Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. Бұл тұрғыда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ еліміз жас ұрпақтың әлемдік бәсекеге қабілетті болуына баса назар аударды.
1994 жылы Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялап, бес жылдан кейін Елбасының өкімімен Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы мақұлданды. Кейіннен бұл құжатты Үкімет қабылдаған соң 2001 жылдан бастап бірқатар бағдарламалар, оның ішінде “Қазақстан жастары”, “Жастар саясатының 2003-2004 жылдарға арналған бағдарламасы”, “Жастар саясатының 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы”, сондай-ақ, “Қазақстан Республикасының азаматтарын патриоттық тәрбиелеудің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы” жүзеге асырылды. Аталған бағдарламалардың бәрі жастардың білім, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендіру және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру үшін жағдай жасауға бағытталған.
“Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы” 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануы жастар саясатын одан әрі іске асырудың институционалдық негізіне айналды. 2010 жылдан бастап жастар саясаты “Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” шеңберінде іске асырылуда.
Қазіргі таңда Қызылжар ауданында екі жастар ұйымы бар. Олар – “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының жанындағы “Жас Отан” жастар қанаты және “Новая волна Кызылжара” жастар қоғамдық ұйымы. Ауданның 39 мектебiнде “Жас ұлан” балалар және жасөспiрiмдер ұйымдары құрылса, “Жас Отан” жастар қанатының 20 бастауыш бөлiмшесіне 826 адам мүше. Елімізде қолға алынған жастар саясатын жүзеге асыру және тиiмдi үйлестiру үшін ауданда консультативтiк-кеңесшi орган – мемлекеттiк жастар саясатын жүзеге асыру кеңесi өз жұмысын жалғастыруда. Кеңес мүшелерiнiң 47 пайызын жастар құрайды.
Біз жастар ұйымдарымен ғана емес, жастар саясатын жүргізуге мүдделі барлық құрылымдармен тығыз байланыс орнаттық. Жастардың әлеуметтік жобаларын жүзеге асырудың бір жолы – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс. Бұл шара 2011 жылдан бері қолға алынған. Үстіміздегі жылы “Жұмысшы жастар фестивалін” ұйымдастыру көзделіп отыр. “Жастар тәжірибесі”, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламалары сияқты жастарға арналған жобалар мен бастамалар нәтижелі жүзеге асырылуда.
Мәселен, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 18-29 жас аралығындағы 176 адам жұмысқа орналасты. Ал “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы шеңберінде жастар арасынан 185 адам екі қолға бір күрек тапты.
Жергілікті атқарушы органдар ауыл жастарын әлеуметтік құқықтарымен, кепілдіктерімен қамтамасыз ету үшін жоспарлы жұмыс жүргізуде. Соның бірі – жұмыссыз жүрген жастардың еңбекке араласуына мүмкіндік беретін бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу. Қараша айының басында өткен жәрмеңкеге “Ахмұтдинов”, “Левин”, “Самал” жеке кәсіпкерліктері, “Загот Интер”, “БЭМС” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, “Тұлпар” техникалық қызмет көрсету станциясы қатысып, нәтижесінде 18 адамның тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік туды.
“Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы елді мекендерге жұмыс істеуге барған жастарға әлеуметтік қолдау танытуда өзіне артылған үмітті ақтауда. Бағдарлама қолға алынған 2009 жылдан бастап осы күнге дейін 627 маманға жалпы сомасы 422 млн. теңгені құраған әлеуметтік қолдау көрсетілді.
Жастар белсене қатысып жүрген бағдарламаның бірі – “Жасыл ел”. Менің ойымша, бұл бағдарламаның жастар үшін тәрбиелік мәні зор. Бұрынғы ата-бабаларымыз Жер-Ананың, киелі судың қасиеттерін ерекше бағалай білген. Ертедегі түрік қағандығының көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшысы, әрі ойшыл кемеңгері Тоныкөкке орнатылған ескерткіште мынадай жазу бар: “Тәңірі Ұмай, қасиетті Жер-Су, Бізді қорғайды, ойлану керек”. Мұндағы “Жер-Су бізді қорғайды” деген сөздерде терең тұжырым бар. Ал “Ханның қасында болғанша, бұлақтың басында бол”, деген өсиет нақылдың мағынасында мазмұнды ұғым жатыр емес пе?!
Осы орайда өскелең ұрпақты орманды сақтауға, елдi мекендердегi жасыл желектердiң алқаптарын ұлғайтуға үлесін қосуға, олардың төңiрегiнде жасыл аймақтар құруға және кеңейтуге тартатын “Жасыл ел” бағдарламасы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейiн де төмендетіп отыр. Өткен жаз айларында ауданның жүзге жуық жас азаматы осындай тағылымды еңбекпен шынығып, рухани байлыққа да кенелді, қаржы да тапты. Олардың әрқайсысына облыстық және республикалық бюджеттен төленген ай сайынғы еңбекақы көлемі 50 мың теңгеге жуық болды.
Жастардың азаматтық ұстанымы мен патриоттық көзқарасын жетілдіру үшін ауданда “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының бастамасымен жергілікті бiлiм бөлiмiмен бiрлесе “Жас саясаткер мектебi” жобасын жүзеге асырдық. Жастардың қоғамдық жұмыстарға қызығушылығын арттыру, білікті кадрлық резерв даярлау мақсатында қолға алынған жобаның нәтижесі жемісті болатынына сенімдіміз.
Жалпы мемлекеттік жастар саясаты елді дамыту және қайта жаңарту құралына айналуға тиіс. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жолы” атты өз еңбегінде: “Егер де жастар гуманизмді, білімді, жауапкершілікті, әділдікті таңдап алса және өзімшіл болмаса, онда олармен бірге табыс та ілесіп жүреді” деп атап өтті. Тәуелсіз Қазақстанның құрдастары – бүгінде еңбекке араласқан мамандар. Елбасы айтқандай, осы жастар бастаған өсекелең ұрпақ табысты болса, ортақ Отанымыз да өркениетті елге айналары сөзсіз.
Думан ЗІКІРИН,
Жастар бастамалары орталығының директоры.
Қызылжар ауданы.