Алматы қаласында “Бейбітшілік әлемі” халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігі мамандарының ұйымдастыруымен “Тәуелсіздік – тірегім, тәбәрігім!” атты республикалық ұстаздар байқауы өткен болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінен жас мұғалімдер қатысқан сайыста өңіріміздің намысын Тимирязев ауданындағы жалпы білім беретін қазақ мектеп-интернатының музыка пәнінің мұғалімі Еркін Ахметұлы қорғады. Ұстаздардың шығармашылық әлеуетін сарапқа салған дода Қазақстан Тәуелсіздігінің – 25, қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдығына арналды.
Байқауға қатысқан мұғалімдердің әрқайсысы ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың үздік тәжірибелерін таныстырып, оқушылардың ғылыми-шығармашылық, зерттеушілік ізденісін қалыптастырудағы әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Жерлесіміз Еркін Ахметұлы “Қазақтың дәстүрлі ән айту өнері” атты шеберлік сабағы үшін қазылар алқасының оң бағасына ие болып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Оның зерттеу жұмысы жүлдегерлердің ғылыми мақалалары жарияланатын кітапқа енетін болды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.