
Жерлесіміз Жанат Жақиянов үстіміздегі шілде айында өзінің бұрын алған Еуропа чемпионы атағына қайта ұмтылудан бас тартып, одан гөрі жоғары мақсатқа – әлем чемпионы атануға күш салатындығын мәлімдеген болатын. Соның сәті алдағы сенбі күні түскелі тұр.
Kazsport.kz. сайтының хабарлауынша, 7 қарашада Монако князьдығының Монте-Карло қаласында жеңіл салмақ дәрежесінде (53,5 килограмға дейін) қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов (25-1, 18 КО) WBA (Interim) нұсқасы бойынша әлем чемпионы, венесуэлалық 29 жасар Йонфрес Парехомен (17-1-1, 8 КО) кездеседі. «ZZ» лақап атымен танымал жерлесіміздің оңтүстікамерикалық «Жендетпен» жұдырықтасуы Монте-Карлодағы «Salle des Etoiles» циркінің аренасында өтеді.
Бұл жекпе-жекті «KAZsport» телеарнасы сол күні Астана уақыты бойынша сағат 23.45-те тікелей эфирде көрсетпекші. 12 раундтық кездесуде Венесуэла боксшысына тиесілі WBA (Бүкіләлемдік бокс ұйымы) нұсқасы бойынша жеңіл салмақтағы (53,5 килограмға дейін) уақытша әлем чемпионы атағы бәйгеге тігіледі.
Жанат Жақияновтың жаттықтырушысы әрі промоутері – бұрынғы әлем чемпионы, британдық Рикки Хэттон.
Тағы бір айта кетерлігі, барша қазақстандық бокс жанкүйерлері тілеуін тілеп отырған даңқты жерлесіміз кеше, 4 қарашада 32 жасқа толды.
«Кез келген нұсқадағы әлем чемпионы мықты қарсылас болып табылады. Сондықтан да жекпе-жек маған оңай соқпайтыны анық. Дегенмен, мен оған алынбас қамал болуға күш саламын. Өйткені, соңғы 12 қарсыласымды нокаутпен жеңдім. Сенбі күні бұл санды 13-ке жеткізуге тиіспін.
Менің арманым – әлем чемпионы атану. Жалғыз мен ғана емес, барша қазақстандықтар да осыны тілейтіні сөзсіз. Қазақстаным мені де мақтан тұтатын болады деп сенемін», – деді Жанат Жақиянов жекпе-жек қарсаңында журналистерге берген сұхбатында.
(Өз тілшіміз).