Қазақ киносының тарихына екі сериялы «АЛЖИР. Біз куәміз» деректі-публицистикалық және «Жансебіл» көркем фильмімен бірге «Бәйтерек», «Әнуар Молдабеков», «Жұмат Шанин», «Толғау» сынды тағы да басқа деректі киноленталары арқылы енген белгілі кинорежиссер, жерлесіміз Аяған Шәжімбаевтың есімі иісі қазаққа таныс. Қазақтың аяулы азаматының өнегелі өмір жолына тереңірек үңілу мақсатында Алматыға арнайы барып, жақсының жары Алмагүл Құлжабаевамен әңгімелескен едім.
– Қазақстанның түкпір-түкпірінен арман қуып келген бір топ жас режиссер Райымбек Сейтметовтің шеберханасына қабылдандық. Екі жыл бойы спектакльдерге қатысып, өзімізді шыңдадық. Райымбек ағай Аяғанды жанына жақын санады. Бір күні: «Этюд дайындаңдар. Оның екі кейіпкері ғана болсын. Ешқандай сөз айтылмасын», – деп тапсырма берді. Шыны керек, ағайдың тапсырмасы айтылған жерде қалып қойды. Келесі күні Аяған жатақханадағы қыздардың бөлмесіне кіріп келді де: «Қайсыларыңда этюд жоқ?» – деді. Төртеуіміз де «Менде жоқ» деп шу ете түстік. Аяған қолымнан жетектеп алды да, бөлмесіне барып этюдті қалай қою керектігін түсіндірді. Бір-бірімізге деген ыстық сезім сол күні бүр жарды. Біз Аякең айтқандай, жансебіл махаббатымызды аялап өттік, – дейді Алмагүл апай.
Қос ғашық бірнеше күн бойы этюдке бірге дайындалған. Соны сылтауратып Алматының жұлдызды кештерінде, айлы түндерінде серуендейтін кездері аз болмапты. Екі жас көп ұзамай шаңырақ көтеріп, ерлі-зайыпты атанады.
Алмагүл Ыдырысқызының айтуынша, Аяған өте ақкөңіл, елгезек жан болған. Оның бойындағы мейірім шуағы үнемі аңқылдап тұратын. Ол жасы үлкеннің бәріне ілтипатпен қарап, жасы кішінің бәріне «ой, бауырымдап» елпектейтін. Қайтсе де алдымен халқына, сосын жақындарына, жолдастарына бір пайдамды, жақсылығымды тигізсем екен деген ой оның үнемі басында жүретін. Асқақ арманы да аз болмаған. «Менің бар ойым – бес фильм түсіру. Оның ішінде «Қамбар батыр» бар. «Қасқыр адамды» түсірсем деп те қиялдаймын», – деп жан жарына ақық арманын айтқан Аяған Қуандық-ұлының өмірден ерте кетсе де, артына қалдырған ізі өшпегенін көзі қарақты көрермен жақсы біледі.
Қатарластары Аяған Шәжімбаевтың екі тілге (қазақ және орыс) бірдей жүйрік екеніне таңданыспен қарайтын. Ол «Қасқыр адам» фильмін түсіруге ерекше ынтызарлықпен дайындалыпты. Алайда адамның емес, Алланың дегені болады емес пе? Кинорежиссер бұл туындыны көзі тірісінде жарыққа шығара алмай кетті. Фильмнің сцейнарийін алдымен қазақша жазып, кейін орыс тіліне аударған. «Өзі әзірлеген нұсқасын орыс редакторларына көрсетсе, «Өзің жақсы-ақ аударыпсың. Неге бізге әкелдің?» – депті олар. Қазақ ауылында өскен баланың орыс тілін лезде меңгеріп алғанына ұстаздары да риза болысатын. Жұмыс бабымен еліміздің біраз өңірін аралады. Айналасына жиналған жандардың барлығы Аяғанды ерекше сыйлайтын. Себебі ағаң кез келген адамды түсінетін. Қарапайым көлік жүргізушісінің жағдайын жасап беруге тырысатын», – дейді Алмагүл Ыдырысқызы.
Аяған Қуандықұлы қай кезде де жұрттың жақсылығын ғана көруге тырысып, игі жақсыларға жанаса жүріпті. Ағалық сөздеріне көбірек құлақ асқан сырлас жандардың бірі Болат Шәріповпен туған бауырлардай қоян-қолтық араласқан. «Менің ұлы ұстазым – Абдолла Қарсақбаев!» – деген сөзі жан жарының жүрегінен өшкен емес. Қарсақбаевтың «Тревожное утро» фильмін түсірердегі ерен еңбегіне, ізденісіне таңданған. Кененбай Қожабеков есімді сыйлас ағасынан үйренгені көп. Бір жолы Кенекең Аяған Шәжімбаевқа қоңырау шалып: «Бауыржанға (Момышұлы) алып баршы» деп өтініш айтады. Баукеңнің аурухана төсегінде жатқан кезі. Екеуі палатаға кіре сала қазақтың батыр ұлымен нағыз батырларша амандасып, қал-жағдай сұрасады. Баукең өзі ерекше құрметтейтін Кененбай ағаны күтіп жатқандай сол күні бақилық болыпты. «Аяған бұл оқиғаны өте ауыр қабылдады. Көпке дейін ұмыта алмай жүрді. «Алма, ұлы адамдардың ақырғы демін алып, өмірмен қоштасуының өзі де өзгеше болады екен», – деді қайта-қайта. Осы оқиғаны үйге келген талай мейманға айтып берді. Аяған аяғынан тұра алмай, арбаға таңылып қалған Кененбай ағаның сырлас інісі бола білді», – деп жақсының жары ерінің кімдермен аралас-құралас болғанын сағынышпен баяндады.
Киностудияның жас мамандар тұратын «Витебский» деп аталып кеткен жатақханасында өмірінің он бес жылға жуығын өткізген жерлесіміз 1994 жылы ғана жеке пәтерге ие болады. Алайда Аяған Қуандықұлының бұл қуанышы бір ай, үш күнге ғана созылыпты. Саналы ғұмырын қазақ киносын өркендетуге арнауды мұрат тұтқан асыл жүрек соғуын мәңгіге тоқтатты. Артында Сандуғаш, Бейбіт, Сұлушаш есімді балалары мен зайыбы қалды. «Алғашқы қос перзентімізді атасы мен әжесі бақты. Біз ол кезде ата-ана болудың машақатын түсінген жоқпыз. Үшіншіміз дүниеге келгенде қатты қуандық. Сұлушаш – Аяғанның Құдайдан сұрап алған қызы», – дейді апай.
Алмагүл Ыдырысқызы 1954 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қызылқайрат аулында шаруа отбасында дүние келген. Алматыдағы №9 мектеп-интернатта алтыншы сыныпқа дейін оқып, кейін Талғарда білімін жалғастырған. Мектепті тамамдаған соң режиссер Райымбек Сейтметовтің шеберханасында кәсіптік білім алады.
Жақсының жары мені Аяған Шәжімбаевтің ізі сайрап жатқан Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына алып барды. Ардақты азаматтың есімі «Жұлдыздар» аллеясы мен ескерткіш тақтаға қашалып жазылыпты. Қоштасуға ыңғайлана бергенде ол кісі кілт тоқтатып: «Самрат, Қызылжардан арнайы келген екенсің. Ағаңның қарашаңырағына қонып кет», – деп үйіне қайта алып барды. Ертесіне «Кеңсай» зиратына барып, жерлесіміздің аруағына Құран бағыштадық. Құлпытастың дизайнын анимациялық фильмдердің режиссері Ерсайын Әбдірахманов жасапты.
Қазақ кино өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалған режиссер, есімі көпшілік жадында сақталған жерлесіміз Аяған Шәжімбаев тірі болса, 25 қарашада 73 жасқа толар еді. Небәрі 42 жыл ғана ғұмыр кешкен аяулы азамат артына өшпес мұра қалдырды. Ол – «Бәйтерек», «Барбол», «Толғау», «Алжир», «Актер Әнуар Молдабеков», «Режиссер Жұмат Шанин», «Домбыра үні», «Алтынбектің әндері», тағы басқа деректі фильмдердің авторы. Қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Алжир» туындысы қазақ киносының алтын қорына енді. Есіл ауданының, Қаратал ауылында дүниеге келген Аяған Шәжімбаев жайлы қаншама адам қалам тербеді. Есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Явленкадағы №3 қазақ орта мектебіне, Қызылжардағы көшелердің біріне оның аты берілген. Назарбаев зияткерлік мектебінде «Аяған Шәжімбаев» атты кабинет бар. Ол оқыған білім ұясының қабырғасына ескерткіш тақта орнатылған. «Алаштың Аяғаны» және «Мен қазақтың баласы» естеліктер кітаптары оның халық жадында мәңгілік жасайтынын айғақтай түседі.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».