«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСЫРЫН ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗІЛЕДІ

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы жанындағы “Азаматтық бақылау” қоғамдық қабылдау бөлмесі өз жұмысын қайта жандандырды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті “СҚО жастар мәслихаты” жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесе өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.

Азаматтық бақылау – қоғамда болатын түрлі заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жоба. Әсіресе, бұл сыбайлас жемқорлыққа жол берген шенеуніктерді анықтауда тиімділігін көрсетпек. Сондай-ақ, қандай да бір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексі талаптарын орындамаса тұрғындар бұл мәселені қоғамдық қабылдау бөлмесіндегі арнайы мамандарға айта алады. Бүгінде бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдар да атсалысуда.

Азаматтарды қабылдау бөлмесінің есігі жұмыс күндері сағат 10-нан кешкі 18-ге дейін ашық болады. Ал аудан орталықтарындағы қоғамдық қабылдау бөлмелері аптаның әр сәрсенбісінде жұмыс істемек. Биыл “Азаматтық бақылау” жобасы аясында мектептерде, халыққа қызмет көрсету орталықтары және әкімдіктерде қарапайым адамдар астыртын тексеріс өткізеді.

– Үстіміздегі жылы 20 мемлекеттік мекемеде 3 рет тексеріс жүргізіледі. Тұрғындарға ерсі қылық танытып, дөрекілік көрсетіп жүрген мемлекеттік қызметшілерді анықтаймыз. Астыртын тексеріс жүргізуге келісімін берген тұлғаның киіміне бейне-камераны жасырып, оны мемлекеттік мекемелерге жібереміз. Сондай-ақ, құқығы тапталған адамдар өз сұрағын анонимді түрде де жеткізе алады. Ол үшін әлеуметтік желілерде арнайы парақша аштық, – деді “СҚО жастар мәслихаты” жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абылайхан Қайроллаев.

Былтыр қоғамдық қабылдау бөлмесі қыркүйектен бастап желтоқсан айына дейін жұмыс істеген. Осы мерзім аралығында облыс орталығы және аудандардағы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 130-ға жуық солтүстікқазақстандық жүгінген. Олардың көпшілігін баспана кезегі, әлеуметтік жәрдемақылар, жер қатынастары саласы бойынша сұрақтар және мемлекеттік қызмет көрсету сапасы толғандырған.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp