
Еліміздің ертеңі жастар болғандықтан, мемлекет тарапынан оларға әрқашан тиісті дәрежеде қолдау көрсетіліп келеді. Белсенді өрендердің игі бастамаларын қолдап, идеяларының жүзеге асуына қол ұшын созу – мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі. Петропавлдағы Жастар сарайында өткен облыстық жастар форумындағы ахуал бізге осыны аңғартты. Облыс өмірінің сан саласында жемісті еңбек етіп жүрген жас мамандардың, жетекшілердің, белсенділердің басы тоғысқан жиында сөз алған облыс әкімі Ерік Сұлтанов:
– Жастар – қоғамның күші, мемлекетіміздің дамуының кепілі. Өскелең ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, оларды жұмыспен қамту, саламатты өмір салтына баулу, талантты жастарды таныту Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауының арқасында күннен-күнге дами түсуде. Мемлекет басшысының биылғы “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауындағы мақсат-міндеттерді шешуде жастардың орны ерекше. Өңіріміздің жас азаматтарының жан-жақты дамуы үшін атқарылған жұмыс ұшан-теңіз. Бүгінде әртүрлі игі шаралардың ойдағыдай өтуіне ұйытқы болып отырған Жастар сарайы, Спорт сарайы ғимараттары да сіздердің игіліктеріңіз үшін қызмет етуде, – деді.
Сондай-ақ, Ерік Хамзаұлы егемен еліміздің жарқын болашағына, кемел келешектің бастауына баланған Ұлы Дала елінің ұл-қыздарына сенім білдіріп, өмірдің сан саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар өрендерге құрмет грамоталарын табыс етті. Өңір басшысының ыстық ықыласына бөленгендердің қатарында ең үздік жас кәсіпкерлер, спортшылар, әлеуметтік жұмысшылар мен әскери қызметкерлер болды.
“Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасымен Қызылжар ауданындағы орталық ауруханада кардиолог-дәрігер болып жұмыс істейтін жас маман Хеда Ахвадова ауылдың гүлденуіне білімді, білікті кадрлардың қосар үлесінің зор екендігін айтып, өз қызметінің игілігі жайында сөз сабақтады.
Полиграфия және дизаин саласында жеке кәсібін ашып, табыс көзін тауып отырған Жамбыл ауданынан келген жас кәсіпкер Қуат Айтжанов өзі басқарып отырған “Құмарт-Арт” жеке кәсіпорнының жұмысы туралы айтты.
Кездесу соңында жиналғандарға есімдері өңір жұртшылығына танымал өнер иелерінің концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.