«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРЫС ЖОЛЫНДА — ҰСТАЗДАР

Облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен колледждер, мектеп-интернат мекемелері және Петропавл қаласының жалпы білім беретін мектептер басшылары арасында шаңғы тебуден жарыс өтті.

Шаһарымыздың Борки кентіндегі шаңғы жолында өткен спорттық сайысқа 50-ден астам педагог қатысты. Таза ауада ұйымдастырылған шаңғы жарысы педагогтерге жақсы көңіл-күй сыйлаумен қатар, саф ауамен тыныстап, денсаулықтарын нығайтуға ықпал етті.

Жарысқа қатысқан нәзікжанды ұстаздар бір километр аралықты шаңғымен бағындырса, ерлер екі есе артық қашықтықта сайысты. Бұл шаңғы жарысы қысқы спартакиаданың қорытынды кезеңі болды. Жыл сайын мектеп оқушылары мен ұстаздар арасында өткізілетін шаңғы жарысы жастардың спортқа құштарлықтарын арттырып қана қоймай, оған көптеп тартылуларына әсер етеді.

Сайысқа белсенді қатысып, саламатты өмір салтын насихаттауға, өңіріміздің дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға қосқан зор үлестері үшін Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің директоры Жеңіс Әбілмәжінов, Петропавл қаласының білім бөлімі, облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат директоры Ризабек Какпенов білім басқармасының кубоктарымен марапатталды.

Әйелдер арасында эстетикалық тәрбие беретін №8 орта мектеп-кешенінің директоры Дина Әбілмәжінова алдына жан салмай, бірінші орынды жеңіп алды. Медициналық колледждің өкілі Виктория Василюк екінші және гуманитарлық-техникалық колледж директорының орынбасары Ольга Колесникова үшінші орындарға жайғасты.

Ерлер арасында “ЛОРД” мектеп-лицейінің директоры Константин Рыб 1-ші, машина-құрылыс колледжінің директоры Анатолий Фурманюк 2-ші, Жұмабек Ташенев атындағы №20 орта мектеп директоры Данияр Шакенов 3-орынды иеленді.

Қанат СӘДУАҚАСОВ,

дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери

даярлық өңірлік оқу-әдістемелік орталығының

директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp