Парламент Мәжілісінің депутаттары Сергей Звольский, Мұрат Теміржанов пен Петр Шарапаев бұрнағы күні “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының ғимаратында “дөңгелек үстел” өткізді. Бұл шараға бұқаралық ақпарат құралдары мен жарнама агенттіктерінің өкілдері қатысты. Жиналғандар Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне жарнама мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасын талқылады.
“Дөңгелек үстелді” жүргізген Петр Шарапаев Мәжілісте өзінің осы заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі екенін, оның өткен жылғы қараша айынан талқыланып жатқанын атап көрсетті.
– Біз өңірлерге жұмыс сапарымыз барысында осы заң жобасы туралы жергілікті басылымдар, жарнама агенттіктері өкілдерінің ауызша және жазбаша ұсыныстары мен пікірлерін білуді ойластырған едік. Бұл заңның жобасында негізінен өркениетті елдерде қолданылатын жарнама талаптарын қатаң сақтау мен басқа да бірқатар жаңашылдықтар бар. Жаңа заң жобасында жарнаманың төлем құнын ұлттық валюта – теңгемен бекіту мәселесі қаралған. Өйткені, қазір бұл қызметтің құны АҚШ долларымен көрсетіліп жүр. Сонымен қатар, көшеге ілінген жарнамалардың қолданыс уақытын ұзарту көзделген. Бүгіндері жеке кәсіпкерлер өздерінің көрнекі ақпараттарын жарнамаға тапсырыс қабылдайтын компаниямен жасалған келісімшарт бойынша аз уақытқа көшеге іліп жүр, – деді Петр Шарапаев.
Жаңа заң жобасын талқылау барысында “Архстрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Константин Стихин, муниципалды телеарнаның директоры Евгений Сазанов және басқалар жаңа заң жобасы туралы ойларын ортаға салды. Бүгіндері облыс орталығындағы көрнекі ақпараттардың, билбордтардың, сауда орындарындағы жарнамалардың көпшілігінің сапасы алаңдатады, олардың орналасуы, мазмұны стандартқа сәйкес келе бермейді. Жарнама саласындағы қызмет тиісті билік органдары арқылы реттеліп, қажетті шешімдер қабылдануы, әлеуметтік желідегі заңсыз жарнамаларға бақылау орнатылуы тиіс. Шараға қатысушылардың ұсыныстары мен тілектері Мәжіліске жазбаша түрде жіберілетін болды.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.