Облыстық прокуратура қызметкерлері Мамлют санаторлық орта мектеп-интернатында “Балалардың күлкісі – әлемнің сәні” атты қайырымдылық шарасын өткізді. Облыс прокуроры Берік Асылов отбасылық жағдайы төмен екі оқушыға спорттық киім сыйласа, мектептің жас спортшыларына доптар әперді.
Мектеп-интернатта облыстың барлық аудандарынан жиналған 300-ден аса бала тәлім алады. Интернаттың отыз тәрбиеленушісі мен төрт жетекшісі үшін прокуратура қызметкерлері Петропавл қаласына саяхат ұйымдастырды. Саяхат барысында оқушыларымыз облыстық тарихи-өлкетану мұражайында және Абылай хан резиденциясында болды. Олар қазақтың үш жүзінің басын қосқан Абылай ханның өмірбаянымен танысып, еліміздің тарихына зер салып, сол кезеңді жадыларына түйді. Оқушылардың демалысы облыс орталығындағы “Нептун” сауықтыру орнында жалғасты. Тәрбиеленушілер суға түсіп, ерекше әсерге бөленді.
Бізге осындай есте қаларлық демалыс ұйымдастырған облыстық прокуратура ұжымына алғысымыз шексіз.
Гүлгүл БАЙТИШКИНА,
Мамлют санаторлық мектеп-интернатының
11-сынып оқушысы.