«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕККЕ БЕРІЛГЕН БАҒА

Жақында Мамлютка қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтіп, ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапатталды. Мерекелік жиынға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмәди Сарбасов қатысты.

Мерекелік шара елімізде мекендейтін этностардың салт-дәстүрін дәріптеген тамаша көрмеден басталды. Астаналық меймандар түрлі қолөнер бұйымдарын тамашалап, дастарқанға қойылған тағамдардан дәм татты. Жиынның салтанатты бөлігінде Ақмәди Сарбасов 25 жылдың ішінде Қазақстанның экономикасы қарқынды дамып келе жатқандығын тілге тиек ете отырып, соңғы жылдары қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту үшін мемлекеттің бөлетін қаржысы 5 есе өскенін, халықтың өмір сүру жасы 4,4 жылға ұзарғандығын айтты.

Ауданның дамуына, еліміздің гүлденуіне күш-жігерлерін аямай еңбек еткен, жастарға өнегелік істерінің ізін қалдырған үш ақсақал “Мамлют ауданының құрметті азаматы” атанды. Зейнет жасына жетсе де, қоғамдық жұмыстардан тартынбайтын Аманжол Нұртаев – солардың бірі. Ол – облыстық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі. “Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Мамлют ауданының құрметті азаматы атағын алып отырмын. Еңбегіңнің бағаланғандығы зая өмір сүрмегендігімді білдіреді. Бұл менің ғана емес, 28 жыл бірге еңбек еткен қатарластарымның еңбегіне берілген баға деп білемін”, – дейді ол.

Тоғжан АҚМАҒАМБЕТОВА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp