Мен Мамлют ауданындағы Бостандық ауылында тұрамын. Ауыл тірлігі кімге болса да белгілі. Жаздың соңғы айларынан бастап қыстың қамына кірісіп кетеміз. Отын-шөп, жемазықты дайындау оңай емес. Ал әйел адамға тіпті қиын. Қолымдағы жалғыз ұлым мүгедек. Туғаннан денсаулығы жоқ. Үйдің де, түздің де жұмысы өз мойнымда. Сондықтан қылышын сүйреткен қыс жақындағанда менде дегбір қалмайды. Суық күндері онсыз да денсаулығы жоқ балам тоңып, жүдеп қалама деп уайымға салынамын. Бірақ бізді қайырымды жандар көмек беріп қуантқанда, аналық жүрегім толқып, көзіме жас үйірілді.
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дегендей, отбасымызға қол ұшын беріп, демеу көрсетіп отырған “Арқалық” шаруа қожалығының басшысы Нағашыбай Барлыбаевқа алғыс айтамын. Ол қысқа дайындық кезінде шөп-сабанмен қамтамасыз етіп, қолынан келген көмегін аямады. Мерекелерде де назардан тыс қалдырмайды. Жетім мен жесірге, жоқ-жітікке көмек беру нағыз азаматтардың ғана қолынан келеді. Нағашыбай Сабырұлының сауапты ісі көпшілікке үлгі болса игі.
Мен секілді қайырымдылыққа зәру аналар біздің елімізде аз емес. Жаны жомарт жандар қол ұшын беріп жатса, бір ғанибет емес пе?! Елімізде барымен бөлісіп, қайырымдылық іспен айналысып, көптің алғысына бөленген осындай азаматтардың қатары көбейе түссе екен.
Ұмсын ЕСМҰҚАНОВА.
Мамлют ауданы.