Нағыз алтын күз. Егін орағының қызған шағы. Облыс басшылары Преснов (қазіргі Жамбыл) ауданына баратын болды. Олардың сапары жайлы материал жазбақ болып, көшке біз де ілестік. Біздің өңірдің табиғатының әсемдігін сөзбен айтып жеткізе алмайсың ғой! Ал күзде тіпті тамаша кейіпке енеді. Иірім-иірім, кейде ұзаққа созылған ормандарға, айдындары құсқа толы көлдерге, о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін сап-сары түске енген егін алқаптарына қарай бергің келеді. Осылайша табиғатты тамашалап келе жатып, аудан шекарасына қалай жетіп қалғанымызды сезбеппіз. Аудан басшылары бізді Социалистік Еңбек Ері Төлебай Мұстафин өсірген жүгері алқабына қарай бастады.
Бір шоқты айналып шыға беріп едік, алдымыздан жүгері алқабы көрінді. Аспанға таласа өскен ұзын сабақтарының бастарына дән байланып қалыпты. Нағыз ну орман сияқты, қалың өскен. Тіпті салт атты адам көріне қоймас. Осындай жүгеріні халық “дала аруы” деп атап кеткен. Танаптың арғы басынан жүгері шауып жүрген үш агрегет көрінді. Абұйыр болғанда, олар бері қарай келе жатыр екен. Жүгерішілерді танап шетінде күттік. Ең соңғы “Беларус” тракторынан Төлебай Мұстафин қарғып түсті, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Демиденко жетіп барып, оны құшақтай алды.
– Жолдас хатшы, үстіңізге май жұғып қалады ғой, – деді орта бойлы, дембелше келген Төлебай Мұстафин.
– Былтыр ғана жарыс қорытындысы бойынша өзің жеңіп алған су жаңа тракторда қандай май болуы мүмкін. Оның үстіне қазір киімге қарайтын кез емес, ауа райының осындай қолайлы сәттерін тиімді пайдаланып, өсірілгеннің бәрін күзгі суыққа қалдырмай, ысырапсыз жинап алуымыз керек. Сонда еңбегіміз еш болмайды, – деді Василий Петрович.
Содан кейін Төкең облыстық атқару комитетінің төрағасы Ніл Болатбаевқа сәлем беруге бұрылды.
– Василий Петровичтің қолтығына еніп кеттің ғой, қане екеуміз құшақтасып көрейікші, бойымыз бірдей емес пе! – деп күліп Төлебай Мұстафинді Ніл Әдіғамұлы да құшақтап жатыр.
Басшылар мен қарапайым еңбек адамының арасындағы жарасымды әзілдің соңы жұмыс барысына ойысты. Осы жерде айта кетейін, Украинадан сонау 1954 жылы Қазақстанға тың игеруге келіп, еңбек жолын қатардағы агрономнан бастап, облыс басшысына дейін көтерілген Василий Демиденконың тілімізге, дінімізге, ділімізге қиянат жасалып тұрған сол заманда адал еңбек еткен адамды ұлтына, жынысына қарамай сыйлайтын, құрметтейтін, марапатын аямайтын, лауазымын көтеретін қасиеті бар еді. Еңбек десе ерінбейтін, облыс көлемінде ғана емес, есімі бүкіл елімізге әйгілі болған даңғайыр диқан Төлебай Мұстафинді тіпті ерекше құрметтеп, өзінің жақын досындай, бауырындай санайтын. Олардың құшақтасып амандасуы да содан болатын.
Тың өлкесін құру пиғылымен облыс жабылып, қайта қалпына келтірілген 1966 жылы егін бітік шықты. Қызылжар өңірінің диқандары қамбаға 109,2 миллион пұт астық құйып, Қазақстандық миллиардқа қомақты үлес қосты. Осы толағай табысы үшін облыс сол кездегі ең жоғары награда – Ленин орденімен марапатталды. Ал жылдың қорытындысы бойынша еліміздің бірқатар еңбекшілеріне Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Солардың ішінде “Благовещенка” совхозының жүгері өсірушісі Төлебай Мұстафин де бар еді. Кеңестер одағы Жоғарғы Кеңесінің 1967 жылғы 19 сәуірдегі Жарлығымен осындай жоғары атаққа ие болған диқанның кеудесіне КПСС Орталық Комитетінің мүшесі ретінде Василий Демиденко Ленин ордені мен Алтын Жұлдызды өз қолымен қадаған болатын. Екеуінің арасындағы достық сол сәттен басталғанды.
– Жүгерінің әр гектарының түсімі қаншадан айналуда? – деп сұрады Василий Петрович.
– Үш жүз центнердің үстінде ғой, – деп күлімсірейді Төкең. Оның арық айтып, семіз шығатынын білетін бірінші хатшы:
– Жарайсың, Төлебай! Ісіңе сәттілік тілеймін! – деп арқасынан қақты.
Иә, қандай шаруа атқарса да Төкеңнің ісі сәтті болатын. Соның арқасында бір басына атақ-даңқы жетіп жығылатын. Ол бұған дейін екі мәрте Ленин орденімен, бірнеше медальмен марапатталған, “Қазақ КСР ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер” атағы тағы бар. КПСС-тің XXV съезіне Қазақстан атынан делегат болып қатысқан. Бұдан басқа, Мәскеуге талай рет барып, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесін тамашалаған.
Сол жылдары облыста егіншілік мәдениетін арттыруға ерекше мән берілетін. Қардың шеті сөгіліп, жер қарайысымен Петропавлға көршілес Қорған облысының “Заветы Ильича” колхозының агрономы Терентий Мальцевты шақырып, үлкен жиын өткізіліп, онда егіншілерге сол жылдың ерекшелігіне қарай тұқым себудің мерзімі мен тәсілдері жөнінде ұсыныс қабылданатын. Сондай алқалы жиындарда атақты ғалым біздің өңірдің диқандарымен өз тәжірибесімен бөлісетін.
– Егер егіннен мол өнім алғыларың келсе жазғытұрым танап басына барып, аяқ киімдеріңді шешіп, қара жерде жалаңаяқ жүріп көріңдер, сонда топырақтың қызған-қызбағанын білесіңдер. Топырақ қызбай сіңірілген дән суық жерде дұрыс өсіп-өнбейді, – деген сөздерін талай естігенбіз.
Төлебай Мұстафин тәжірибелі агрономның осы ақыл-кеңесін үнемі жадында ұстап, іс жүзінде қолданатын. Ол кезде жүгері өсіруге жаппай бет бұрылған еді. Малдың тез семіруіне, әсіресе сауын сиырларының сүтін арттыруға әсері орасан зор екені тәжірибеде дәлелденген болатын. Бірақ жүгері – су мен ыстықты жақсы көретін дақыл. Ал біздің Солтүстік өңірдің ауа райы құбылмалы емес пе? Оның үстіне бұл дақылды топыраққа шаршы ұялап себу қажет екен. Ол үшін танаптың бір басынан екінші шетіне дейін арнайы сым тарту керек. Бойында түйіршіктері бар сымның бойымен жүріп отыратын сеялка дәнді топыраққа арақашықтығын бірдей етіп сіңіріп отырады. Бұл – бір машақаты көп жұмыс.
Кеңшар басшылығы осындай қиын жұмысты тәжірибелі диқан Төлебай Мұстафинге тапсырады. Ол жүгеріні бір-екі жыл осылай сеуіп көріп еді, нәтиже онша бола қоймады. Содан кейін машақатқа түспей-ақ, кәдімгі астық өсіретіндей етіп сеуіп, топырақта ылғал сақтау үшін уақытында қатараралық өңдеу жүргізу арқылы егін шығымдылығын арттыруға қол жеткізді. Жыл сайын ауа райына қарамастан әр гектардан 260-350 центнерден өнім жинап отырды. Бұл – облыстағы ең жоғары көрсеткіш.
– Биылғы көктемдегі әңгіме есіңде ме? – дейді Василий Петрович.
– Әрине, есімде, бүгін мына танаптағы жүгеріні үшеулеп жинап бітіреміз. Сонда бір ғана алқап қалады. Оны балаларым өздері-ақ жинап алады. Бозқырау түсетін күн әлі алыс. Оған дейін үлгереміз. Ертеңнен бастап-ақ астық бастыруға ауысам. Комбайным дайын тұр, – дейді Төкең.
Біз танап басында аз ғана уақыт болдық та, Төлебай Мұстафинмен қоштасып басқа жаққа бет алдық. Орақтың қызған шағында диқандарға әр минут қымбат. Облыс басшысы мен диқан арасындағы әңгіменің мәнісі былай болатын. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да көктемде облыс диқандары бас қосып, ауа райының, жердегі ылғалдың жағдайына байланысты тұқым себу мерзімі мен тәсілдері жөнінде ақылдасқан. Сонда Төлебай Мұстафин өз ойын ортаға салып, алдағы жоспарын айтқан.
– Мен 1929 жылы Преснов ауданындағы Кенже ауылында дүниеге келдім, – деп бастап еді Төкең сөзін, – ауылымыз ыдырап кетті, Богдановка деген ауылға көшуге мәжбүр болдық. Балалық шағым ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы жылдарына дөп келді де, аштықты да таршылықты да бастан кешірдік. Өгізбен, сиырмен егін септік, лабогрейкамен астық жинадық. Сөйтіп майданға астық жөнелтіп отырдық. Әрине, ол кезде техника жоқ, бәрі қолмен атқарылады, жерде не өніп шықса, соған қанағат тұтамыз. Ал қазір техника жеткілікті, мамандар бар, неге егін шығымдылығына мән бермейміз. Оны айтып отырғаным, жуырда Мәскеуде Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде болдым. Украинадан келген диқандар бір маусымда қырық мың центнерден кем астық бастырмайды екен. Біз болсақ, он-он екі мың центнерді рекорд санаймыз. Оның мәнісі – бізде егін шығымдылығы әлі де болса төмен, комбайнмен қаншама алқаптың егінін орсақ та, түсімі аз болғандықтан бункер тез тола қоймайды. Ал Украинада әр гектардан кемінде 40 центнерден астық жиналады екен, – деді.
– Украинада негізінен күздік бидай өсіріледі ғой, оның шығымдылығы да жоғары, – деп қалды кеңеске қатысып отырғандардың бірі.
– Төлебай дұрыс айтады, сөзін бөлмеңдер. Сендерге бетке айтқан сын ұнамай ма? – деп сөзге Василий Петрович араласты. – Біз әлі егіншілік мәдениетін ойдағыдай дәрежеге көтере алмай келеміз. Ауыспалы егіс жүйесі барлық жерде бірдей сақтала бермейді. Парға қалтырылған алқапқа біржылдық шөп сеуіп тастайсыңдар. Ондай жер тыныға ма? Егін көктегеннен кейін танаптарды тексеріп, “Сапа белгісін” берер кезде тұқым сіңірілмей қалған жерлердің кездесетініне не дейміз? Ал Төлебай болса жүгері себетін алқапты үнемі ауыстырып отырады. Дақылдарды алмастырып себу де шығымдылықты арттыратынын тәжірибе көрсетіп отырған жоқ па? Төлебай жүгеріні қолайлы мерзімде себеді, сапалы өңдейді, бітік шыққан өнімді уақытында жинап алады. Сосын астық комбайнына отырып, дән жинауға кіріседі. Биыл да солай істейсің бе, Төлебай?
– Иә, солай істеймін. Биыл ауа райы қолайлы. Тұқымды дер кезінде сіңірсек шығымдылық жаман болмас, – деп тоқтады Төлебай Мұстафин.
Облыс басшысының жүгері алқабының басында сұрап тұрғаны осы мәселе еді. Төлебайдың еңбекқорлығын бөлімше басқарушысы Александр Сорокотяга да ауыз толтырып айтқан. Оның сөзінше, Төлебай Мұстафин балалары Есләм мен Дәукенді де қасына ертіп алып, астық бастыруға кіріседі екен. Тіпті, кей жылдары көршілес Майбалық, Талпын, Амангелді, Айымжан сияқты ауылдардың диқандарына да көмекке баратын көрінеді.
– Төлебайдың қашан ұйықтайтынын білмеймін, – дейтін Александр Петрович. – Өзінде жан жоқ шығар деп ойлаймын. Олай дейтінім, қыс демей, жаз демей, ауа райының жағдайына, күннің, не түннің қай уағы екеніне қарамайды, қысылған адамға қол ұшын беруден қашпайды. Кейде бір әйел босана алмай жатса аудан орталығына апаруға тура келеді, енді бірде машинам батып тұр деп келетіндер де кездеседі. Терезені қақсақ болғаны, ештеңе сұрамай-ақ тез киініп, “Беларусын” тұтата бастайды. Осындай елгезектігімен, қарапайымдылығымен ауылдастарына сыйлы. Мұндай адамға Еңбек Ері атағын бірнеше мәрте берсе де аз емес.
Төлебай Мұстафиннің кімге болсын қол ұшын созып, қайырымды болуына жастық шағындағы тұрмыс қиындығы әсер еткен болар, сірә! Әкесі Әмірхан колхоздың малын бақса, шешесі Күмбөпе үй шаруасымен айналысқан. Соғыс жылдарындағы және одан кейінгі қиын-қыстау кезде бұғаналары қата қоймаған екі ұл – Бағыт пен Төлебайға ересектермен, жесір әйелдермен бірге колхоздың ауыр жұмысын істеуге тура келген. Төлебай орысша бір сөз білмесе де сол кездегі Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) ауданының Надежка селосына барып, тракторшылар даярлайтын курста оқыған. Соғыстан кейінгі жылдары алғашында Преснов, одан кейін Благовещенка машина-трактор стансаларында механизатор болып істеген.
Міне, осы жылдарда жинақтаған мол тәжірибесін ол жастарға, әсіресе өз балаларына үйретуді парызым деп санады. Алғашында қос ұлы Есләм мен Дәукенді қиындығы мен қызығы, ерінбей еңбек етсең пайдасы мол, абыройы зор диқандық мамандыққа баулыса, артынан бірінен соң бірі дүниеге келген Орынбай, Оразымбек, Ораз деп азан шақыртып ат қойған балаларын да жанына ертіп алды. Бертін келе Кеңес одағының шаңырағы ортасына түсіп, еліміз егемендік алысымен Мұстафиндер әулеті жеке шаруа қожалығын құрды.
– Әкемнің көзі тірісінде бес баласы қосылып “Төлебай” шаруа қожалығын құрып едік, менен басқасы әр жаққа көшіп кетті де кәсібіміз тоқтап қалды. Әкем 2007 жылы 78 жасында, шешем Бибіғали Шаяханқызы биыл 86 жасында дүниеден өтті. Балаларының ішіндегі ең кенжесі болғасын мен қарашаңыраққа ие болып, ешқайда қозғалмай отырмын, – дейді Ораз Төлебайұлы. Бұрын аудандағы іргелі ауылдардың бірінен саналатын Богдановкада қазір он шақты ғана отбасы түтін түтетіп отыр екен. Ораз Төлебайұлының айтуына қарағанда, ауылға екі жаңа үй салыныпты. Баспаналар оңтүстіктен көшіп келетін отбасыларына берілмек. Сөйте-сөйте, ауыл бұрынғысынша гүлденіп кетер деген үміттері бар. Төкеңнің кенжесі ауылда жұмыс жоқ деп қол қусырып отыруды білмейді. Қызының атын қойып, “Айсұлу” деп ашқан шағын шаруа қожалығы бар. Зайыбы Жанна Қосманқызы болса ауылда су тарату қосынында еңбек етеді. Ұлы Азамат Талдықорғанда әскери қызметте болса, қызы Айсұлу Қарағандыда заңгердің оқуын оқып жатқан көрінеді.
Төлебай Мұстафиннен тараған бес ұл мен үш қыздың екеуі бұл дүниеде жоқ, қалған алтауы қазір кең-байтақ еліміздің әр жерінде тұрып жатыр. Олар шалғайда жүрсе де кіндік қандары тамған жерлерін ұмытпайды. Көктемгі егіс, күзгі орақ кезінде Богдановкаға келіп, әкелерінің кенжесі, шаңырақ иесі Ораз Төлебайұлының шаруа қожалығының науқандық жұмыстарына қолғабыс етеді екен. “Бұл бір жағынан – маған көмек болса, екінші жағынан басымыздың қосылуына, әке-шешеміздің, бақилық болған басқа да бауырларымыздың жатқан жерлеріне барып, олардың аруақтарына тағзым етуімізге себеп қой”, – дейді Ораз Төлебайұлы.
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.