Бүгiнгi таңда елімізде жұмыссыздар санын азайтудың түрлi жолдары қарастырылуда. Елбасы да жұмыссыздар санының көбеюiнен коғамның әлсiрейтiнiн баса айтып, тиiстi органдарға нақты тапсырмалар берген болатын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Үкімет үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын” ұсынды. Еліміздегі тоғыз миллиондай экономикалық тұрғыдан белсенді адамның шамамен 810 мыңы жұмыссыз екенін ескерсек, бұл бағдарламаның тиімділігі зор болмақ. Әрі орта біліммен ғана шектелгендердің жұмыс табу мүмкіндігі де кеңейеді.
Аталған бағдарлама аясында Қызылжар ауданында тұрақты және тұрақты емес 1 694 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі күні ауылдық округтерде 554 адам жұмыспен қамтылды. Ал бұл бағдарлама бойынша оқуға жіберілгендердің алғашқы легі шілде айында толыққанды маман ретінде оралады.
Шағын және орта кәсіпкерлік ел экономикасының негізгі тірегі екені белгілі. Ендеше, жұмыссыздық мәселесін шешудің және халықтың әлеуетін көтерудің де ең тиімді жолы – кәсіпкерлікті дамыту. Бұл жұмыс ауданымызда оңтайлы жүзеге асырылуда. Мәселен, өткен жылы 29 қызылжарлық “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 82,5 млн. теңгенің несиесін алды. Ал жыл басынан бері қаржылық қолдау қоры арқылы өз істерін кеңейтуге және ашуға 73 адам ниет білдірсе, 11 адамның құжаттары қабылданды. Бұл қаржының көлемі 54 миллион 500 мың теңгені құрап отыр. Бүгінде бағдарлама аясында беріліп келген шағын несиенің көлемі 3 млн. теңгеден 18 млн. теңгеге дейін ұлғайған. Небәрі алты пайызбен берілетін бұл несие – кәсібін дамытушыларға зор қолдау. Ал мұндай қаржылық қолдауға ие болу үшін мал және егін шаруашылығымен айналысқысы келген адамдар “Бизнес Бастау” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқып, арнайы сертификат алуы тиіс.
Сонымен қатар пробациялық қызметте есепте тұрған тұлғаларға да бос жұмыс орындарын ұсынамыз. Оларға екінші мүмкіндік беріп, кәсіби мамандыққа оқуға жібереміз және қоғамдық жұмыстарға тартамыз. Аудан бойынша жыл басынан бері мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыққан 32 адам жұмыссыз ретінде тіркелді. Жеке бағдарламамен 19 адам жұмыс тапса, оның ішінде екі адам электрик және механик мамандықтары бойынша қайта даярлау курсына оқуға жіберілді. Десек те, кейбір адамдар біз ұсынған жұмыс орындарына барудан бас тартады. Жалқаулыққа бой алдырған олар маскүнемдікке салынып, отбасына да, қоғамға да зиянын тигізетіні түсінікті.
Біздің ауданның тұрғындарында осындай таңдау болса, еліміздің тығыз орналасқан аймақтарында өмір сүретіндер жұмысқа зәру. Мәселен, оңтүстік өңірде балабақша, мектептерде орын тапшы, жұмыссыздық деңгейі жоғары. Ал бізде қалаға жаппай көшудің салдарынан елді мекендер бос қалуда. Сондықтан ауданымызда оңтүстік халқын солтүстікке қоныстандыру бағдарламасын жүзеге асыру биыл да жалғасады. Өткен жылы еңбек ресурстарын аймақтарда тиімді пайдаланып, демографиялық теңдікті сақтауға бағытталған бағдарлама барысында аудандағы елді мекендерге 16 отбасы көшіп келді. Бұл отбасыларға 5 миллион 705 мың теңге көмек-қаржы берілді.
Бүгінде Соколовка, Қызылжар, Архангелка ауылдық округтерінде жалпы саны – 10, Бугровое, Рассвет, Налобино, Вагулино, Березовка, Петерфельд округтерінде бір отбасыдан қоныстанды. Бұл отбасылардың барлығына әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, тиісті көмектер көрсетілді. Мамандықтарына байланысты мүмкіндігінше жұмыспен қамтылды, мектеп жасындағы балалары білім беру ұйымдарына қабылданды. Көшіп келген ағайындар солтүстіктің қатал табиғатына көндіксе, құнарлы топырақта мал өсіріп, егін салуға болатынын жақсы түсінеді.
Жуырда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы және Қызылжар, Налобино, Березовка ауылдық округтерінің әкімдері Шымкент облысының төрт ауданына барып қайтты. Тығыз қоныстанған елді мекендердің тұрғындарын біздің ауданымыздың әр округтеріндегі шаруашылық құрылымдары, әлеуметтік орындары жайлы толық мағлұмат берді. Нәтижесінде 10 отбасы көшіп келуге ниетті екендіктерін білдірген. Бүгінде олардың екеуі көштің басы болып ауданымызға табан тіреді.
Жалпы жергілікті жерлерде жұмыссыздық деңгейін азайту ауыл әкімінің ұйымдастырушылық қабілетіне және халықтың іс-әрекетіне тікелей байланысты. Жұмысқа қабілетті адамдар саны басым округтер қатарына Архангелка, Асаново, Бескөл, Қызылжар, Петерфельд, Прибрежный, Соколовка, Якорь, Рощинск, Новоникольск ауылдары жатады. Соған қарамастан Асаново, Новоникольск, Петерфельд, Рощинск ауылдық округтерінде жұмыспен қамту төмен деңгейде жүргізілуде. Көп мәселе тұрғындардың еңбекқорлығына да байланысты. Ол өзі және отбасы үшін еңбек етуі тиіс. Әр адам болашағына жоспар құрып, көздеген мақсаттарына жетуге тырысса, кез келген жұмыстан бас тартпай, оны табыс көзіне айналдырары сөзсіз. Бұған дейінгі “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы мамандардың жұмысқа орналасуына едәуір септігін тигізген еді. Оның жалғасы болып табылатын жаңа жоба халыққа одан да зор игілігін көрсетеді деген сенімім мол.
Раушан ТИКИБАЕВА,
Қызылжар аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры.
Қызылжар ауданы.