«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢСЕЛІ ЕЛОРДА

Егемендігіміздің жемісінің бірі – көркіне көз тоймайтын елордамыз Астана. Биыл ел болып, Есілдің бойында бой көтерген еңсесі биік елордамыздың жиырма жылдығын атап өттік. Осы атаулы күнге орай бірқатар азаматтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен “Астана – 20 жыл” мерейтойлық медалімен марапатталған болатын. Солардың қатарынан табылғаным – мен үшін үлкен мақтаныш.

Астанамыз көз алдымызда көркейіп келеді. Сондай-ақ, азат елдің ақ ордасы, арман қала – Астананың дербес елімнің тәуелсіздігінің жемісі екендігін айқындайтын дәлелдің бірі әлемдік деңгейдегі сәулет кешендерінің бой көтеруінде деп ойлаймын. Олардың әрқайсысының қайталанбас ерекшелігі бірегей тарихы бар. Соның ішінде өзіміз барған сайын көзбен көріп, әдемілігіне таңданып қайтатын ғимараттарға тоқталып өтсем деймін. Елорданың символына айналған “Бәйтеректің” орны қашанда ерекше! Күн сәулесінің түсуіне байланысты оның түсі құбылып тұрады. “Хан Шатыр” сауда және ойын-сауық кешені Астана қаласының 12 жылдық мерейтойына орай 2010 жылы ашылған еді. Тұғырлы кешеннің биіктігі 200 метрді құрайды. Әйгілі сәулетші Норман Фостердің қиялынан туған сәулет ғажайыбы Орталық Азиядағы баламасыз әрі ең ірі архитектуралық жоба болып табылады. Тағы бір атап өтетін жайт, “Хан Шатыр” “Forbes Style” журналының нұсқасы бойынша әлемнің ең үздік он экоғимаратының тізіміне енді.

Астанадағы көз тартарлық зәулім нысандардың бірі – әртүрлі биіктіктегі көп қабатты үйлерден құралған “Меруертті мекен” кешені. Ассиметриялығымен ерекшеленетін кешеннің 37, 40 және 53 қабатты үйлері бар. “Хайтек” стилінде жасалған 180 метрлік “Солтүстік шұғыласы” тұрғын үй кешені, 2003 жылы қолданысқа берілген “Transport tower” ғимараты – Астанадағы ең әдемі нысандардың қатарында. Диаметрі 80, биіктігі 100 метрді құрайтын әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат “Нұр Әлем” сферасы “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінің ашылуында пайдалануға берілген болатын. Жақында ашылса да, оған туристер қызығушылық танытып отыр. Ғимараттың бірінші қабатында Қазақстанның павильоны орналасса, сфераның ішінде болашақ мұражайы бар. “Нұр Әлем” көрме өткеннен кейін маңызды зерттеу және мәдени орталыққа айналды. Елордамыздың көркін ашқан келесі ғимараттың бірі қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері мен ұлттық нақыштағы сәндік элементтері қолданыла отырып, классикалық ислам үлгісінде салынған “Әзірет сұлтан” мешіті. Астанаға саяхаттап барған адам бұл мешітке де соқпай кетпейді.

Бүгінде Астанамыз әлемдік, іскерлік байланыстың күретамырына айналып отыр. Астананың әлемдік аренаға шығуына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі зор. Себебі Елбасының қолдауымен елордамызда халықаралық маңызы бар алуан түрлі іс-шаралар өтіп жатады.

Сонымен қатар Астанамыздың 1999 жылы “ЮНЕСКО” шешімімен “Әлем қаласы” атануы, 2012 жылы ТМД елдерінің “Мәдени астанасы” құрметіне ие болуы – елордамыздың басты игіліктерінің бірі. Жиырма жылдық тарихы бар әсем қаламыздың аз уақыт ішінде жоғары деңгейге көтерілуі, әрине, Елбасымыз бен тәуелсіз қазақ елінің арқасында екендігіне ешкімнің таласы жоқ шығар.

Нәжиба АҚҚОЖИНА, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp