От – тілсіз жау. Жалын құшағында адамның өмірі қиылып, үлкен материалдық шығын орын алған кезде сездірмей келіп, жалмап кеткен апатқа қорқынышпен қараймыз. Алайда, адамзат мінезінің бейқамдығы сонда болар, бүгінгі үрей ертеңіне оңай ұмытылып, түрлі қиындықтарға ұрынып жатамыз. Ал төтенше оқиғалар кезінде өз жандарын шүберекке түйіп, көмекке келетін құтқарушылардың ерлік әрекеттерін оларға міндетті қызметтей бағалаймыз. Шындығында, құтқарушылық мамандықты қиындыққа белін бекем буа білетін адам ғана таңдаса керек. Петропавл қаласындағы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Рустам Абдулхановты әңгімеге тартқан кезде осы ойымыздың дұрыстығына тағы бір көз жеткізгендей болдық. Жігіт шағында өртсөндірушілер қатарына қосылған ол 21 жыл осы саланың ащы-тұщысын көріп келеді.
– Уақыт деген қас қағым сәт екен. Зейнеткерлік жасқа да жетіп қалыппын. Әскери борышымды өтеп келген соң басқа салада еңбек етіп жүргенде жолдастарымның шақыртуымен осында келген едім. Бүгінде өзімді басқа кәсіпте елестете алмаймын. Осы жылдар ішінде мамандықтың талай қиын белестерінен өтсем де, бір уақыт бұл таңдауыма күмәнданған емеспін. Мен өзімді өртсөндіруші ретінде ғана көре аламын. Тіпті, мансаптық өсу туралы әңгіме қозғалған кезде де офицерлік құрамға еніп, қағазбасты болуды көңілім қаламады. Қарамағымдағы бес адаммен бірге төтенше оқиғалардың ортасында жүріп, құтқарушылық қызмет атқарғаннан өзімді бақытты сезінемін. Бұл салада ауыр да үлкен міндетті қатардағы жауынгерлер атқарады. Сондықтан менің орным солармен бірге екенін бастапқыда-ақ шешкенмін, – дейді Рустам Ғалымжанұлы.
Бөлімше командиріне жүктелетін міндеттердің өз салмағы бар. Төтенше оқиға болып жатқан жерге жеткен кезде командир өрттің деңгейі мен ғимараттың қауіпті жерлерін анықтап, отты ауыздықтауға қанша уақыт қалғанын және оның залалын қалай азайтуға болатынын тез жоспарлап, қол астындағы бес адамға міндеттерді қас қағымда бөліп беруі керек. Әр оқиға кезінде командирдің білгірлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті сынға түседі. Өрт сөндіру ұжымдық әрекет болғандықтан, бірлесіп атқарылған жұмыстан ғана оң нәтиже шығады. Топ басшысы оқиға орнынан қайтқан жігіттерді сол бойда жинап алып, бұл күнгі жағдайда орын алған кемшіліктерді, тиімді болған әдіс-тәсілдерді талқылап, жұмыстың нәтижесін қорытындылайды. Әрбір ауыздықталған өрт оқиғасы кезіндегі қимыл-әрекеттерді пысықтағаннан кейін одан сабақ алған әр жасақ мүшесінің біліктілігі мен қабілеті шыңдала түседі. Төтенше оқиғалар кезіндегі көмек қас қағым сәтте атқарылуымен маңызды. Ондайға құтқарушы қашанда дайын болуы тиіс.
Төтенше оқиға орын алған жердің басы-қасында жүріп, ондағы адам өміріне қатысты неше түрлі қасіретті көзбен көрудің өзі адам баласына оңайға түспесі анық. Жиырма бір жыл қызыл жалынмен арпалысып келе жатқан Рустам Абдулханов бойындағы ерге тән ұстамдылық пен жігерліліктің арқасында талай өмірді құтқарып, қаншама дүние-мүлікті аман сақтап қалды. Оған қарап талайлар сап түзеді. Өртсөндірушілер көзімен көріп, көкірегін қобалжытқан әрбір төтенше оқиға кезінде шығынды мейлінше азайту үшін жанкештілік танытады. Ал кейбір оқиғалар олардың санасына өшпес із қалдырып та кетеді.
– 1996 жыл еді. Түнгі сағат бір шамасы. Біздің топ кезекшілікте. Мир көшесінің бойындағы 290-шы үйде өрт шыққаны туралы дабыл келіп түсті. Біз жеткенше онда қатты жарылыс болып, бесқабатты үйдің төбесі ортасына құлаған. Сол оқиғада 12 адам ажал құшты. Ол кезде техника бүгінгідей дамымаған, құрал-жабдықтар жетіспейді. Көп жұмысты қолмен атқаруға тура келетін. Алайда, өз-өзіңе адамдарды құтқаруға берген сертің бар. Тым болмаса бір-екі адамның өмірі жалғасса деп тілейсің. Ол кезде жас әрі тәжірибесіз де болатынмын. Құлаған тас қабырғалардың астынан адам дауысы естіліп қала ма деп елеңдеймін. Бір кезде естілер-естілмес ыңырсыған дауыс шықты. Айналаны тыныштандырып, құлағымызды түре түсеміз. Дауыстың қайдан шығып жатқанын анықтап, кесек тастарды ақырын жылжытып, астынан бір әйелді алып шықтық. Шалажансар жатқан адамды құтқарып алып, оған өмір сүруге мүмкіндік берген кезде көкірегім қуанышқа бөленді. Ал 12 адамның ажалы қатты әсер еткендігі соншалық – әлі күнге дейін ол оқиға көз алдыма елестей береді, – деді Рустам Ғалымжанұлы.
Ал бөлімше командирі қызметін 1998 жылдан бері атқарып келеді. Оның қарамағындағы талай өртсөндіруші ержүрек деп танылған. Оның жасақ құрамына келген жас жігітті ақыл-кеңесімен, талап қоюымен бір айдың ішінде сапқа қосып алатынын да білдік. Осындай сәттерде командир өзінің басшылық міндетінен гөрі әріптестік келбетін танытқаны маңызды. Өртсөндірушілердің жұмыстары қауіп-қатердің ортасында атқарылатындықтан, оған аттанған ұжымда ауызбірлік, түсіністік пен сыйластық болмаса, құтқарушылық әрекеттен қателіктер көп орын алып, істің нәтижесі төмендейтінін айтқан Рустам Ғалымжанұлы тобындағы әр адаммен әр уақытта жылы қарым-қатынас орнатуға тырысатынын жеткізді. Әріптестері де оны біліктілігі мен тәжірибелігі, жігерлілігі мен адамгершілігі үшін құрмет тұтады.
– Мен демалыста жүрген кезде алыстан өртсөндіргіш көліктің дабылын естіген кезде көңілім елеңдеп қалады. Өзім де оқиға болып жатқан жерге құстай ұшып жетіп, көмек көрсеткім келеді, – дейді бейбіт күннің батыры.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: Рустам Абдулханов.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
Петропавл қаласы.