Көптен бері айтылып жүрсе де, ащы ішектей созылып, шешімін таппай келе жатқан «бас аурудың» бірі – жол. Елді мекендерді бір-бірімен байланыстырып, қыж-қыж қайнаған тынымсыз тіршілікке өшпес нәр беріп жатқан күре жолдардың қадір-қасиетін оның бейнетін тартып жүрген ауылдықтардан артық ешкім біле қоймас. Әсіресе жауынды, боранды күндері қатынау азаппен тең. Қызылжар өңірінде күрмеуі тарқатылмаған осынау өзекті проблеманы шешу үшін қыруар қаржы бөлінгенімен, көп жерлерде жолдың сапасы адам төзгісіз.
Облыс аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 8,5 мың шақырымға жетеғабыл. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерден Шортыбаевтың мәліметтері бойынша былтыр 208 шақырым республикалық, 630 шақырым жергілікті маңыздағы, сондай-ақ 170 шақырым ауылішілік жол қалпына келтірілген. Биыл 800 шақырым жол жөнделмек. Соның ішінде А-13 автожолы бойынша («Кішкенекөл–Бидайық» бағыты) тендер өткізіліп, нәтижесінде 67 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілмек. Алайда тұрғындар тарапынан жиі түсетін арыз-шағымдарға қарағанда облыс орталығынан шалғай орналасқан аудандар мен ауылдардағы жолдың ахуалы көңіл көншітеді деп айту қиын.
Уәлиханов ауданында сегіз жылдан бері перзентхана жоқтығынан босанатын мезгілі жетіп, толғағы қысқан аналар Ақжар, Тайынша аудандарына болмаса Петропавл қаласына сабылуға мәжбүр. Жауынды-шашынды күндері ой-шұңқыры көп қырық құрақ жолмен Қулыкөл-Мортық-Кішкенекөл бағыттары бойынша қатынау–бір мұң. Газет-журналдың, хат-хабардың, сәлемдеменің кешігіп жеткізілуі де қалыпты құбылысқа айналған. Бір жылдары тендер жеңімпазы атанған маңғыстаулық ұйым айналма жол салуға кірісіп, жерді қазып тастаған. Содан не жаңа асфальт төселмей, не айналма жол салынбай, қызметін адал атқармағаны үшін келісімшартты бұзуға тура келген. Осындай жағдай тағы қайталанғалы тұр. Олай дейтініміз, «Дәуіт-Талшық-Кішкенекөл- Бидайық» бағытындағы жолға күрделі жөндеу жұмыстарын 2023-2025 жылдар аралығында аяқтау көзделгенімен, қазіргі қимыл тасбақаның мимырт жүрісінен аумайды.
Сөзіміздің дәлеліне «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колоданың Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына жолдаған депутаттық сауалынан нақты мысалдар келтірейік. Хатта шалғайдағы Ақжар мен Уәлиханов аудандары үшін Ресей Федерациясымен қарым-қатынас маңызды саналатыны, алайда шекаралас аймақтағы жол жайы мүлдем сын көтермейтіні айтылған. Саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасының орындалуы барысын тексерген халық қалаулылары сайлаушылармен кездескен. Бас мердігер – «Атырауинжстрой–АИС» ЖШС-ның 26,2 шақырым жолға жүргізіп жатқан жөндеуін көзбен көріп, көптеген олқылықтарды анықтаған. Мәселен, жобаның жалпы құны 11,3 млрд. теңгені құраса, 2025 жылға дейін игерілгені–бар-жоғы 1,6 млрд. теңге. Биыл республикалық бюджеттен қарастырылғаны–10 млн.теңге ғана. Бұл қаражат құрылыс-монтаж жұмыстарының базалық қажеттіліктерін өтеуге де жетпейді.
Көлік және Қаржы министрліктерінің, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның ақпаратына сәйкес, биыл А-13 «Көкшетау-Кішкенекөл-Бидайық-РФ шекарасы» 156-182 шақырымдық бірінші учаскенің және А-13 «Көкшетау-Кішкенекөл-Бидайық-РФ шекарасы» 182-213 шақырымдық екін- ші учаскенің күрделі жөндеуін қаржыландыру Қазақстанның Даму банкінің (ҚДБ) қаражаты есебінен (8,6 млрд.теңге) жүзеге асырылмақ. Алайда бүгінге дейін тиесілі қаражат толық түспегендіктен, мердігер ұйымдар орындалатын жұмыстар көлемін қысқартып, құрылысты тоқтатуларына тура келген. Салдарынан шарттық міндеттемелер уақтылы орындалмай, күрделі жөндеуді іске асыру мерзімі кейінге шегерілген.
Қаржыландырудың жоқтығына қарамастан «Көкшетауавтодорог» ЖШС өз есебінен екінші учаскенің күрделі жөндеуін жүргізіп жатыр. Жарты млрд. теңгеге жуық құрылыс-монтаж жұмыстары төлемсіз орындалған. Өкініштісі сол, қосалқы мердігерлік, материалдар жеткізуші және көлік компаниялары алдындағы берешек 400 млн. теңгеге дейін шарықтап шыға келген. Білікті мамандардың кетуі, құрылыс техникаларын обьектілерден әкету, мердігерлік жұмыстардың қысқаруы орын алған. Жағдай осылай жалғаса берсе, оның ақыры құрылыс көлемінің ұлғайып, жобалардың қымбаттауына соқтыруы әбден мүмкін.
Қыркүйек айында ҚДБ желісі бойынша жобаларды қаржыландыру қайта басталғанымен, «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС әлі күнге дейін шарттық міндеттемелерді орындауға асығар емес, осы себепті жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Атап айтқанда, айналма жол сапасыз салынған, тапсырмаларды орындаудың нақты кестесі жасалмаған, жолдарды қысқы күтіп-ұстау деңгейі төмен.
«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Қанат Өсербаевпен хабарласып, мән-жайды білмек болғанымызда ол да олқылықтардың орын алып отырғанын растады. Автожолды күрделі жөндеу, сапалы аяқтау қаражатқа тіреліп отырғанын жасырмады. Бірақ аудан тұрғындары күткен жауап–қаржы қашан бөлінетінін нақты айта алмады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan»