«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗА ҚАТАЙҒАН СОҢ жолдағы тәртіп түзеле бастағандай

Өткен жылдың 1 қарашасынан бастап елімізде әмбебап полиция құрылып, бір жол полициясы және екі патрульдік полиция қызметкерлерінен құралған экипаждар өз қызметтеріне кірісті. Нәтиже көп күттірмеді. “Қызылжардың көшелерінде қайтсек тәртіп орнатамыз, жол ережесін бұзушыларды қалай тізгіндейміз?” деген әмбебап полицейлер жыл басынан бері облыс аумағында 34 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегін тіркепті. Бүгінде 200-ден астам жол-патрульдік полиция қызметкері облыс орталығының көшелерінде қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережелерінің орындалуын бақыласа, 150-ден астам солтүстікқазақстандық полицей қала сыртындағы тас жолдардағы қауіпсіздікті қадағалап, “Рубеж” бақылау-өткізу пунктерінде міндеттерін атқаруда.

Бүгінде жол ережесіне қатысты 1720 іс сот қарауына жолданып, 372 құқық бұзушыға 160 миллион теңгенің айыппұлы салынып, 322 адам әкімшілік қамауға алыныпты. Облыстық ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Рақымжанов 30 сәуірден бастап жол ережесін бұзғандарға қатысты қолданылатын жаза туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.

– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі өзгерістерге сәйкес енді көлікті мас күйінде жүргізген жүргізушілер 3 жылға дейін рулден шеттетілмек. Егер көлік жүргізушісі өрескел заң бұзушылықты екінші рет қайталаса, жүргізуші куәлігінен 6 жылға айырылады және 20 тәулікке қамалатын болады. Ал егер жүргізу құқығынан айырылу мерзімі аяқталмай, үшінші рет мас күйінде рулге отырып, полицейлердің құрығына түссе, онда көлік жүргізу куәлігінен 10 жылға айырылып, 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынады, – дейді Бауыржан Мырзабайұлы.  

Облыс жолдарында 100 мыңнан астам көлік жүйткиді екен. Жүргізушілердің барлығы бірдей заң талаптарын орындай бермейтіні орны толмас өкініштерге ұрындырып жатады. Әкімшілік полиция қызметкерлерінің айтуынша, ірі жол көлік оқиғалары негізінен қалада және республикалық маңызы бар тас жолдардың бойында орын алады. Жыл басынан бері облыс аумағында 93 жол-көлік оқиғасы болыпты. Соның салдарынан 13 адам көз жұмып, 110 адам түрлі дене жарақатын алған екен. Десек те былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда биыл жолкөлік оқиғалары – 15, қаза тапқандар саны – 23, жарақат алғандар 27 пайызға кеміген екен. Бұл да тәртіп сақшыларының заң талаптарын орындаудағы тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

Жауапсыздарды жүгендеудің уақыты жетті. Жылдамдық үшін де жауапкершілік күшейді. Мәселен, енді жүргізушілер белгіленген жылдамдықты сағатына он шақырымнан жиырма шақырымға асырса, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Ал сағатына жиырма шақырымға асырса, онда 15 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Белгіленген мөлшерден қырық шақырымнан асырғандарға 30 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл белгіленіп отыр. Сондай-ақ, жолдың қарсы бетіне шыққандарға да әкімшілік жазаның түрі күшейтілген.

Көліктегі мемлекеттiк тiркелген нөмір белгіcі оқылмайтын немесе стандарт талаптары бұзыла отырып орнатылған болса, жүргізушіге бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынатынын да ескеріп жүріңіз. Мемлекеттiк техникалық байқаудан өтпеген көліктер үшін де айыппұлдың мөлшері өсіп отыр. Сондай-ақ, тежегiш жүйесiнiң, рулiнiң ақауы бар көліктерді басқарғаны үшін жүргізушілерге 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатын болады.

Енді мүгедектерге арналған орындарға көлікті тоқтату немесе оны қою ережелерін бұзғаны үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни жүргізушіге бұл орайда 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл – 92 600 теңге. Егер жағдай тағы да қайталанатын болса, айыппұл мөлшері 70 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

Заңның жаңа талабы бойынша, жол-көлік оқиғасы болған жерден ізін суытқан жүргізушіні жол қауіпсіздігі басқармасы бір жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырады. Көлікті жаяу жүргіншілер жолымен немесе жол жиегіне тым тақалып жүргізсе де, жүргізушілерге қатаң әкімшілік жаза тағайындалмақ.

Бұрын ішкі істер қызметкерінің көлікті тоқтату талабын орындамағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынса, жаңа редакцияда бір жылға дейін көлік құралын жүргізу құқығынан айыру көзделген. Ал көлік басқару құқығынан айырылған тұлғаларға қатысты 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатын болады. Бір айта кетерлік жайт, полиция қызметкері көлікті тоқтатқан кезде жүргізуші мен салондағы жолаушыларға оның рұқсатынсыз сыртқа шығуға болмайды. Егер бұл талапты орындамаса, көлік иесі мен салондағы жүргізушіге 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынбақ.

– Көпшілік жүргізушілер көлік басқара отырып, ұялы байланыс арқылы сөйлесе беретін. Заңның жаңа талабы бойынша жүргізушіге телефонды немесе радиостанцияны пайдаланғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағылады. Егер бұл жағдай бір жыл ішінде екінші рет қайталанса, айыппұл көлемі де өседі. Осындай қатаңдатылған шаралар жұмысымыздың тиімділігін арттырып отыр. Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар полицияның жеке құрамына толықтай түсіндіріліп, оқу сабақтары жүргізілді, — дейді басқарма бастығы.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp