«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС КЕЛСЕ — ІСКЕ!

Адам өмірінің арашасы болар ақхалатты жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Оның ішінде науқастарды ажал аузынан алып қалатын хирургтердің күнделікті еңбегі ерлікке тең. Күніне бірнеше ота жасап, науқастарға шипа сыйлап жүрген осындай дәрігердің бірі – Есіл аудандық орталық ауруханасының хирургі Айнұр Сақашова.

Қарағанды мемлекеттік медицина университетін тамамдаған Айнұр Мырзашқызы облыс орталығындағы ауруханалардың бірінен қызмет табылса да, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасын қош көріп, тәжірибе жинақтауды ауылдық жерден бастауға ұйғарған. Еңбекке құлшына кіріскен жас маман тәжірибелі дәрігерлер Жанат Абылаев пен Самат Мұқановпен бірге оталарға қатысып, шеберлігін шыңдауда.

– Бұл ауруханада науқастардың саны мен жасалатын отаның көлемі көп. Әрине, алғашқы кезде жастарға күрделі отаны сеніп тапсырмайды. Бірақ хирургия бөлімінің меңгерушісі Жанат Ғалымжанұлы мен анестезиолог-реаниматолог Самат Сағынғалиұлының қасында жүріп-ақ біраз дүниені үйренуге болады, – дейді Айнұр.

Дәрігер болуды кішкентай кезінен армандаған Айнұр мамандық таңдауда қателеспегенін айтады. “Хирургтың қолы – әйелдердікіндей нәзік, көзі – бүркіттікіндей қырағы, жүрегі – арыстандыкіндей айбатты болуы керек” деген нақыл сөзге сүйенген ол дәрігер кез келген адаммен тіл табысып, сөйлесе алуы қажет деген пікірде.

Жалпы, хирург болу өте қиын. Адамның қанын көру, онымен жұмыс жасау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Менің ойымша, жүрегінің түгі бар адам ғана осы мамандықты таңдайды ма деп қалдым. “Жас келсе – іске” дегендей, Айнұр Мырзашқызы келешекте жақсы да білікті хирург болғысы келеді.

– Жақсы хирург болу үшін, ең алдымен, адамгершілік қасиетің жоғары болуы керек. Көз өткір, қол батыр болуы тиіс. Қолың ақылыңнан озбау керек. Осындай қасиеттер бойыңда болса ғана жанын шүберекке түйіп келген науқасқа шипа сыйлай аласың, отаң сәтті жасалады. Ота жасау оңай емес. Психологиялық тұрғыдан өте ауыр. Сәл қателік кетсе, науқастың өміріне қауіп төндіруің мүмкін. Сондықтан отаға келгенде өте мұқият болуға тырысамын, – дейді жас дәрігер. Ал ауруы асқынып, соңғы сәтінде ғана ауруханаға табан тіреген немесе қарт адамдарға көмектесе алмаған кезіңде көңіліңді мұң басады. Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан, өз кәсібімді жақсы көремін, – дейді жас дәрігер.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp