
Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов кәсіби бокстан тұңғыш солтүстікқазақстандық әлем чемпионы Жанат Жақияновты қабылдады.
Соңғы жекпе-жегін әлемнің 18 елі тікелей эфирде көрсеткен Жанат Жақияновты облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтап, бұл үлкен жеңістердің бастамасы болсын деген тілегін білдірді.
– Соңғы кездері жерлес спортшыларымыз халықаралық сайыстарда жоғары табыстарға қол жеткізуде. Соның бір дәлелі – Жанаттың жеңісі. Облыс жұртшылығы атынан Жанатты жеңісімен құттықтап, алдағы бәсекелерде еліміздің көк туын биікке желбірете беруін тілеймін! Ал біз өз тарапымыздан қолдау көрсетуге дайынбыз, – деген Ерік Хамзаұлы ел мерейін асырған боксшыға 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.
Өз кезегінде әлем чемпионы көрсетіліп отырған құрметке алғысын білдіріп, алдағы бәсекелерде жеңіске жету үшін бар күш-жігерін аямайтындығын жеткізді.
Қабылдауда облыстық күрес федерациясының вице-президенті Бауыржан Құлжанов, олимпиадалық резервтің “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директоры Виктор Лаврик және кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Нұрпейісов сөз алып, жерлес спортшының жеңісі солтүстікқазақстандықтар үшін үлкен мерей екенін атап көрсетті.
Жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Жанат Жақиянов жеңісін Қазақстанға арнайтынын, әр жеңісі елімізді әлемдік аренада танытуға қосқан бір тамшыдай болса да үлесі екендігін тілге тиек етті.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.