Жоғары оқу орнын бітіріп, жолдамамен Петропавл педагогикалық институтына оқытушы болып орналасқан 1994 жылдың тамыз айынан бастап еңбекқор, өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, тағылымды да тәлімгер ұстаз Тоғжан Сауытовамен әріптес болып, бір шаңырақтың астында қызмет етіп келемін. Ұлтжанды ұстаз мен үшін қашанда сыйлы, беделді, сондай-ақ, білімнің қайнар бұлағы іспеттес.
Бір кафедрада қатар қызмет атқармасақ та, мақсатымыз бір болғандықтан, жиі әдістемелік мәселелерге қатысты ойларымызды талқылап тұратынбыз. Жас маманға ең бірінші өзіне сенім арта қарайтын, пікірін ден қойып тыңдайтын тәлімгер керек екені сөзсіз. Сондықтан да болар, Тоғжан Айдарханқызы тарапынан мен қашанда өзіме деген ыстық ықылас, сенім мен сыйластықты байқадым.
Осы жылдар ішінде Тоғжан Айдарханқызын үнемі ізденіс, оқу мен оқыту үстінде ғана көрдім. Ана тіліміз өз мәртебесін алып, төрден орнын сайлағанда, оны өзге ұлтқа оқыту әдістемесінің тиімді жолдарына, жалпы қазақ тілін оқытуды ұйымдастыру мәселелеріне қатысты көптеген тың ойлар көтерген еді. Ұлтжанды ұстаз қашанда өзінің өткір ойларын, тың да соны ізденістерін биік мінбелерден айтып жүрді. Ол кісінің тынбай еңбек етуінің арқасында қаламынан бірнеше еңбектер жарыққа шықты. Әрбір баспадан шыққан еңбегіне ерекше қуанып, кездескенде: “Нұргүл, менің кітабым шықты ғой”, – деп шабыттана айтады. Қолтаңбасын беріп, кітабын сыйға тартып жатады.
Ізденгіш ұстаз – мектеп, лицей оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған “Қазақ тілі сабақтарына әдістемелік нұсқау”, “Қазақ тілі бойынша оқу-әдістемелік кешен”, “Қазақ тілі сабақтарында арнайы мәтіндерді қолдану”, “Қазақ тілі бойынша тестілер жинағы”, “Электрондық қазақ тілі”, тағы басқа оқу құралдарының авторы. Ұлағатты ұстаз қаламынан шыққан әдістемелік еңбектер бүгінде талай жас буынның, болашақ мамандардың, мұғалімдердің сапалы да терең білім алуына өз үлесін қосып отырғанын бүгінде көпшілік мойындайды.
Оқушы немесе студент алдына шығып, олармен бірге тақырыпты талдап, бірге меңгеріп, бірге сабақты бекіткен Тоғжан Айдарханқызының қаламынан шыққан әдістемелік оқулықтардың берері мол, үйретері зор екеніне әдіскер-оқытушы ретінде сенімім мол. Осы тұрғыдан келгенде Тоғжан Айдарханқызы күрмеуі қиын мәселенің шешімін тауып, игілікті істің басынан көріне білді. “Бітер істің басына жақсы келер қасына” деп халқымыз тегін айтпаған ғой.
2005 жылы облыс әкімдігінің тапсырмасы негізінде тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығымен бірге ересектерге арналған “Қазақ тілі” оқулығын құрастырды. Бұл оқулық облысымыздың мемлекеттік тілді үйренушілерінің ең қажетті оқу құралына айналды.
Мемлекеттік тілді үйретудегі жоғары кәсіби біліктілігі мен қол жеткізген табыстары, нәтижеге толы жемісті еңбегі үшін облыс әкімінің “Қазақ тілі мен әдебиетінің үздік мұғалімі” грантын алды, білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты беріліп, бірнеше рет университет тарапынан мақтау қағаздарымен марапатталды.
Тағылымды ұстаздың саналы ғұмыры жас мамандарды тәрбиелеуге, олардың кәсіби біліктілігін арттырып, ел азаматы етіп қалыптастыруға арналды. Бұл жолда қол жеткізген жетістіктері, бағындырған биік шыңдары ұшан-теңіз. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан шәкірттері – талай жыл төккен маңдай тердің жемісі, өнімді нәтижесі.
“Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі” деген ұлт перзенті Мағжан Жұмабаевтың мағынасы терең, мәні бүтіндей бір ұрпақты тәрбиелейтін дана ойы ұстаз мәртебесін биіктен танытады.
Бұл бүгінде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Қазақ тілі” кафедрасында аға оқытушы болып қызмет ететін, бүтіндей бір буынның ұстазы болған, жас оқытушылардың тәлімгері, менің сыйлы әріптесім – Тоғжан Айдарханқызы туралы көптен бері жүректе жатқан ой еді.
Нұргүл СМАҒҰЛОВА,
Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты.