Полицейлер жұмысының ашықтығы тұрғындар сенімін нығайтады. Жақында тәртіп сақшылары өңірдің қоғамдық ұйымдарының өкілдерімен Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен “дөңгелек үстел” басында кездесті.
Жиында облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі мен әкімшілік полиция басқармасының атқарған жұмысы жайында департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Оразалин баяндады. Оның айтуынша, жыл басынан бері өңір аумағында қылмыс саны 26 пайызға кеміген. Құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстардың санын азайтуға септескен. Оның ішінде қайталап қылмыс жасау фактісі үш есеге азайыпты. Бүгінде өңірдің билік өкілдерінің қолдауының арқасында жергілікті полиция қызметінің жеке құрамы барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Облыстық полиция ведомствосының жедел-қызметтік жұмысы жайында департамент бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов толығырақ айтып берді. Өңіріміздің бас полицейі көп жылдан бері ашылмаған қылмыстарды ашу, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жеке құрам арасында тәрбие жұмыстарын жүргізу сияқты мәселелер күн тәртібінен түспейтінін айтты. Сондай-ақ, кездесуде ардагерлер кеңесінің жұмысы мен полиция қызметкерлерінің материалдық жағдайын жақсарту мәселесі де сөз болды. “Нұротандықтар” жергілікті полицияның рейдтеріне жиі қатысып, “Жолда қабылдау” акциясын ұйымдастыруға көмектеседі. Бүгінгі тәртіп сақшыларының есеп беруі – полиция ведомствосының ашықтығының тағы бір айғағы”, – деді “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов.
Отырыс барысында қатысушылар тарапынан бірнеше ұсыныс түсті. Мысалы, Кошуков пен Батыр Баян көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам орнату, Петерьфельд елді мекенінің жанындағы жолды жарықтандыру, Пестрое көлі маңындағы саяжайларға өтетін жолды жөндеу сияқты мәселелер қозғалды. “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы облыстық филиалының төрағасы Иван Кендюх полиция қызметкерлері мен зейнеткерлерін ғылыммен айналысуға шақырды. Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов ведомство ардагерлеріне көрсетіліп жатқан қамқорлық үшін өңірдің бас полицейіне алғысын білдірді.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы.