«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУДАН ТАРТЫНБАЙЫҚ

Айнажан бүгін үйіне көңіл күйі түсіп оралды. Айлық еңбекақысы қант-шайынан да артылмайды. Күз болса келіп қалды, балалардың алды мектепке барса, кішкентай қызын балабақшаға киіндіру керек. Санап отырса, осылардың барлығына қомақты қаражат керек екен. Отағасының алатыны да тиын-тебен. Осындай күйбең өмірден әбден шаршаған Айнажан ойнап жүрген балаларының сыртынан қарап, біраз тұрды. “Шіркін, көмектесер біреу болса ғой” деген ойға беріліп кеткені соншалық, еріксіз көзіне жас алды. Осылай сарыуайымға беріліп тұрғанда көрші үйде тұратын Сәлима деген құрбысы келді.

– Саған айтар жақсы жаңалығым бар, “Аялы алақан” деген әлеуметтік дүкен ашылды. Көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетеді екен. Соларға сен де бар, міне телефоны, – деп бір тілім қағазды қолына ұстатты.  

Айнажан құрбысы құдды бір ат мінгізгендей қуанып кетті. Ертесіне барлық балалаларының құжатын алып, дүкенге барды. Шынымен де, зәру адамдарға көмектеседі екен, және барлығы тегін. Бала-шағасына біраз киім алып, көңілі орныққан Айнажан дүкеннің байланыс телефондарын өзі білетін тағы бір көпбалалы анаға беріп, қуанышымен бөлісті.

Бұл оқиға ойдан алынған әңгіме емес. Тек қана бас кейіпкердің аты-жөні өзгертілген. Адами тұрғыдан алғанда, оның да өз себептері бар екенін айтып жату артық деп ойлаймыз. Облыс орталығындағы “Аялы алақан” әлеуметтік дүкенінің ашылғанына үш жыл болды. Осы аралықта қаншама бала жылы киіммен қамтамасыз етіліп, аналар қуанышқа бөленді десеңізші?! Дүкенге қойылатын киім-кешектер ұсталған, бірақ сапасы жақсы, тап-таза дүниелер. Сонымен қатар, аяқ-киімдер, үй жиһаздары, ыдыс-аяқтар да бар. Тіпті, қолдан жасалған түрлі сәнді дүниелерді де осы жерден көруге болады. Бұлардың барлығы – жомарт жандардың әкелген заттары. Ал егер беретіндері болып, жеткізуге мүмкіндіктері жетпей жататын адамдар болса, дүкен қызметкерлері амалын тауып, өздері алып кетеді.

Көпбалалы ана, дүкен қызметкері, “Қызылжар аналары” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Галина Сапко – осы жердің тәртібіне жауап беретін адамдардың бірі. Ол барлық әкелінген заттарды тізімге алады. Содан кейін оңдыларын бөліп, орын-орнымен дүкен ішіне жайғастырады. Келушілер тек таңдап жүріп, қалаған нәрселерін ала береді. Әу баста айтылып кеткендей, бұл дүкенде көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасы мүшелеріне ғана көмек көрсетілмейді. Сонымен қатар, қарт адамдар да назардан тыс қалмайды. Көмекке зәру адамдар алдымен құжаттарын әкеліп, тіркеуден өтеді. Содан кейін оларға дүкенге айына екі-үш рет келіп тұруға болады. Көпшілікке қолдау көрсетіп, біраз адамның ауыртпалығын көтеріп отырған әлеуметтік дүкеннің ұйымдастырушысы – облыстық мәслихат депутаты, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева. Төрайым өз ойын жергілікті билік өкілдеріне айтып, қолдау тапқан соң игі шараны қолға алған. Келушілердің саны күн санап қалыңдай түспесе, азаяр емес. Мәселен, “Қызылжар аналары” қоғамдық бірлестігінің барлық мүшесі осы тізімге енгізілген. Отыздан астам көпбалалы отбасын қанатының астына алған “Аялы алақан” дүкенінің ұйымдастырушылары өткен жылдың өзінде жетпістен астам мектеп жасындағы балаларға тиісті көмек берген. Бұдан басқа да қаланың шет-шетінен келіп, дүкеннің жұмысын өз көздерімен көріп, тегін тауар алып жүргендер саны жүзден асып жығылады.

Игі шара мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда осындай дүкендер Благовещенка (Жамбыл ауданы), Соколовка, Бескөл (Қызылжар ауданы), Новоишимка (Ғ. Мүсірепов атындағы аудан) ауылдарында да ашылған. Облыс бойынша мыңнан астам адамға шарапатын тигізіп отырған әлеуметтік дүкеннің ашылуына жүрегі кең адамдардың көптеп көмектесуі қуантады. Аталған жерлердегі дүкендердің ашылуына септігін тигізген де қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтын азаматтар екенін атап өткен жөн.

