«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС ҒАЛЫМҒА — ДАҢҒЫЛ ЖОЛ

“Жастар жылы” аясында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Жастар және ғылым – 2019” атты VI халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға ықпал ету мақсатын көздеген шараға елімізбен қатар жақын шетелдердің жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Жиынды ашқан университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Ақмарал Ибраева соңғы жылдары ел жастары инновациялық жобаларды ойлап тауып, отандық ғылымның дамуына үлес қосып жүргенін атап айтты.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Жастар жылының” ресми ашылу салтанатында: “Жастар мен айтқан барлық бастамаларды әр салада жүзеге асырып жатыр. Тәуелсіздік жылдары көп жұмыс істелді, көп жеңіске жеттік. Бірақ ішіндегі ең негізгі жетістік, сендерді, жаңа буынды тәрбиелеп шығардық”, – деген болатын. Шынымен де, қазіргі таңда кейінгі буын өкілдері тың идеяларды жүзеге асыруда. Біз сапалы білім мен заманауи ғылымның озық жетістіктері арқылы ғана бәсекеге қабілетті ел бола аламыз. Университетімізде жас ғалымдар үшін барлық жағдай жасалған. Білім ордасында 2015 жылдан бері жұмыс істейтін жас ғалымдар кеңесінің құрамына 96 магистрант, докторант және жас оқытушы кірді. Сондай-ақ, мұнда 60-тан астам ғылыми қоғам бар, – деді Ақмарал Ғосманқызы.
Проректордың айтуынша, конференцияға жас ғалымдардан 200-ден астам баяндама түскен. Үстіміздегі жылы ғылыми жобаларды қолдауға университет ректорының 5 гранты бөлінді. Бір жобаны қаржыландыру құны 150 мың теңгені құрап отыр.
Жиын барысында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Гүлдана Рысбаева өңірімізде жастардың бастамаларын қолдауға арналған ұйымдар жұмыс істейтінін жеткізді. “Жастар жылына” орай әзірленген республикалық Жол картасының аясында жас ғалымдарды қолдауға жыл сайын 3 млрд. теңге қаржы бөлу көзделген. Ал “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының жетекшісі Абылайхан Қайроллаевтың айтуынша, кейінгі толқынның зияткерлік әлеуетін арттыру мақсатында “Nurintech” және “Digital nation” жобалары жүзеге асырылуда.
Конференция барысында еліміз бен Ресейдің жоғары оқу орындарының студенттері жиналғандарға өздерінің ғылыми жобаларын таныстырды. Бұдан соң ғылым қызметкерлерінің күніне орай жергілікті университеттің бір топ оқытушысы мен студенті “Академик Манаш Қозыбаев” медалімен, ректордың Алғыс хатымен марапатталды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp