Мектеп – келешек ел мен жер басқарар, халқының мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды тәрбиелейтін киелі де қасиетті ұя. Сол мектептің негізгі тірегі – білімді де білікті ұстаз. Қазіргі заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамыту, білім бәйгесінде, дүбірлі жарыстарда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығару – осы ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі.
Білімнің қиын да киелі жолына ел тәуелсіздігімен бірге қадам басқан Айгүл Сарбасова тынымсыз еңбек пен толассыз ізденістен жалықпай, нәтижелі табыстарға жетіп келеді. Бостандық орта мектебінің директоры, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің жоғары санатты мұғалімі бола жүріп, өзінің бойындағы ұстаздық шеберлігін оқушының білімге қызығушылығын арттыруға бағыттайды. Сүйікті кәсібіне жан-тәнімен берілген Айгүл Қинуарбекқызы жүрек жылылығын, мерейлі шуағын, адамгершілік ұлылығын шәкірттерінің бойына дарытып, баланы өз әлеміне баурай біледі.
“Қыран бүркіт не алмайды салса баптап” деп Абай атамыз айтпақшы, Айгүл Қинуарбекқызы әрбір шәкіртіне ерекше баппен қарауының арқасында тасы өрге домалап, оқушылары жыл сайын Ұлттық бірыңғай тестілеуден ауданда – бірінші, облыста алдыңғы орындардан көрінуде. Нәтижесінде шәкірттерінің барлығы дерлік жоғары оқу орындарына түсіп, болашақ өмірге жолдама алды.
– Оқыту мен тәрбиелеу барысында шәкіртіңнің кішкентай болса да әрбір жетістігіне қуана білу және оны әрдайым мақтап, мадақтап отыру – баланы өсірудің тамаша бір жолы, – дейтін Айгүл Сарбасова өзінің жылдар бойғы жинақтаған тәжірибесімен аудан, облыс көлеміндегі әріптестерімен бөлісіп, жас мамандардың шеберліктерін шыңдаудан жалықпайды.
Оның алдынан тәлім-тәрбие көрген, Бостандық орта мектебінен үлкен өмірге жолдама алған төрт студент Еуразия Ұлттық университетін қызыл дипломмен тамамдап, қазіргі уақытта беделді қызмет атқаруда. Мектебіміздің мерейін асырған кешегі оқушымыз Санжар Сабыр облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардың жүлделеріне ие болып, грант иегері атанды.
“Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі” деген Абай даналығын шәкірттерінің санасына сіңіре білген Айгүл Қинуарбекқызының тағы бір топ түлектері Бәтима Көбегенова, Балдырған Қаллиоллаева – Польшада, Гүлмира Шоқтыбаева – Шотландияда, Тоғжан Мурсалимова Челябі қаласында білім алуда. Шәкірт бойында оянған білімге құштарлығы енді тұтанған шырақ секілді. Тек сол шырақты сөндіріп алмау маңызды.
“Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіз” деген екен кезінде белгілі ғалым Қаныш Сәтбаев. Айгүл Қинуарбекқызының тынымсыз еңбегі мен ізденісі, талантты да дарынды шәкірттерді тәрбиелеудегі еңбегі нәтижесіз емес. Мамлют ауданының құрметті азаматы атағының иегері Айгүл Сарбасова 2014 жылы “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісімен марапатталған болатын. Биылғы ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен білім беруге сіңірген еңбегі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен “Шапағат” медалімен марапатталды.
Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының “Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”, – деген ұлағаты бар саналы ғұмырын, жастық жалыны мен күш-қайратын, терең де телегей білімін шәкірттеріне арнаған Айгүл Қинуарбекқызына, барша ұстаздар қауымына берілген баға.
Баян ЗАРИНА,
Бостандық орта мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Мамлют ауданы.