«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢСЕСІН ТІКТЕГЕН ЕЛДІ МЕКЕНДЕР

Соңғы жылдары түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып, аграрлық сектор қарқынды дамуда, нәтижесінде ауылдықтардың жағдайы жақсара түскені белгілі. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020”, “Сыбаға” бағдарламалары экономикалық дағдарысқа төтеп берудің тиімді тетігіне айналды. 2011 жылы қолға алынған бұл жобалардың көмегіне жүгінгендердің қатары уақыт озған сайын қалыңдай түсуде.

Айыртау ауданындағы Қаратал ауылдық округіне қарасты бес елді мекеннің тұрғындары да мемлекеттік бағдарламалардың ризығын көріп отыр. “Сыбаға” бағдарламасы мал өсіремін деген ағайынға мол мүмкіндік берді. Мәселен, “Тамыр” шаруа қожалығы былтыр 30 ақ бас сиыр мен бір бұқа сатып алды. “Саяжан” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 5 миллион 270 мың теңгеге несие рәсімдеп, табынға 11 бас асылтұқымды бұқа қосты. Мал шаруашылығын дамыту мақсатымен мемлекет көмегіне жүгінген тағы бір кооператив – “Шүкірлік” “Сыбаға” арқылы – 1 миллион теңге, “Темір” шаруа қожалығы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 2 миллион теңге несиесін рәсімдеп, түлігінің санын көбейтті”, – деді Қаратал ауылдық округінің әкімі Ардақ Дауылбаев. Жалпы округ бойынша ірі қараның саны 1537 бас болса, 1277 жылқы, 4673 қой мен ешкі бар.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға зор көңіл бөліп отырған округтің аумағы – 45146 гектар. Оның 13562 гектары егістік жер болса, 14386-да төрт түлік өрісін табуда. Мұнда егіншілікпен “Жер-Ана”, “Шаңғал”, “Агро-Граунд” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, сондай-ақ, 16 шаруа және фермерлік қожалық айналысады. Осы тұста айта кетерлігі, бұл кәсіпорындар ауылдық округтің 70-ке жуық тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Олардың өнікті жұмыс істеуінің арқасында былтыр егін бітік шығып, гектар шығымдылығы орта есеппен 16 центнерді құраған. Осылайша, жерді еміп, жемісін теріп жүрген бес ауылдың ахуалы көңіл қуантады.

– Біз әр ауылға бірдей көңіл бөлеміз. Мемлекеттен бөлінген қаржыны рет-ретімен жұмсаймыз. Мәселен, өткен жылы республикалық бюджеттен Қаратал ауылының ішкі жолдарын жөндеу жұмыстырына 7 миллион 895 мың, Қаратал – Саумалкөл бағытындағы жолды жөндеуге – 7 миллион 300 мың, Шүкірлік ауылындағы балалар ауласына 700 мың теңге бағытталды. Ал округ бойынша қоқыс төгетін орындарды жөндеуге – 100 мың, ағаш, гүл отырғызуға, ескерткіштерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге 154 мың теңге бөлінді. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа Қаратал орта мектебінің қазандығын сыртқа шығардық, – деді Ардақ Дауылбаев.

Бүгінде талай ауылдың түйінді мәселесіне айналған таза ауызсу округте оңтайлы шешілген. Қаратал ауылына биыл “Ақ бұлақ” бағдарламасы арқылы су құбырын тарту жоспарланған.

Қазір округ бойынша халықты азық-түлік өнімдерімен және шаруашылық тауарларымен қамтамасыз ететін 6 дүкен жұмыс істейді, оның үшеуі – Қараталда, екеуі – Шүкірлікте, біреуі – Высокое ауылында. Ал “Жер-Ана” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл тұрғындарын бағасы 55 теңгелік арзан нанмен қамтамасыз етіп отыр.

Өскелең ұрпақты оқыту және тәрбиелеу мәселесі округте өзекті болып тұр. Өйткені, бүгінде мұнда Қаратал ауылындағы орта мектеп пен Шүкірліктегі негізгі мектептен басқа оқу орны жоқ. Бұл – оқушы санының аздығының салдары. Соған қарамастан, екі мектепте де кітапхана мен компьютер сыныптары бар. Сондай-ақ, шағын орталықтар да ашылыпты. Біріншісінде – 15, екіншісінде 9 балғын мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған.

Округте жастардың дене шынықтыру мен спортпен айналысуларына ерекше көңіл бөлінген. Қаратал мен Шүкірлік ауылдарында спорт залдары мен футбол, баскетбол алаңдары, мұз айдыны бар. Ұдайы жаттығып жүрген оқушылар түрлі аудандық шараларға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде.

Десек те, округте жол мәселесінің күрмеуі шешілмей келеді. Қаратал ауылдық округінің әкімі Ардақ Дауылбаев: “Үстіміздегі жылға округке аудандық бюджеттен жолды күтіп ұстауға, көшелерді жарықтандыру мен көгалдандыруға 1 миллион 50 мың теңге бөлінді”, – деп бұл ретте алдағы күндері ауқымды істер атқарылатынына сенім білдірді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp