«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ ЖОЛЫНДА

Елбасымыздың “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауында барша қазақстандықтардың алдына жаңа міндеттер жүктелді. Осы орайда “Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспарын орындауда қазақстандықтарды ауқымды жұмыс күтіп тұр.

Елбасымыз “Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол” атты мақаласында біздің арманымыз отыз дамыған мемлекеттің қатарына қосылу екенін айтады. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жаңа қазақстандық арманмен аяқ басқанымызды тілге тиек етіп, бюрократтық шығынсыз экономикаға қадам басу, мемлекетті кәсібилендіру, сыртқы инвестициялардың жаңа көздері мен қоғамға есеп беретін ашық мемлекет құру үшін атқарылуы тиіс шараларға кеңінен тоқталды. Өзге де мәселелер жөнінде айтқан Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Ұлт жоспарын жүзеге асыруға шақырды. Біздің ендігі мақсатымыз – Ұлт жоспарын жүзеге асырып, Жолдау жүктеген міндеттерді орындау.  

Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның даму бағыты анық әрі айқын. Ұлт қамын ойлап, елдің жағдайына алаңдайтын Елбасымыздың сындарлы саясатымен бұл белеске жететінімізге еш күмән жоқ. Алайда, баршамыз жарқын болашақ үшін аянбай қызмет етуге тиіспіз. Әрбір адам туған жерім – тұғырым, өскен елім – өзегім деп елжірейтін болса, Жолдау жүктеген міндеттер еш қиындықсыз жүзеге асырылады.

Осыдан 25 жыл бұрын біз қандай ел едік? Барлығы күні кешегідей есімізде, көз алдымызда. Кішкентай сәбидей тәй-тәйлап, болашаққа қадам бастық. Азаттық туы желбіреген тұста біраз қиындықтарды бастан өткергеніміз рас. Жарықсыз, жылусыз отырдық, еңбекақы да кешіктіріліп берілді. Әлеуметтік төлемдер де уақытында өтелмеді. Экономикасы әлсіз мемлекет үшін бұл қиындық еңсерілмейтіндей көрінетін. Бірақ түн артында күн барына сенген Қазақстан халқы еш нәрседен жасқанбады, қорықпады, сүрінсе де, құламады. Жігері жасымаған, қайраты мұқалмаған халықпен не көрсе де бірге көріп, бірге жасасқан Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың да ерлікке пара-пар еңбегін атап өтпеу мүмкін емес. Күрмеуі қиын мәселелер бірте-бірте өз шешімін тауып, экономикамыз да түзеле бастады. Уақытында еңбекақыға, зейнетақыға қол жеткізген қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігі түзелді. Білім, ғылым, денсаулық салалары жетілдіріліп, жастардың сапалы білім алуына жағдай жасалды. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жақсаруына сындарлы стратегиялық жоспар құрылды.

Барша қазақстандықтардың береке-бірлігінің арқасында жұдырықтай жұмылып, жыл сайын Жолдау жүктеген міндеттерді абыроймен атқарудамыз. Бүгінде әлем елдері бізге қызыға да қызғана қарайтын деңгейге жетті. Бұл – еліміз бен көпұлтты халық үшін мерейлі белес. Алайда, қазір біз дағдарыстың қыспағында тұрмыз. “Былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң, арба сынады” дегендей, қазір шалыс қадам жасауға болмайды.

Қазақстан мұнай экспортында жетекші елдердің бірі саналады. Бірақ мұнай бағасы құлдырап, экономикалық қиындық туындауда. Бұл дағдарыс бізге таңсық емес. Осыдан 8 жыл бұрын да дәл осындай жағдайға тап болғанымыз есімізде. Ел ол қиындықтарды еңсере білді. Сондықтан уақытша туындаған бұл мәселе көп кешікпей оң шешімін табады. Өйткені, экономика ешқашан бір орында тұрмайды. Заман көшімен ол да алға жылжитыны ақиқат.

Қазіргі таңда ел Президенті экономиканы әртараптандырудың берік ұстанымын қалыптастыруда. Жер-жерде кәсіпорындар ашылып, халық жұмыспен қамтамасыз етілуде. Ал шағын және орта бизнестің дамуының ел үшін маңызы зор. Сол себепті кәсіпкерлікке басымдық берілуде. Соңғы Жолдауда атап көрсетілгендей, Мемлекет басшысы бес бағыт бойынша тұжырым жасап, ой саралады. Әр бағыттың жауапкершілік жүгі ерекше. Мемлекеттік қызметші болғандықтан емес, қазақстандық азаматтың бірі ретінде мен Жолдауда атап көрсетілген міндеттерге ерекше назар аудардым. Әрі оны орындауға асығатындардың бірімін. Мен ғана емес, барша қазақ елі де дәл осы пікірде деп ойлаймын.

Біздің ауданда да тілге тиек етерлік істердің қолға алынғаны көңіл қуантады. 2015 жылы шағын және орта бизнес бойынша 134 кәсіпкерлік тіркелді. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында өткен жылы 142,5 миллион теңгенің 4 жобасы жүзеге асырылды. Индустрияландыру картасы бойынша бірқатар жобалар қолға алынып, жұмыс орындары ашылды. 2015 жылдың қаңтар-қараша айларында бөлшек тауар айналымы 2426,9 миллион теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы жерінің жалпы көлемі – 349,1 мың гектар. Сонымен қатар, 58 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 186 шаруа қожалығы мен фермерлік шаруашылық жұмыс істеуде. Барлық шаруашылықтар бойынша 17,8 мың бас қара мал мен 6,2 мың бас жылқы бар. “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” бағдарламасы бойынша 1124 бас қара мал сатып алынды. “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламалары бойынша атқарылып жатқан істер бар.

Қазіргі таңда барша қазақстандықтар үшін тұрғын үй мәселесі өзекті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тұрғындардың баспанамен қамтамасыз етілуіне жыл сайын ерекше басымдық беруде. Осы орайда өткен жылы ауданда 2150 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 3 және 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету 100 пайызды құрайтынын мақтанышпен айтып өтуге болады.

Ел болашағы – білімді жастар. Маңызы зор құжатта техникалық кадрлар даярлау жүйесін дамыту қажет екені айтылды. Техникалық және кәсіби білім беру инвестициялық саясаттың негізгі бағыты болуы тиіс. Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап жаңа жоба – “Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім” бағдарламасы басталатыны жарияланды. Осынау ауқымды міндеттерді орындау мақсатында біздер әрқашан бәсекеге төтеп бере алатын саналы ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Бүгінде Шал ақын ауданында 2875 оқушы білім алуда. Барлық білім беру ошақтары интернет желісіне қосылған. Дені сау ұлт пен ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің талабы. Осы орайда аудандағы денсаулық сақтау саласында тұрғындарға 24 дәрігер мен 145 орта буын медицина қызметкерлері көмек көрсетеді. Онкологиялық аурулармен сырқаттану көрсеткіші төмендегені байқалып отыр. Бірақ қазір еліміздің түкпір-түкпірінде дәрігер мамандардың тапшылығы бар. Бізде де бұл анық сезілуде. Оториноларинголог, офтальмолог, невропатолог, эндокринолог пен тағы басқа дәрігерлер жетіспейді.

Жолдауда айтылған бес бағыттың бірі – әлеуметтік сала. Еліміздегі экономикалық қиындықтарға қарамастан, халықты әлеуметтік қолдау шаралары жалғасын табатын болады. Сала мамандары үшін қаңтар айынан бастап жалақының өсірілетіні де көңілге демеу. Сала мамандарына ғана емес, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруге де ерекше басымдық берілуде. Экономикалық қиын жағдайда халықты жұмыспен қамту да оңай шаруа емес. Алайда, біздің елде жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық деңгейін қысқарту жалғасын табуда. Өткен жылы ауданда 1208 адам жұмыспен қамтылып, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында еңбек етуде.

Жолдауда Президентіміз дағдарыстан аман-есен шығудың тетіктерін қарастырып, ел халқына сенім артты. Сондықтан, қандай салада еңбек етсек те, өз ісіміздің жанашыры болуға тиіспіз. Әсіресе, жастар жұмысшы мамандықтарын игеріп, білімді, еңбекқор, белсенді болуы керек. Батыл қадаммен биік белесті бағындыруға болады. Бастысы – аянбай еңбек етіп, уақытты тиімді жұмсауымыз керек. Өйткені, уақыт көші салғырттықты, сенімсіздікті көтермейді.

Еңбек ИСИН,

Шал ақын ауданы әкімінің

экономика және кәсіпкерлік

мәселелері жөніндегі

орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp