Бүгінгі қоғамды толғандыратын мәселелердің өзектісі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Сол себепті, бұқаралық ақпарат құралдары мұндай фактілерді елеусіз қалдырмайды.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы бұқаралық ақпарат құралдарының және мәдениет қайраткерлерінің рөлі” тақырыбында диалог алаңын ұйымдастырды.
Шараға облыстық ішкі саясат, мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармаларының өкілдері, республикалық, облыстық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен тілшілері қатысты. Ойларын еркін айтқан журналистер қауымы “Мемлекеттік органдар тілшілер үшін ашық болса екен”, деген тілегін жеткізді. Себебі, парақор шенеунік ұсталған кезде ол туралы ақпарат алу қиынға түсуде. Орын алған жемқорлық фактілер ашық айтылып, көрсетілсе, онымен күрес те тиімді болатыны сөзсіз.
Ақпарат алумен қатар, оны сауатты жаза білу де – күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аталған тақырыпты сауатты жазуға үйрететін оқыту тренингтерін өткізу қажеттігі де айтылды.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда мәдениет қайраткерлері мен БАҚ өкілдерінің рөлі зор. Сондықтан оларды арнайы шақырып, осы күнге дейін атқарылған жұмыстарды талқылап, алдағы міндеттерді нақтыладық, – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев.
Шара барысында екі жақ бірлесе жүзеге асыратын іс-шаралар жоспары жасалды. Жоспар бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы арнайы журналистік репортаж жасау, түрлі мәдени іс-шаралар мен байқаулар өткізу қарастырылған. Сондай-ақ, департамент өздерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан бұқаралық ақпарат құралдарын Алғыс хатпен марапаттады.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.