Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында жас дизайнерлердің байқауы өтті. Конкурсқа Қызылжар, Есіл, Шал ақын, Тайынша, Ақжар және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар мен Петропавл қаласының білім беру ұйымдарының оқушылары қатысты.
Байқау оқушылардың эстетикалық талғамын дамытуды, шығармашылықты қажет ететін дизайнер мамандығына деген қызығушылықтарын оятуды көздеді.
Байқауға қатысқан 65 оқушы саяжайлар, спорттық алаңдар, субұрқақтар мен аттракциондардың ландшафтық дизайнының үлгісін ұсынуға тиіс болатын. Оқушылардың қиялдарынан шыққан туындылары, идеялары көпшілікті таңғалдырды. Балалар өз жұмыстарына, негізінен, пенопласт пен гуашь бояуларды пайдаланды.
Қазылар алқасының төрағасы Олег Гайнуллиннің айтуынша, байқау қорытындысын шығарғанда бұйымдардың түс үйлесіміне, кеңістікте орналасуына және шынайылығына баса көңіл бөлінген. С.Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясынан Мәдина Жақсыгелдинованың, қызмет көрсету колледжінен Екатерина Низованың, бірінші гимназиядан Дарья Першинаның, Қызылжар ауданындағы “Мерей” өнер мектебінен Алина Шостактың, Тайынша қаласының өнер мектебінен Максим Комаровтың жұмыстары қойылған талаптарға сай деп бағаланды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.