Өмірде түрлі жағдайлар болады. Қазір бір-екі баланың өзін киіндіріп, оқытуды қиынсынып жүргендер аз емес. Ал енді Құдай берген жеті-сегіз баласы бар ата-ана қайтсін? Барлық баласына бірдей шыттай жаңа киім алуға, әрине, көп ата-ананың мұршасы келе бермесі айтпаса да түсінікті ғой. Олай болса, әлеуметтік дүкеннің бары да жақсы емес пе? Мүмкін, біреулер “киілген киім” деп менсінбес. Бірақ ұқыптап ұстаса, несі жаман? Бала кезімізде анамыз бір көйлек сатып әперсе, үйдегі қыздардың барлығы соны киіп өсетін еді ғой. Тіпті, олардан да “аман” қалса, көршінің кішкентай қыздарына беріп, мәз болатынбыз. Айтпақшы, сыймай қалған киімдерді біреуден-біреуге беру қазір де бар. Осы бағытта Петропавл қаласында “Анадан – анаға” деген атпен бірнеше дүкен жұмыс істейді. Әлеуметтік дүкеннен оның бір ғана айырмашылығы бар. Ол – киілген киімдердің өзін ақшаға сату. Әрине, арзандау , бірақ бәрібір тегін емес.

Әлеуметтік дүкеннен балаларына киім-кешек алып тұратын аналардың біразымен сөйлесіп, ойларын тыңдадық. Олардың атын атап, түсін түстемейміз, бірақ пікірлерін оқырман назарына ұсынамыз.

Айман:

– Төрт балам бар. Барлығы мектепке барады. Өзімнің алатын еңбекақым аз. Баспана жалдап тұрамыз. Отағасының жиған-тергені баспанаға төлеуге кетеді. “Аялы алақан” деген дүкеннің барын естігенде сенбедім. “Киім-кешекті қалай тегін береді? – деп ойладым. Келіп көрсем, шындығында да, солай екен. Балаларыма көйлек-көншек, тіпті сырт киімдер де аламын. Болып жатса, аяқкиім де алуға мүмкіндік бар. Мұның өзі бізге үлкен көмек. Сол үшін де ұйымдастырушыларға алғыс айтамын.

Айгүл:

– Бес балам бар. Үлкендері мектепте оқиды. Кенжем балабақшаға барып жүр. “Аялы алақан” – жақсы дүкен. Барып ұнаған нәрсемізді аламыз. Телефонмен де хабарласып тұрамыз. Қажет болған киімдеріміз келсе, өздері де айтады. Бұл да қамқорлықтың бір түрі деп ойлаймын. Кейбір таныстарыма айтсам, барып киім-кешек алуға ұялады. Меніңше, оның ешқандай да ұяттығы жоқ сияқты. Киілген киімдерді шетелден әдейі әкеліп, өлшеп те сататын дүкендер бар. Жұрт соған да барады ғой. Ал бұл жерде барлығы тегін. Олай болса неге алмасқа?..

Светлана:

– Мен – көпбалалы анамын. Әлеуметтік дүкенге біраз уақыттан бері барып, керек-жарағымды алып жүрмін. Мұнда тек қана киілген киімдер емес, жаңалары да болады. Барлығы жақсы, ең бастысы – ыңғайлы. Ақшаң болмаса да, барасың да аласың. Қанша адамдарға шапағатын тиігізіп отырған осындай дүкенді ашқаны үшін Бақытжан Мағжанқызына және барша ұйымдастырушыларға көпбалалы аналар атынан алғыс айтамын.

Әңгіменің түйіні: көпбалалы отбасылардың қазандай қайнап жатқан өмірінде кездесетін мәселелер аз емес. Соның барлығы дерлік қаражаттың жетіспеушілігінен туындайды. Бас қайғы болған баспана проблемасы былай тұрсын, балаларына киім-кешектің өзін сатып алуға қауқары жетпейтін ата-аналар да аз емес қой бүгінде. Осы жағынан алғанда, әлеуметтік дүкеннің атқарып отырған ісі зор. Тек алдағы уақытта олардың қатары көбейе түссе, жақсы болар еді. “Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің” демей ме атам қазақ, сондықтан да оң-солымызға қарап, мұқтаж адамдарға жақсылық жасаудан жасқанбайық.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp