«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРТЫҒАСЫРЛЫҚ ЖОЛ

Қызылжар өңірінде ән мен жырдың ордасына айналып, бүгінде өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленіп отырған облыстық филармония ұжымы елу жыл бойы ел үшін еңбек етіп, әр маусымды өзіне тән ерекшелікпен ашуға тырысып келеді.

Облыстық филармония 1965 жылдың желтоқсан айында ашылған. Содан бері елу рет түндігін түріп, тыңдарманын қуанышқа бөлеген ұжым осы жылдар аралығында талай-талай өнер белестерінен өтіп, бүгінде үлкен шығармашылық табысқа қол жеткізіп отыр.  

Облыстық филармонияның алғашқы басшысы қызметін Николай Федулов атқарған. Одан кейін де бірталай білікті, білімді, өнерге жанашыр азаматтар бұл жолды абыроймен жалғастырып, өнер әлемінен өз орнын табуына қажырлы еңбек сіңірген.

Бастапқы кезде филармонияның жұмысы Алматы қаласынан қадағаланып отырған. Концерттік бригадалар ұйымдастырылып, жоспарлы бағдарламаларды жүзеге асыру үшін солист-вокалистер, инструменталистер, сөйлеу және спорт жанрының, сондай-ақ, цирк, балет әртістері жұмысқа қабылданған. Филармония ұжымы елді мекендерге шығып, мектептерде, Мәдениет үйлерінде өнер көрсетіп отырған. Сонымен қатар, шығармашылық тәжірибе алмасу үшін Қарағанды, Өскемен, Омбы, Қорған, Түмен қалаларына да іссапарға шыққан. 1965-1966 жылы бір маусымның ішінде облыс орталығына құрамында әнші, бишілермен бірге белгілі кино актерлері, композиторлары бар жиырмадан астам концерттік бригада келген. Олардың барлығын филармония ұжымы қошеметпен қарсы алып, құрмет көрсете білген. Жыл сайын филармония ұжымы Алматы қаласында есепті концерт беріп, қол жеткізген жетістіктерін көрсетуге тырысқан.

Жетпісінші жылдары филармония өмірінде ерекше өзгерістер орын алған. Ол кезде аталмыш өнер ордасы қалалық саябақ ішінде орналасқан. Аз уақыт ішінде қалыптасып қалған ұжымға есімі елге танымал өнер жұлдыздары қонаққа келіп, әсем әндерімен тыңдармандарын талай рет тамсандырып, таңдандырғанын біреу білсе, біреу біле бермес. Мәселен, Эдита Пьеха, Юрий Богатиков сияқты белгілі өнер жұлдыздары филармония сахнасының төрінен ән шырқағанының өзі үлкен бір жетістік емес пе?!

1980 жылы Петропавл қаласында үлкен фестиваль ұйымдастырылып, республикамыздың ең танымал деген музыканттары жиналып, білікті композиторларымен қатар, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев сияқты өнер тарландары әннен шашу шашқан. Күміс көмей әншіміз Мәдина Ералиева қатысқан “Адырна” тобының облыс орталығында өнер көрсеткенін көз көргендер әлі де тебірене еске алады. Сонымен қатар, филармония сахнасының төрінен Роза Бағланова, Алтынбек Қоразбаев, Қапаш Құлышева, Бағдат Сәмединова сияқты атақты әншілердің жастарға үлгі болып, оларды еліктіре түскені де сөзсіз.

Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұловадан тәлім алған талантты биші, Петропавл қаласының Құрметті азаматы Мархаба Иманқұлова филармония өміріне жаңа леп қосты. Бала кезінен биге жаны әуес бойжеткен арманына қол жеткізіп қана қоймай, осы саланың дамуына өзіндік үлес қосқан жандардың бірі екені де көпке мәлім. Мархаба Иманқұлованың жетекшілігімен “Біз Петропавлданбыз” атты қазақ эстрадалық ансамблі құрылған. Құрамында тоғыз адам бар ансамбль аудандарда өнер көрсетумен шектелмеген. Өнер додасына түскен жастар алыс-жақын облыстарға да шығып тұрған. Мұның барлығы олардың сахнада шыңдалып, кәсіби деңгейге көтерілуіне айтарлықтай септігін тигізген.

Василий Вишняков жетекшілік еткен ергежейлілер тобы да сексенінші жылдары көпшілікке танымал болып үлгерген. Өзіндік ерекшелігі бар топтың құрамында 18 әртіс болған. Олардың әрқайсысы өзіне жүктелген жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқарып, филармония жұмысының алға басуына ықпал еткен.

Тоқсаныншы жылдары филармония жұмысы өрлей бастаған. Осы уақыт аралығында филармония басшылығы бірнеше рет ауысқанымен, ұжым сүттей ұйып, халықтың ықыласына бөлене бастады. Классикалық жанрда алдына жан салмаған Айгүл Мұхамеджанова бірінші рет республикалық конкурстарда облысымыздың намысын қорғап, лауреат атанған. Бұл әншіні үлкен жеңіске жетелеген баспалдақтың бірі еді. Осы тоқсаныншы жылдары құрылған “Красный яр”, қазіргі “Қызылжар” аспаптар ансамблімен Айгүл Мұхамеджанова облысымыздың барлық аудандарында болып, өнер көрсетіп, республикалық деңгейге көтерілді.

2007 жылы облыс орталығында “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені ашылғанда Айгүл Мұхамеджанова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен топ құрамында болған. Бұл кездесу де филармония өміріне жаңа серпіліс беріп, жарқын болашаққа деген үкілеген сенімдерін одан сайын шыңдай түскені айдан анық.

2008 жылдан бастап филармония ұжымына Ботагөз Ақмағамбетова басшылық етіп келеді. Білімді, білікті басшының арқасында ұжым қазір де биік белестерден көрінуде. Өнер ұжымы өркендеп, қанатын кеңінен жая бастады. “Туған жер”, “Қызылжар”, Сегіз сері” атындағы қазақ ұлттық аспаптар және эстрада-симфониялық оркестрлері, камералық хор, “Әдемі-ау” қазақ би ансамблі , “Әлқисса” фольклорлық ансамблі, эстрадалық және джаз музыкасы оркестрі, “Азия-Саунд” вокалдық-аспапты ансамбльдері көпшілікке танылып, өнер әлемінде айтарлықтай биік белестерге қол жеткізіп келеді. Бұл өз ісін кәсіби деңгейде меңгерген ұжымдардың бірқатары ғана, қазір олардың саны күн санап артып келеді. Бұл филармонияның өрісі кеңіп, жастардың өнерге ден қоя бастағанының бірден-бір белгісі болып табылады. Түрлі аспаптарды жетік меңгеріп, саз әлемінің биігіне ұмтылған әрбір әнші мен биші – бүгінде облыстық филармонияның кірпіші болып қаланып, оның гүлденуіне қолдан келгенше аянбай еңбек етіп жүрген өнерсүйер жандар. Әрине, әрбір ұжымның жоғары деңгейде өнер көрсетуіне көркемдік жетекшінің қосар үлесі зор. Осы ретте Геннадий Брюханов, Қайырлы Ғафуров, Расима Сучкова, Нұрлан Серғазинов, Сергей Имашбаев, Юрий Колчин, Михаил Лахтин, Виталий Смотров, Руслан Асылхан, Артем Кислощей сияқты азаматтардың есімдерін атап өткен жөн болады. Олардың барлығы – өнер мектебінің талай сынынан сүрінбей өтіп, өз кәсібін шебер меңгерген білікті мамандар.

Филармония ұжымында талай қиын кездер болғаны да көпшілікке мәлім. Бұрындары әрбір әртіс өз өнерімен қатар, ісмерлік шеберлікке де үйренуге тура келген. Яғни, олар қажетті киімдерді өз қолдарымен пішіп, тігіп, сахнаға шығу үшін біраз тер төккен. Мәселен, бір адамның өзінде, кемінде, 25-30 костюм болса, соның барлығын денеңе шақтап, түр-түсін келтіріп, тігіп, қалың қауымның алдына шығу деген де үлкен өнер емес пе?! Ал қазір заман өзгерді. Ұжымның көп нәрсеге қолы жетті. Біріншіден, ұжым жыл сайын жаңа толқынмен толығуда. Өнерге өз үлесін қосуға келген қыз-жігіттердің ішінде осы құт мекенінен өз бақыттарын тауып, отбасы құрған жағымды жайттар да аз емес. Өмірде де, өнерде де бірге жүрген осындай жарасымды жұптар жайында сөз қозғағанда Айдос Ақылбеков пен зайыбы Жәмила Мұстафина, Асхат пен Виктория Галеевтерді қалайша айтпасқа?! Ұлттық аспаптарды жетік меңгерген жастардың барлығы – Астана қаласындағы Ұлттық өнер университетінің түлектері. Облыстық филармонияның биылғы жылғы елуінші мерейтойлық концерттік маусымының шымылдығы ашылған кеште аталмыш жас отбасылар облыс әкімінің шешімімен пәтер алу сертификатына ие болғаны да көпшілікке мәлім. Музыкалық мұраны сақтап, отандық өнерді насихаттауға ниет білдірген осындай алғыр, талантты, талапты жас өрендердің қатарын Біржан Есжанов, Әсем Байкенова, Әсет Әбдірахманов сияқты жалынды жастардың толықтырып жүргені де көңілге қуаныш ұялатады.

Қазір филармония қымбат әрі қажетті музыкалық аспаптармен қамтамасыз етілуде. Репертуарларында отандық, шетел композиторлары мен классиктерінің, халық және джаз әндері мен билер орындалады. Әртістерге керек деген неше түрлі сәнді киімдердің барлығы ательеде тігіледі. Тек мүмкіндікті мүлт жібермей, өнеріңді көрсете білсең болғаны. Ең бастысы, ұлттық құндылықтарымызды сақтай отыра, мәдениетіміздің одан сайын жоғары белеске көтерілуіне қолдан келгенше жағдай жасалуда. Бізді қуантатыны да сол.

Өткен жылдың соңына таман “Сегіз сері” атындағы бірінші республикалық “Гауһартас” фестивалі ұйымдастырылды. Біздің өңірде тұңғыш рет кең көлемде өткен шара – облыстық филармонияның тағы бір жетістігі.

Филармонияда алғашқы құрылған жылдары “Узоры” атты жалғыз ғана өнер ұжымы болса, қазір олардың саны оннан асады. Ал өнерпаздар саны 200-ге жуық. Міне, қажымай, талмай еңбек етсең, өнерің өрге басады деген осы емес пе?!

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: “Әлқисса” фольклорлық ансамблі.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp