Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині бойынша мемлекеттік инспекторы Кристина Фиголь Астана қаласында өткен “Тіл – татулық тірегі” атты республикалық байқауға қатысып, жүлделі оралды.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған байқау қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді, өзге этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау, сондай-ақ, мемлекеттік тілде іс-қағаздарын үздік жүргізуші өзге этнос өкілдерін көпшілікке таныту мақсатын көздеген болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінен үмітін үкілеп келген 12 талапкердің барлығы – облыстық кезеңнің жеңімпаздары. Олар республикалық додада төрт бөлім бойынша бақтарын сынады. Нәтижесінде жерлесіміз жүлделі үшінші орынды еншіледі.
– Доданың республикалық кезеңіне ұзақ дайындалдым. Еңбегім жеміссіз болмады. Қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары бойынша қойылған сауалдарға біраз мүдіргенім де шындық. Дегенмен де, мақал-мәтелдерді, жаңылтпаштарды жатқа әрі қатесіз айтудан алдыма жан салмадым, – дейді Кристинаның өзі.
Батырхан АЙСИН.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.