«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАН АЗЫҒЫН ТАПҚАНДАЙ БОЛДЫМ

Адамзаттың ғалам таныған ғұламаларының ақыл қазынасын замандар қойнауында қалдырмай, солармен үндесе отырып, философия ілімін жаңа биіктерге көтеріп жүрген ойшылдар бүгіндері де арамызда. Солардың бірі де, бірегейі де академик Жабайхан Әбділдин десек, жаңылмаймыз.

Гегель мен Канттың ілімдерін бойына дарытқан қазақ ғұламасы Ж.Әбділдин өзінің заманауи ой-толғамдарын әлемдік деңгейде танытып, ұлы далада ту тіккен аталар ғибратына көз жеткізді.

Жазушы, көсемсөзші Жарасбай Сүлейменов осы атақты ғалыммен “Егемен Қазақстан” және осындай басқа да республикалық басылымдарда жан-жақты сұхбаттарын жариялағанын білеміз.

Ол жақында академикпен әңгімелерін, толғаныстарын түйіндей келе “Өмір-өзен” атты кітап жазып шықты.

Бұл сыр-сұхбаттың өзегі – Қазақстанда ойшылдық ілімінің тууы, қалыптасуы, дамуы сияқты үлкен де ауқымды мәселелерді қамти отырып, бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің Мәңгілік Ел болуға ұмтылысын айғақтап көрсетуі.

Әңгімесінің әлқиссасының бір тұсында академик: “Басқалармен бәсекеге түсуіміз керек. Оған біздің мүмкіндігіміз мол. Қазақ ешкімнен кем емес. Ақылымыз да, әлеуетіміз де жетеді. Әрине, оған уақыт керек. Біз сол жолдың басында тұрмыз, ептеп бастап та жатырмыз. Мен ойлаймын, келешекте біз жай индустриялы емес, нағыз индустриялы елдердің қатарына қосыламыз!” – дейді.

Қазақтың кең-байтақ даласында, Павлодар облысының Баянауыл өңірінде туып, ғылымның асқарына ту тіккен, ұлы Қаныш Сәтпаевтан тізгін алған, бүгінде сексеннен асып, әлем ғалымдары мойындап отырған Ж.Әбділдиннің өмір жолы аса тартымды әрі бойды баурайды, әсіресе, жас адамдарға өнеге боларлық нұсқауы мол сырлары осы кітапта қамшының өріміндей өрілген.

Кітаптың тарауларының өзі оның ішкі сырын айқын аңғартып береді. Мысалы, “Тәуелсіздікті тек атқан таңмен, шыққан Күнмен салыстыруға болады”, “Алаш арыстары қалай ақталды?”, “Ой түбі – алтын”, “Ғылымның төресі – философия”, “Балалық шаққа саяхат”, “Ұмытылмас есімдер” атты бөлімдердің өзі олардағы әңгіменің мазмұнын ұқтырып тұрады.

Қорыта айтқанда, “Өмір-өзен” атты сыр-сұхбатты үлкен танымдық сипаттағы құнды еңбек деп бағалау дұрыс.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp