«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАРҒА СЕНІМ АРТҚАН КӘСІПОРЫН

Петропавлдағы “Көпбейінді жабдықтар зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “Қазақстанның үздік тауары – 2016” көрме-байқауының облыстық кезеңінде “Өндірістік мақсаттағы үздік тауар” аталымы бойынша жеңімпаз атанып, отандық тауар өндірушілердің республикалық сайысына жолдама алған болатын. Өңір экономикасына сүбелі үлес қосып отырған өндіріс орнының өзіндік артықшылықтары көп.

“Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС-нің іргетасы 1999 жылы қаланған. Серіктестіктің содан бергі өндірген тауарларының түсін түстеп, санын айту мүмкін емес. Кәсіпорын ай сайын 300-ге жуық өнім түрін шығарады. Мұнда мұнай геологиялық барлау мен кен өндіру, энергетика саласынан үлкен тапсырыстар түседі. Сондай-ақ, әртүрлі металл бұйымдары мен оларға керекті қосалқы бөлшектер де осы зауытта жобаланып, дайындалады . “Зауыт ұжымы үшін “жасай алмаймыз” деген ұғымның ауылы алыс. Өйткені, зауыттың қалыптасқан конструкторлық бюросы мен білікті мамандары заманауи станоктарда кез келген күрделі бөлшекті жасауға қабілетті”, – дейді серіктестік директорының міндетін атқарушы Қосарбек Испандияров.

Мұнда алақандай ғана шағын өнімнен бастап, салмағы ондаған тоннаға жететін тауарларға дейін жасалады. Зауыттың брендке айналған тауарлары да аз емес. Серіктестіктің үлкен сұранысқа ие өнімдерінің бірі – үш қалақты қашаулар. “Қазақстанның үздік тауары – 2016” республикалық көрме-байқауына да осы үш қалақты қашаулар жіберілген. Бұл – зауыт өнертапқыштарының патенттелген өнімдерінің бірі. Қазба жұмыстарына қажетті құрал жұмсақ жынысты жер қыртысын бұрғылау кезінде дәлме-дәлдікті қамтамасыз етеді. Жобаны жүзеге асыру үшін зауыттың конструкторлары мен технологтары екі жыл ізденген. Бүгінде оның мыңға жуық данасы сатылған. Тұтынушылары – қазақстандықтар. Бұған дейін осындай құралдарды біздің кәсіпкерлер Ресей мен Украина елдерінен тасып жүрсе, енді оны өз елімізде арзан бағаға сатып алуға мүмкіндік туды. Мұндай бұйымды жасайтын жалғыз зауыт – біз сөз етіп отырған кәсіпорын.

Өндіріс алаңында доңғалақты тіркеменің үстіне жинақталып жатқан кешен – зауыттың ауқымды жобаларының бірі. “Волковгеология” АҚ-ның тапсырысы бойынша құрастырылып жатқан жылжымалы құрылғының құны – 100 миллион теңге. Зауыт осындай жеті кешенге тапсырыс алған. Үшеуі биылғы жылдың жоспарына енсе, қалғаны алдағы жылы жасалынады. Әр тапсырыстың орындалу уақыты жіті қадағаланады. “Кешіктірілген уақыт тұтынушының сенімсіздігін тудырады”, – дейді зауыт басшысы.

Жұмысы қайнап жатқан зауыттың тыныс-тіршілігінде жаһандық дағдарыстың қыспағы сезілмейтін сияқты. Зауыт қазақстандық және ресейлік бірқатар кәсіпорындармен байланыс орнатқан. “Волковгеология” АҚ-мен арадағы әріптестікті зауыт әкімшілігі жоғары бағалап отыр. Қазақстан мен Ресейдің бірлескен кәсіпорны “Русбурмаш” пен “Атомпром” акционерлік қоғамдарымен ұзақмерзімді келісімшарт жасаған. Сондай-ақ, Өзбекстан мемлекетінен, Ресейдің Қорған, Екатеринбург, Поволжье өңірлерінен геологиялық барлау-зерттеу жұмыстарына қатысты құрал-жабдықтар мен тетіктерге тапсырыс беретіндер көп. Энергетика саласы бойынша да тұрақты тұтынушылар қатары қалыптасып келеді. Мәселен, бұған дейін қажетті құралдарын басқа өңірде жасатып келген Петропавл №2 жылу-электр орталығы сапасыз жасалған бұйымды жөндеп беру үшін жергілікті зауытқа қолқа салған. Олар енді алыстан арбаламауды жөн көріп отыр.

“Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС-де 240 адам жұмыс істейді. Кадр мәселесі мұнда оң шешімін тапқан. Зауытта орта жасқа жеткен еңбеккерлердің қатары саусақпен санарлық, қалғандары – 20-дан 35 жасқа дейінгі азаматтар. Кәсіпорынның басшысы конструкторлық бюрода еңбек етіп жатқан қызметкерлерін таныстырды.

“Қазіргі жастар жан-жақты. Олар заманның талабын дөп баса біледі. Тетіктердің сызбаларын қолмен сызуға дағдыланған – біз. Ал жастар жұмысты компьютердің көмегімен жеңіл және түсінікті орындап береді. Бүгінгі жастарды өз түсініктері бойынша еңбекке тарта білуіміз керек”, – дейді басшы. Конструкторлық бюрода жұмыс істейтін бес маманның төртеуі – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің түлектері. Олардың қатарына жақында қосылған Аманхан Болатов – болашағынан зор үміт күттіретін қызметкерлердің бірі. Оның жасаған ғылыми жобасы “Болашақтың энергиясы” байқауына жолданыпты.

Соңғы жылдары кәсіпорын әкімшілігі жас мамандарды өндіріске тарту үшін ауқымды жұмыс атқаруда. Жергілікті кәсіптік білім беретін оқу орындарымен және М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-мен дуалдық оқыту бойынша жоспарлы түрде жұмыс істейді. Бағдарлама бойынша зауытқа тәжірибеден өтуге келген студенттердің көбі кейін жұмысқа қабылданып жатады. Біліктілігін арттыру үшін оқуға жіберіп тұру, арасында аттестаттаудан өткізу дәстүрге айналған. Бүгінде еңбеккерлер қатары толыққан, ұжымы қалыптасқан, еңбекақысы жоғары зауытқа жұмысқа орналасу оңай деп ойламаңыз. Әрбір үміткер әкімшіліктің сынынан сүрінбей өтуі керек. “Үміткерлерге сынақ ұйымдастырамыз. Тапсырма ауыр емес, бірақ адам-ның жұмысқа бейімділігін анықтауға болады. Жас маман көп нәрсеге өндіріс басында үйренеді. Сынақ кезінде адамның жұмысқа деген ынтасы мен жауапкершілігіне көз жеткізу маңызды”, – дейді кәсіпорын директорының орынбасары Александр Тукачев.

Өндірісте станоктардың түр-түрі бар. Тіпті, бір бұрышта тұрған ескі станокты да көзіміз шалды. Олар кейбір детальдарды жасау үшін кәдеге жарап қалады екен. Жалпы өндіріс автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді, сүт пісірім уақытта күрделі өңделетін тетіктер дайын болады. Адам еңбегінің жеңілдетілгендігін станоктардың қасында темірдің қалай жонылып жатқандығын бақылап тұрған еңбеккерлерден аңғаруға болады.

Кәсіпорын жыл сайын 2-3 жаңа станок сатып алады екен. Бұл – тапсырыстың ауқымы мен талабы ұлғайған сайын туындайтын қажеттілік. Станоктар арзан тұрмайды. Осы орайда, зауыттың директоры кәсіпорынды индустрияландыру үшін банктен несие қаржысын жиі алатындарын жасырмады. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауға ризашылығын білдірді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp