Биыл Солтүстік Қазақстан облысының шаңырақ көтергеніне 80 жыл толды. Осы уақыт ішінде ардагер акушер-гинеколог Тамара Патютко сынды майталман мамандардың арқасында аймақтың денсаулық сақтау саласы да дамып, жаңа биіктерге көтерілді. Ол жас мамандарға өз тәжірибесін үйретуден жалығар емес.
Тамара Евстафьевна өңіріміз құрылған алғашқы жылдарды тебірене еске алады. “Денсаулық сақтау саласы бұл кезеңде баяу дамыды. Облысымызда небәрі үш аурухана мен киіз үй түріндегі көшпелі екі фельдшерлік пункт жұмыс істеді. Онда 16 дәрігер, 10 фельдшер мен 6 акушер еңбек еткен. Қала дәрігері тәулігіне 100 адамнан қабылдап, дамыл таппайтын”, – дейді ол.
Осындай күрделі жағдай біраз жылдарға созылғанымен, әрі медицина саласы баяу дамығанымен, сол кездің ақхалатты абзал жандары өздігінен ізденуге, көп білуге құмар болыпты. Тамара Патютко облысымызға көшіп келген тың игеру жылдары осындай өз ісінің білгірлерімен қатарлас еңбек еткенін бақытына балайды. Еліміздің экономикасы нығайған сайын денсаулық сақтау саласына да көп көңіл бөлінеді. Петропавлда жаңа ауруханалар мен емдеу мекемелері бой көтеріп, аға буын дәрігерлер жастарға қамқорлық танытып, тәжірибелерімен бөліседі.
Жас маман Тамара Евстафьевна жұбайы оташы Владимир Патюткомен бұрынғы Марьев орталық аудандық ауруханасына қызметке алынғанда, олардың қуанышында шек болмайды. Ардагер сол сәтті былай деп еске түсіреді: “Тың игеру – бұл біртұтас кезең. Бос жерлерде “Докучаев”, “Целинный” сынды алып шаруашылықтар, Хрущев атындағы ұжымшар, тағы басқа кәсіпорындар құрылды. Тусырап бос жатқан дала астықты өлкеге айналды. Аз уақыт ішінде тұрғындар саны біршама артып, жаңа отбасылар құрылды.
Көп ұзамай, Патютколар отбасы облыс орталығына қоныс аударып, Тамара Евстафьевна перзентхананың бас дәрігері болып тағайындалады. Еңбек өтілі бес жылдан аспаған жас маман үшін бұл қызмет ауыр болғанымен, жастықтың жалынымен барлық міндеттерді ойдағыдай атқара біледі. “Ол кезде перзентханаға қаламен бірге елді мекендерден де босанатын әйелдер жеткізілетін. Олардың және сәбилердің денсаулығын сақтау міндетінен басқа маған шаруашылық, әкімшілік істерді жүргізу керек болды. Бақытыма орай, қызметкерлермен қоян-қолтық еңбек еттім. Солардың көмегімен ана мен бала саулығы сақталып, Л.Стрижак, Л.Ануфриева, Л.Яросевич, С.Шүкенова сынды білікті дәрігерлер қатары қалыптасты”, – дейді еңбек ардагері.
Гүлбике КУБЕНОВА.