Алғашқы алаңдаушылық осыдан тоғыз жыл бұрын басталып еді. 2016 жылы қытайлық өнертапқыштар көркем шығарма жазатын қабілетті робот ойлап тауып, бар әлемді таңдай қаққызған. Әлемдегі алғашқы мәтін жазатын роботтың шығармасы кейін беделді әдеби байқауда жоғары бағаланып, үздіктер қатарынан көрінді. Сол кездің өзінде қалам ұстаған ағайын өз кәсібінің болашағы туралы ойланып қалғаны бар. Содан бері көз ілеспес жылдамдықпен дамыған ЖИ бүгінде адамды алмастыра алатын деңгейге жетті. Көп өтпей жаңа өнертабыстың көмегімен алғашқы зерттеу жазылып, алғашқы диплом жұмысы қорғалып, цифрлық дәуірде білім алған жастардың алғашқы буыны еңбек нарығына жолдама алды. Бүгінде ЖИ білім беру үдерісінің ажырамас бөлігіне айналып отыр.
Не нәрсеге болсын балалардың тез бейімделіп кететіні бар ғой. Сол сияқты жаңа технологияның игілігін алғаш болып көрген де солар. Бұрын сабақтарда калькулятор қолданудың өзін әжептәуір жеңілдік санайтын оқушылар көп өтпей өз міндетінің бір бөлігін ЖИ-ге жүктеуге үйреніп алды. Іле зерттеушілер мен мұғалімдер де маманданып, білім беру саласында жаңа өзгерістің белгісі байқалғандай болды. Алайда аз уақыттың ішінде ата- аналар мен ұстаздар жаңа технология оқушылар мен студенттердің үлгерімін кері тартып бара жатқанын айтып дабыл қаға бастады. Өйткені жастар бұрынғыдай кітап кеміргенді қойып, қалағанын ЖИ-ге жүктеп, бірнеше минутта керек тапсырманы орындай салуға әуестеніп алған.
– «ChatGPT» қаншалық ілгері болғанымен оның жазған мәтіні бірден көзге түсіп, ерекшеленіп тұрады. Студент университетке білім алып, бойында кәсіби дағдыларын қалыптастыру үшін келеді. Ал ЖИ бұған кедергі келтіреді. Түптің түбінде әр жас жоғары баға немесе шәкіртақы үшін емес, бірнеше жылдың ішінде өз мамандығынан жан-жақты хабары бар кәсіби маман болып шығу үшін университетке келетінін ұмытпауы керек. Заман ағымына сай біз де тапсырма мазмұнын өзгертудеміз. Білім алушылар ғаламторға иек артпауы үшін олардың өз пікірі мен сыни ойлауына негізделген тапсырмалар беруге тырысамыз, – дейді М.Қозыбаев атындағы СҚУ- дың оқытушысы Жанар Құлыбекова.
Алайда бұл үрдістің жағымды жағы да бар. Қолданушылар көп болған сайын ЖИ тілі де қазақыланып, ана тілімізде сапалы ақпарат ұсына бастаған. Алдағы уақытта еліміз бұл сала бойынша Орталық Азияда көш бастауы мүмкін. Қырғыз ағайындардың ЖИ-ге жолдаған қырғызша сауалына қазақша жауап алып, екі көзі төрт болып жатқаны осының көрінісі.
Заманауи чат-бот кез келген жанрдағы мәтінді аз уақытта жазып беруге қабілетті. Эссе, реферат, мақала, зерттеу жұмыстарының тақырыбын жазсаңыз болды, сұрауыңыз дайын болады. Бұған алаңдаған өзге елдердегі білім беру ұйымдары түрлі шектеулер енгізе бастаған. Мысалы АҚШ, Франция, Үндістандағы кей оқу орындарында ЖИ арқылы тапсырма орындағандарды оқудан шығаруға дейін жаза қарастырылған. Ал елімізде Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен барлық студенттер ЖИ бойынша курстардан өтуге міндеттелді. Осылайша министрлік жастарды жаңа технологияны тиімді пайдалануға баулымақ. Ал өз жұмысында «ChatGPT» пайдаланғандар ол туралы хабарлауға міндетті. Оған қоса «құпия» таңбасы бар зерттеулер мен балаларға психологиялық тәжірибелер жүргізгенде ЖИ-дің көмегіне жүгінуге болмайды. Бірақ мұндай нақты талаптар болғанмен ондай деректерді анықтау, мониторинг жасау алгоритмдері қарастырылмаған.
Қоғам ғаламторға сенім артқан жастардың ертеңіне қарайлап жүрсе, сол жастарға тәлім беретін мұғалімдердің өзі дайын дүниеге үйрене бастаған сияқты.
– Тәжірибесі толыспаған жас мұғалімдердің көбі тапсырмаларды ЖИ арқылы жасайды. Тіпті чат-ботқа «514 бұйрық негізінде сабақ жоспарын жазып бер» десеңіз, сұрауыңыз қас қағым сәтте дайын болады. Мұғалім ЖИ дайындап берген тапсырманы оқушыға жолдайды. Оқушы ол тапсырманы ЖИ арқылы орындап мұғалімге береді. Кім кімді оқытып жатқаны белгісіз. Қазіргі білім беру жүйесінде сыни ойлаудың маңызы зор. Мұғалімдер баланы бағалаушы емес, жетелеуші болуы керек. Сабақ барысында құрғақ тапсырмадан гөрі, оларды мәселені шешуге, кедергілерді еңсеруге, өз ойын білдіруге үйреткен дұрыс, – дейді мектеп мұғалімі Қабдолла Бейісхан.
Десе де ЖИ-дің жұмысына да сөзсіз сене беруге болмайды. Оның өзі де, қолданушылары да қателесіп кетуі бек мүмкін. Ал жіберілген қателіктер үшін кімнің жауап беретіні белгісіз. Бүгінде мектептерде өз пікірін ашық айтуға қабілетсіз, өмірлік ұстанымы, айқын мақсаты қалыптаспаған, еңбекке құлықсыз буынның өсіп келе жатқанына жаңа заманның жасанды көмекшісі айтарлықтай әсер етіп отыр. Роботтың алгоритмдеріне сүйенген жастар мәселені өзі шешуден қашқақтайды, басқалармен қарым-қатынасы шектеледі, жаңаны үйрену дағдысы дамымайды. Соған қарамастан оқушылар мен студенттер ЖИ-дің жағымды жағына үңілуге шақырады. Олардың ойынша, кей бағыттағы жұмыстарды орындауда адамды роботпен алмастырғанның зияны жоқ.
– Қоғам әрқашан жаңа нәрсені үреймен қабылдайды. Алғашқы ғаламтор пайда болғанда да, телефон кең танылғанда да адамдар білім берудің ертеңіне алаңдады. Уақыт өте келе ЖИ- ге де үйреніп кетеміз деп ойлаймын. Үлкен ақпараттарды өңдеу, ауқымды есептеулердің шешімін табу адам үшін көп уақыт алады. Сондықтан осындай техникалық жұмыстарды ғаламтордағы көмекшімізге тапсыруға болады. Мұның бәрі зерттеу жұмыстарының өнімділігін арттырып, білім беру мен ғылымды ілгерілетер еді. Мұғалімдер мен оқытушылар да жаңа өнертабыстан қауіптенбей, уақыт талабына сай бейімделіп, жұмыс тәсілін өзгертуі керек. Жаңалықтан теріс айналғаннан ұтарымыз аз. Керісінше тиімді тұсын пайдалана білсек игі, – дейді жергілікті университет студенті Аружан Құрымбай.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».
Түйін:
Жер бетіндегі ой-қиялы ұшқыр, шығармашылық қабілеті шексіз жаратылыс иесі – адам ғана. Біз күмәнмен қарайтын ЖИ-дің өзі адамға еліктеп, барынша өзін ұқсатқысы келеді. Алайда ешқандай құрылғы ғаламның сырын жүрегімен сезген адамзаттың әрекетін қайталай алмайды. Алмағайып заманда жүрегіміз тасқа, жүйкеміз темірге айналып кетпеуі үшін жанымызды таза сақтап, адамдық болмысымыздан айнымағанымыз жөн.