Мен Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен оның сонау Теміртау қаласындағы комсомол белсенділері қатарында қызмет етіп жүрген шағынан таныспын. Сол таныстығымыз уақыт өте келе үлкен құрмет пен сенімге негізделген замандас ретіндегі қарым-қатынасқа ұласты. Комсомол жұмысында жүрген біздің алғашқы таныстығымыздан-ақ мен Нұрсұлтан Әбішұлының бойындағы қайсарлықты, батылдықты, сөз бен іске деген адалдығын аңғардым. Содан бері арада талай жылдар өтсе де, мен бұл дана саясаткердің көрегендігіне қайран қалып келемін.
Уәлиханов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезімде өзіме жүктелген міндетті дұрыс атқара білуіме Нұрсұлтан Әбішұлының көп көмегі тиді. Бір жылдары Уәлиханов ауданында егін бітік шықты. Бұған дейін бірнеше жыл бойы әр гектардан 6-8 центнерден өнім алып жүрген болсақ, сол жылы алқап шығымдылығы 15 центнерден айналды. Дақылдардың ақуызы 42 пайызды құрады. Осынша өнімді жиып алу бір бөлек шаруа болса, оны шашпай-төкпей сақтап қалу мәселесі тағы бар. Қырмандағы орын тар болғандықтан, дәнді элеваторға жеткізу де қиын болатын, оның үстіне алқаптан қамбаға дақылдар таситын техника да жеткіліксіз еді.
Сол кезеңде Дінмұхаммед Қонаев пен Нұрсұлтан Назарбаев облыс шаруашылықтарын аралап, егін жинау науқанының барысымен танысып жүр екен. Мен басшылардан техникамен көмектесулерін сұрадым. Ол кезде Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы қызметін атқаратын Нұрсұлтан Назарбаев менің өтінішімді жерге тастамай, бір тәуліктің ішінде ауданымызға жүз машина жіберді. Соның арқасында егінді ысырапсыз жинап алдық.
Болашақ Елбасымен ол Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып жүрген кезінде өткен барлық пленумдарда, бүкілодақтық партия конференцияларында бірнеше рет кездестім.
Мені әр кез Елбасымыздың адамгершілігі, іскерлігі қатты таңғалдыратын. Кеңес Одағының ыдырауы, партиялардың таратылуы өте қиын да ауыр кезеңдер еді, алайда, мықты адамдар өзгерістерден қаймықпай бұрынғыдан да құдіретті бола түседі. Біздің еліміздің тізгінін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай азамат ұстағаны – Алланың берген сыйы дер едім.
Өтпелі, ауыр кезеңде амалдап жан бағу қиын болса да, Президентіміз елді басқара отырып, халқына адал болды. Бар күш-жігерін жинап, басқаруы өзіне жүктелген ол еліміз бен қазақстандықтардың тағдырына, мемлекет пен халықтың болашағына жауапты екендігін жақсы түсініп, иығына артылған жауапкершілік жүгін абыроймен атқара білді. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін нығайту оңай шаруа болған жоқ, бірақ бүгінгі Қазақстанның шыққан биігінен қарағанда Елбасы басшылығымен таңдалған жолымыздың дұрыстығына тағы бір мәрте көзіміз жетті.
1993 жылдың 14 мамырында мен Айыртау ауданының басшысы болып тағайындалдым. Дәл сол жылдың 28 тамызында қазақ жерінде есте қаларлық тарихи оқиға болды. Үш елдің – Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан президенттерінің кездесуіне еліміздің астық өндіретін басты 4 аймағы қатысты. Экономикамызды көтеріп, жаңа қарым-қатынастарды қалыпқа келтіріп, астық экспорттау мәселесін шешу керек болатын. Мұндай жылы қарым-қатынастар, ең алдымен, көрші мемлекеттер арасында жолға қойылғаны көрегендік, дана шешім еді. Экономикалық қиын ахуалға қарамастан, сол жылдардың өзінде-ақ Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бабалардан қалған тарихи құнды мұраларға баса назар аударды. Ол кездесу өтетін орын ретінде Шоқан Уәлихановтың табанының ізі қалған, Ақан серінің әуезді әнімен әлдиленген Айыртау жерін таңдады.
Елбасымен кездескен сәттерімнің ең бір жарқын кезі деп атақты Қарасай және Ағынтай батырларға арналған мемориалды кешеннің құрылысын салу кезіндегі сәтті айта аламын. Нұрсұлтан Назарбаев атақты Қарасай батырмен аталас болса да, өзінің бұл ерекше жағдайын көрсетпей, билігінің басымдығын байқатпай, қазақстандықтардың қарапайым өміріне қызығушылық танытып, ең бірінші орынға адамгершілікті қоятын. Сондықтан да онымен сөйлесу де қиын болмайтын, әрбір кездесу есте ұзақ сақталатын.
Мен Елбасымен оның ауданымызға, облысымызға жұмыс сапарларының барысында бірнеше рет кездестім. Техникаларымызды, жайқалып өсіп тұрған егінімізді көрсететінмін. Әр кездесу сайын оның бойындағы саясаткерлік, тәжірибелі экономист, халқымыздың Көшбасшысы сияқты жаңа қырларын танып білетінмін. Кезекті Президент сайлауының қарсаңында Астана қаласында өткен бір жиында ол күтпеген жерден: “Армия, сен ештеңе айтқың келмей ме?” – деп сұрады. Мен өз сөзімді аяқтаған соң маған алғысын айтты.
Біз – бақытты елміз. Себебі, бізді тарихымызды, қазақстандықтардың мұң-мұқтажын бес саусағындай білетін, ерік-жігері мықты, алдағы қиындықтарды көрегендікпен болжайтын және соған халқын дайындай алатын адам басқарады. Ол түрлі ұлт өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін, ардагерлерін ардақтап, жастарына жарқын болашақтың қақпасын ашып берген бірегей мемлекет құра білді. Президентіміздің ендігі арманы – елімізді әлемдегі ең дамыған үздік 30 елдің қатарына кіргізу. Мен Елбасының бұл арманы да орындалып, мемлекетіміз әлі талай жарқын жеңістерге жететініне сенемін.
Армия ӘБІЛҚАЙЫРОВ,
Айыртау аудандық
ардагерлер ұйымының төрағасы.