Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың 13 қарашасында “Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойып, оны жүзеге асыру жолында оңтайлы тәсілдер қолданылуда.
Қаржыны жария етуде түбегейлі жеңілдіктер аңғарылады. Енді ақшаны екі тәсілмен заңдастыруға болады. Біріншісі, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкінде ағымдағы шот ашып, оған ұлттық және шетелдік валютадағы қаржыны аудару арқылы жария ету. Ол шоттағы ақшаны иесі кез келген уақытта өз қажетіне жұмсай алады. Мәселен, бизнесті инвестициялауға, жылжымайтын мүлік сатып алуға немесе толық алуға құқылы. Бұл үдеріс кезінде бюджетке 10 пайыз алым төленбейді. Екінші тәсіл, шетелде немесе қолма-қол айналымда жүрген қаржыны банкке салмай, жалпы сомадан алынатын алымды ғана төлеп, тұрғылықты жеріндегі мемлекеттік кірістер органына арнайы декларация ұсыну арқылы жария ету. Осы кезде бюджетке 10 пайыз алым аударылады. Екі тәсілде де қаржысын жария етуші субъект мемлекеттік кірістер органына тиісті декларациясын тапсырады.
Мүлікті заңдастыру да жеңілдетілді. Қазақстан аумағындағы дұрыс рәсімделген мүлікті заңдастыру үшін оның иесі мемлекеттік кірістер органына декларация мен тиісті құжаттарын тапсырады. Бұл шетелдерде орналасқан мүліктерге де қатысты. Артық буын, яғни мемлекеттік кірістер органы жанындағы комиссия қысқартылды.
Заңдастырушы субъект жергілікті әкімдіктің жанындағы комиссияға тек Қазақстан аумағында орналасқан және құжаттары тиісінше толтырылмаған жылжымайтын мүлкін жария еткенде ғана жүгінеді.
Мүлікті жария ету және жалпыға ортақ декларацияны жүргізу уақыты белгіленді. “Мүлікті жария ету соңғы мүмкіндік, сондықтан ешқандай жеңілдіктер болмайды. Жария ету – жалпыға ортақ декларацияның алдындағы соңғы акт”, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Бұл науқан аяқталғаннан кейін қазақстандықтардың барлық шетелдердегі шоттары бойынша ақпараттар тексеріледі. Шетелдегі шоттары туралы ақпараттарды жасырып қалғандар қатал әкімшілік жазаға тартылады. Сондай-ақ, шетелдегі мүліктерін декларациялау – баршаға міндетті.
Жария ету науқанының аяқталуы мен жалпыға ортақ декларация үдерісін бастаудың рақымшылық мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылады. Мүлікті жария етуге қатысты кез келген ақпарат салық пен банктің құпиясы болып табылады.
Мүлікті жария ету жөніндегі қосымша ақпараттарды СҚО бойынша МКД-нің www.sko.kgd.gov.kz. сайтынан алуға, сондай-ақ, 8 (7152) 36-07-65 телефонына хабарласуға болады.
Жаңыл ҚАБДӨШЕВА,
СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің
бас маманы.