«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЯУ МҰСАНЫҢ “АҚ СИСАСЫ”

Әнші, ақын, композитор Жаяу Мұса Байжанұлының “Ақ сиса“ әнін білмейтін қазақ кемде-кем. Бұл – қазақ музыкасының алтын қорына енген ән. Қазақ топырағындағы теперішті тағдырдан хабар беретін туындының шығуы туралы түрлі пікірлер айтылады. 

Жасынан сергек Жаяу Мұса оқу оқып, білім алуға, ән салып, серілік құруға талаптанады. Ауылда қазақша оқып, хат танығаннан кейін енді орысша білім алуды мақсатына айналдырады. Баласының бұл талабына Байжан да қарсы болмайды. Бірақ Байжанға қолының қысқалығы баласын басқа жерге жіберіп оқытуға мүмкіндік бермейді. Сөйтіп, ойлаған мақсатына жете алмай, жабырқап, көңілсіздеу жүрген кезінде талантты жастың тілегіне қарай бір жылы ауылға ел аралаған қызылжарлық татар саудагері келеді. Соған жалданып Жаяу Мұса Қызылжар қаласына аттанады. Байға қызмет көрсете жүріп, оқуға орналасады. Қала халқымен танысқаннан кейін әуелден ойын-сауық, той-думанға үйір Жаяу Мұса жастар бас қосқан кештерде ән айтып, гармон тартуға әуестенеді. Сөйтіп, әншіні көрші-қолаңдары да, таныстары да ойын-сауықтарға жиі шақыра бастайды.

Жаяу Мұса Қызылжарда үш жылдай оқығаннан кейін Омбыға барып, онда тағы да төрт жылдай орысша білім алады. Жазғы демалыста еліне барған кездерінде ауыл адамдарынан аға сұлтан Мұстафаның көрсеткен зорлық-зомбылығын естиді. Бұған Жаяу Мұса қатты қынжылады. Халықтың жазықсыз жәбірленуіне жаны ашып, жауыздық іске жиіркене қарайды, оны әшкерелеу үшін Омбы газеттеріне Мұстафа Шорманов туралы бірнеше рет мақала жазған. Бұрын алдынан шығар жан жоқ, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып, атағы асқан сұлтанға Жаяу Мұсаның газетке жариялаған бұл сыны үлкен соққы болып тиеді. Сұлтан Мұстафа осыдан кейін әншінің соңына түседі. Бірақ жігерлі жас оған ешбір жасымайды, қолындағы қаламын қару етіп, Шормановтың озбырлық мінез-құлықтарын әшкерелейтін өткір тілді өлеңдер мен әсерлі әндер жаза бастайды.
Бірде аға сұлтан Шормановтың адамдары әншінің ауылының қасынан өтіп бара жатып Жаяу Мұсаның мінген атын тартып алып, өзін соққыға жығады. Бірақ ақын жуандардың мұндай зорлығынан жасқанып, жасымайды. Тұла бойы ыза-кекке толған композитор “Ақ сиса” әнін шығарады.
Тағы бір дерек бойынша Шорманов тұқымы соңынан қалмай, 1862 жылы 27 жасында Жаяу Мұсаны жала жауып, абақтыға қаматтырады. Мұса 12 жылға сотталып, Тобылға жер аударылады. Әнші “Ақ сиса” әнін осындай азапты күндерінде шығарса керек.
Бұл ән Мұсаға қажымайтын қайрат беріп, Шормановта кеткен кегі қайтқандай әсер еткен. Ол Тобылда айдауда болғанда емдеуші фельдшер Меньшиков пен адвокат Рубановтың ақылымен ақ патшаға: “Бұйрығыңның бәрін орындаймын, әскеріңде адал қызмет етемін” деп арыз жазады. Сөйтіп, Жаяу Мұса әскер қатарына алынады. Оны Орта Азия жорығына даярлап, Литвада құрылып жатқан генерал М.Черняевтың жасағына жібереді. Мұса 1863-1865 жылдары осы жасақтың құрамында болып, Литва, Латвия, Польша, Украина мен Белоруссияда, Қазақстанның оңтүстігінде, Әулиеата, Шымкент, Верный жорығына қатысты. Ақыры генерал Черняевтың қазақтарға көрсеткен қиянатына шыдай алмай, әнші туған еліне қашады. Бірақ барған соң да ата жаулары тыныштық бермей, тағы қуғынға ұшыратады. “Ақ сиса” шырқалғанда-ақ төбесінен жай түскендей болған Мұстафа Шорманов Жаяу Мұсаға неше түрлі жала жауып, оның туыстарын алды-артына қаратпай, көшіріп жібереді. Сөйтіп, жазықсыздан-жазықсыз жапа шеккен Мұса туыстарымен Далба тауындағы Ақшоқы деген жерге көшіп келеді.
Әншінің жиеншары, ақын Арман Қани “Ақ сиса” Жаяу Мұсаның ең күрделі шығармаларының бірі екенін айтады. Оны жеріне жеткізе орындауға кез келген әншінің жүрегі дауалай бермейді. Жалпы, ақын әлемдік музыканы меңгергендіктен, аталмыш шығарманы марш түрінде шығарған деседі өнертанушылар.
Тағы бір айта кететіні, Мұса бұл әні арқылы тек Шорман жуандарын ғана әшкерелеп қоймайды, қазақ даласындағы феодалдық тұрмыс жағдайын да сынамақ болады. Әннің бойында қазақтың қамын жеген қайраткердің басындағы трагедия ғана емес, бүкіл қазақ халқының “әлімжеттік” кезеңдегі жағдайы сипатталған. Бұл өмір бойы тауқымет тартқан ақын-сазгердің жанайқайы іспетті.
Әнші 94 жасында 1929 жылы 31 шілдеде өзінің туып-өскен жерінде дүниеден өтті. 1972 жылы зиратының басына шағын күмбез орнатылды.

 

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp