
Жақында ЕС-164/3 мекемесінде Жаңа жылға арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Өнерін ортаға салып, шеберлігін шыңдағысы келген 50-60 шақты сотталушы сайысқа қатысып, ой ұшқырлығын танытуға тырысып бақты.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жылдағы дәстүрге сәйкес өткізілген танымдық, тәрбиелік мәні бар байқау негізінен үш аталым бойынша жүзеге асты. Бірінші кезеңде қазылар алқасы қолдан жасалған “Қар қалашығын” аралап, түрлі ертегі кейіпкерлерімен безендірілген мүсіндерге баға берді. Жаңа жылмен үйлестіріліп жасалған мүсіндердің барлығы да түрлі-түсті бояумен әрлендіріліп, сәнді етіп істелген. Үлкенді-кішілі етіп қардан ойып орнатқан Аяз ата мен Ақшақар, оның қасындағы аң-құстардың барлығы дерлік көздің жауын алып, қолөнер шеберлігін көрсетіп тұрғандай.
Екінші кезеңде қабырға газетінің талапқа сай етіп жасалуына, ондағы салынған суреттің мән-мағынасына, түр-түсіне баса назар аударылды. Сонымен қатар демалыс бөлмесін безендіру де бағаланды. Аталмыш сайысқа барлығы сегіз жасақ қатысқан.
Нәтижесінде төртінші жасақ “Қар қалашығы” және безендіру бойынша ең үздік деп танылды. Ал қабырға газетін мерекеге сай етіп шығарған үшінші жасақ топ жарып, жеңіске қол жеткізді. Жеңімпаздардың барлығы грамоталармен және сыйлықтармен марапатталды.
Аталмыш мекемеде өткізілген мерекелік шара мұнымен шектелген жоқ. Жазасын өтеушілер өз ойларынан құрастырып, “Қарақшының басынан кешкені” спектаклін қойып, көпшіліктің көңілінен шықты. Қойылымға қатысқан 20-25 сотталушы өз рөлдерін жақсы сомдап, өмірде жамандықтан да әрқашан жақсылық биікте тұратынын жеткізді. Осы кешке арнайы дайындалған киім үлгісінде бесінші жасақ жеңімпаздар қатарынан көрініп, шеберліктерімен көзге түсе білді.
– Аталмыш іс-шараға сотталушылар екі аптадай уақыт дайындалды. Біреулер сурет салса, екіншілері қардан мүсін істеумен айналысты. Сахналық көрініс көрсетуде де, қылқалам шеберлігінен де құралақан емес екендерін іс жүзінде дәлелдеуде. Мұндай ұйымшылдық тәрбиенің бір түрі емес пе?! Сондықтан да оған сотталушыларды көптеп тартуға тырысамыз, – дейді тәрбие жұмысы бойынша бөлім бастығы, әділет капитаны Төлеген Жақаев.
Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.