«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАНҒА — ШИПА, ДЕРТКЕ — ДАУА

Шөппен емделу – әртүрлі аурулармен күресте таптырмайтын ем. Әрбір шөп адам ағзасына оң әсерін береді. Алайда, олардың тиімділігі жүйелі тұтынуда. Егер сіз шөп тұнбаларын ішіп жүрсеңіз, онда оны ең кемі апта сайын үзбей ішу керек. Бұл тек табиғатта кездесетін шөппен ғана ем-дом жасайтын Нина Гусельникованың пікірі.

Ол өзінің сүйікті ісімен 1980 жылдан бастап айналыса бастайды. Емші шипалы шөптерді жаз, күз айларында, әбден толысып-жетілген шағында жинайды. Әрине, әрбір шөптің теру тәсілі, сақтау ережесі бар. Бір шөпті таңғы шық кеппей тұрып жинау қажет болса, екіншісін тек қана кешкілік терген дұрыс. Және де оларды шіліңгір аптапта тамырынан ажырату оның емдік қуатын әлсіретеді. Нина Ивановна өсімдіктердің шипалы тамырларын жаңбырдан кейін, қараңғы түсе жинайды да, күн сәулесі түспейтін көлеңкеде, самал есетін, тыныс алатын орындарда кептіріп, дайындайды. Шипалы өсімдіктердің гүлінен, жапырағынан, тамырынан дәрі-дәрмек жасағанда олардың қандай ауруға қалай қолданғанда ем болатынын табиғи түйсікпен біліп, дайындайды. Көбіне шөптерді тұмаудың алдын алуға, қалқанша безі, гемморой, қан қысымы, демікпе және т.б. ауруларға пайдаланады. Емшінің үйінен қысы-жазы адыраспан, долана, қырмызы, таңқурай, шие, қарақат ағаштарының жапырақтары тәрізді өсімдіктер үзілмейді. Ол улы шөп-тамырларды аса сақтықпен онкологиялық ауруларға қолданады.

– Мен өзім сырқат жандарды емдегенде дәрілік шөптерді сырқаттың түріне қарай пайдаланамын. Оның ауруға әсер етуі жоғары екеніне өзім сенемін. Қазақстанда өсетін алты мыңнан астам өсімдік түрінің бес жүздей түрі дәрілік өсімдіктерге жатады. Кейбір дәрілік шөптерді артық мөлшерде қабылдаған жағдайда, уланып қалуға болады, – дейді Нина Гусельникова.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp