
Ұстаз – қадір-қасиеті мол, өн бойына шексіз жауапкершілік пен тынымсыз еңбекті тоғыстырған мамандық иесі. Мұғалімнің берген білімі, адамгершілігі, балаға деген сүйіспеншілігі жас ұрпақтың келешекте бәсекеге қабілетті тұлға болып өсуіне ықпал етеді емес пе?! Жан жылуын, бар білімін бойымызға сіңіріп, әрбіріміздің үлкен өмірге қадам басуымызға үлесін қосқан мейірбан жүректі ұстаздарымыз біздің мектебімізде де аз болған жоқ.
Бүгінде жетпістің асқарына шыққалы отырған менің өмірім де өзгелердікіндей еңбекпен өрілді. Уәлиханов ауданының Мырзағұл (бұрынғы Жамбыл) ауылында дүниеге келдім. Үйдің үлкені болғандықтан, өзімнен кейінгі іні-қарындастарыма қарайласып, жұмысқа ерте араластым. Ауыл тұрғындары бір-бірін ағайын-туыстай жақын көріп, өмір кешті. Соның нәтижесінде үлкенге қарап бой түзеген біз бауырмалдылықтың не екенін біліп өстік. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге үндеген, жан дүниеңе нұрлы шуақ құйып, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары анық.
Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін балапандай аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Қаншама жылдар өтсе де, осыдан 63 жыл бұрын мектепке барған кездерім, алғашқы ұстазым, сыныптастарым ешқашан ұмытылмақ емес. Мырзағұл ауылындағы мектеп табалдырығын аттағандағы сәт әлі күнге дейін көз алдымда. Ұстазымыздың әрбір айтқан сөзін, берген тапсырмасын мұқият орындауға тырысатынбыз. Алғаш қолымызға қалам ұстатқан Мұхаммед ағай өте ұқыпты жан болатын. Тақтадағы әріптері баспаға шығардай түзу жазылатын. Бізден де әдемі жазуды талап ететін.
Біз сияқты талай шәкіртті қияға самғатқан ауылдағы бастауыш мектептің құрылғанына биыл 80 жыл толып отыр. Шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру, ұжымда жайлы ахуал орнату, әрине, сол мектептің басшысына тікелей байланысты. Осы орайда туған ауылымыздың түтінін түтетіп, бүгінде 11-сыныптық орта мектептің гүлденуіне өз үлесін қосып отырған білім ордасының директоры, ұлағатты ұстаз Қайролла Мешелұлының еңбегін атап өтпеу мүмкін емес. Ол үнемі ізденіске толы өмір жолында қара-пайым мұғалімдіктен мектеп басшысына дейінгі өнегелі баспалдақтардан өтті. Оқушылардың саналы да терең білім алуы мен демалуына барлық жағдайды жасап, мектепті үлгілі білім ордасына айналдырды.
Қайролла Мешелұлының басшылығымен мектептің педагогикалық ұжымы мен шәкірттері білімдерін шыңдау мақсатында пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарына, спорттық және көркемөнерпаздар байқауларына жиі қатысты. Ұлағатты ұстаз жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін бірнеше мәрте Құрмет грамоталарымен және дипломдармен марапатталған. Оның бастамасымен Ұлы Отан соғысына қатысқан Мырзағұл ауылының азаматтарына ескерткіш орнатылды. Ауыл жастарының басын біріктіріп шағын стадион салуда да оның еңбегі зор. Ауылда туып өскен, бірақ өзге өңірлерде қызмет істеп жүрген ел азаматтарын жұмылдырып, ауылда мешіт те тұрғызды.
Ауылдағы бастауыш сыныпты бітірген соң Ақтүйесай елді мекеніндегі мектеп-интернатқа қабылдандым. Мұнда да өз мамандығына берілген, білім саласын жетік меңгерген ұстаздар сабақ берді. Олардың әрбір сөзі, айтқан ақылы, сілтеген жолы жадымда әлі күнге дейін сақтаулы. Төлеубай, Балта, Есләм ағаларым мен Әйіш апайым білімге деген құштарлығымды арттырып, үздік оқуыма себепші болды. Осы азаматтардың берген білімінің арқасында 1972 жылы Целиноград қаржы-экономика техникумын, 1978 жылы Алматы халық шаруашылық институтын қаржыгер мамандығы бойынша үздік тамамдадым. Қаржы саласында басшылық қызметтерге дейін көтеріліп, елдің беделді азаматтарымен қатар еңбек еттім.
Өмір жолымда парасат биігінен көріне білген, адал еңбектерінің арқасында ортасына сыйлы болған жандар аз кездеспеді. Мысалы, Меркен Исин, Тәткен Боқанов, А. Черебаев, Қасқырбай Әбуов, Тұрлыбек Әбілпейсов деген азаматтар адал еңбектерінің арқасында құрметқе бөленген жандар. Төзімділік пен қайсарлықтың арқасында шыңдалып, қиындықты жеңіп, алдына кесе-көлденең тұрған бейнетті еңсерген азаматтар еліміздің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Әсіресе, Еңбек Ері Еркін Әуелбековпен таныс болғанымды бақытқа балаймын. Онымен алғаш рет Көкшетау аймақтық жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары болып жүргенімде кездестім. Бұған дейін Еркін ағамның Қазақстан компартиясы орталық комитетінің мүшесі, Жоғарғы Кеңестің депутаты, Мәскеуде де лауызымы биік қызметтерде болғанын білуші едім. Ол өз батасын беріп: “Есіңде болсын, тек еңбек қана адамды бақытқа бөлейді”, – деп өсиет айтқан еді. Кейінгі уақытта да өмірлік тәлімгерімдей болып кеткен Еркін ағама жиі телефон шалып, ақыл-кеңесін алып тұрдым.
Қай мансапқа ие болсам да, қызметімді адал атқаруға, айналамдағы адамдармен сыйластықта өмір сүруге талпындым. Жүрген жерімде жаңа іні-достар, замандастар мен құрдастар тауып, қоғамға пайдамды тигізуге, соның нәтижесінде аудандық, облыстық қаржы органдарында басшылық қызметтерді атқарған кездерімде де қарапайым болуға, кісілік қасиеттерді сақтауға тырыстым. Орталық аппаратта басшы болғанымда қарамағымдағы қызметкерлермен жақсы қарым-қатынас орнатуға, қаржы саласын гүлдендіруге атсалыстым.
Өткен күндерді еске алсам, күрмеуі қиын мәселелердің бел ортасында жүріппін. Қырық жылдан астам уақыт бойғы еңбегім мемлекет тарапынан елеусіз қалған жоқ. Өткен күннің белгісіндей болған Алғыс хаттарды, грамоталар мен медальдарды бүгінде немерелеріме көрсетіп, оларға абыройлы өмір сүрудің құпияларын айтып отырамын. Отбасымда зайыбым Жаңыл Кәрімқызы екеуіміз үш қыз тәрбиелеп өсірдік. Олардың бәрі жоғары білімді, қаржы саласының мамандары, жұрт қатарлы еңбек етіп, бала тәрбиелеуде. Бүгінде қыздарымнан екі жиен сүйіп, ата бақытына, отбасы шаттығына бөленіп отырғаныма шүкіршілік етемін.
Есләмбек БЕКПАЕВ,
еңбек ардагері.