Күрес” мектебі).
Павел Бондарь ( 29 кг. Украина).
Ержан Бексұлтанов (32 кг. Көкшетау).
Александр Кармаз (35 кг. Сургут).
Андрей Степанов (38 кг. Сургут).
Максим Кунтиков (42 кг. Рудный, Қостанай облысы).
Асылхан Ерденов (47 кг. Петропавл, спорт интернаты).
Диас Балапан (53 кг. Есіл ауданы, СҚО).
Ернар Жолдас (59 кг. Петропавл, спорт интернаты).
Денис Пилипенко (65 кг. Петропавл, “Жеңіс” мектебі).
Радион Искожин (+ 65 кг. Петропавл, “Жеңіс” мектебі).
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.