“Білім – жастан” демекші, өнертапқыш өрендер арасында ұйымдастырылған республикалық “NURINTECH” инновациялық жобалар байқауының қорытындысы жарияланды.
Байқауға біздің өңіріміздің атынан қатысқан Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 “Н” сыныбының оқушысы Сергей Швец республикалық байқаудың “Арнайы сыйлық” аталымының жүлдегері атанды. Аталмыш сайыс еліміздің астанасында өтті.
Байқау шарты бойынша өзінің жаңалығын 14-29 жас аралығындағы кез келген қазақстандық ұсына алады. Ұйымдастырушылар жастардың жаңа технологияларды жасауға деген зейінін арттыру мақсатында бұл байқауды бес аталым бойынша өткізген болатын. Жеңімпаздар агроинновация, химиялық технология, нанотехнология және биотехнология, жасыл энергетика, робототехника, 3D индустрия және тағы басқа бағыттарда анықталды.
Республикалық байқаудың қорытындысы бойынша үздік инноваторларға бірінші орын үшін – 1 млн. теңге, екінші орынға – 500 мың, үшінші орынға 250 мың теңге берілді.
Облыс намысын қорғаған Сергей Швец экологиямызды таза ұстауға бағытталған әдіс-тәсілдер негізінде “жасыл энергетика” жобасын ұсынып, бағын сынады. Нәтижесінде 3-орынға ие болып, 250 мың теңгеге қол жеткізді.
Байқауға қатысуға 1000 өтініш түскен. Дегенмен, сараптау комиссиясы ақтық сайысқа өздері іріктеп алған 30 жобаны қатыстырды.
Жанаргүл МЕЙРАМ,
“Солтүстік Қазақстан”.