Мемлекет пен тұрғындардың арасын жалғайтын көпір – үкіметтік емес ұйымдар. 2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен тұңғыш рет Азаматтық форум – үкіметтік емес ұйымдардың республикалық жиыны өтті. Оның ұйымдастырылуы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың арасында қоғамдық өзекті мәселелерді шешуде әріптестік орнауына негіз болды. Бүгінде елімізде барлық әлеуметтік маңызды салалардың жұмысын жүзеге асыратын бес мыңға тарта үкіметтік емес ұйым бар болса, солардың 300-ге жуығы біздің өңірде тіркелген. Ал қарымды жұмыс істейтіндерінің саны жүзге жақындайды екен. Мен жетекшілік ететін халықаралық “Қызыл Жарты Ай” қоғамының облыстық филиалы сондай белсенділердің қатарында. Ұйымымыздың тарихына көз салсақ, өркенімізді өсіріп, өрісімізді кеңейтер игі де ізгі шаралар аз емес екен.
Осыдан 25 жыл бұрын ұйымымызға көмек сұрай келгендердің қарасы қалың болғаны әлі есімде. Дағдарыс белең алғанда әркім-ақ көмекке зәру болды. Осы орайда, біз халықаралық “Қызыл Крест” және “Қызыл Жарты Ай” федерациясына хабарласқан едік. Гуманитарлық көмек дереу жетті. Олар жөнелткен жүк таситын ұшақтар мен пойыз вагондары азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмекке толы болды. Біз оларды өңіріміздің емдеу мекемелеріне, оқу орындарына тараттық. Петропавлда голландиялық “Қызыл Крест” қоғамының қолдауымен қайырымдылық асханасы ашылып, онда күн сайын 80-нен астам адам бір мезгіл тамақтанып жүрді. Бүгіндері сол қиын-қыстау уақытта біздің көмегімізге жүгінген жандар көрген сайын ұдайы алғыстарын айтады. Осындайда жақсылықтың көкжиегін кеңейте түскің келеді.
Аллаға шүкір, Тәуелсіздік жылдары халқымыздың басым бөлігінің тұрмысы түзелді. Дүкен сөрелерінде тауардың түр-түрі бар. Дейтұрғанмен, қандай күшті мемлекет болмасын, бәрінде де үй-күйі жоқ әлеуметтік әлсіз топтар болады. Осы орайда, бүгінде өңірімізде осыдан 5 жыл бұрын басталған “Көшпелі түскі ас” акциясы жалғасын табуда. Жуырда біздің ұйым Петропавл қалалық әкімдігі және ішкі істер басқармасымен бірлесе Жұмысшы кентіндегі №25 мектептің ескі ғимаратында 30-ға жуық адамға тегін ыстық тамақ беруді бастады. Сол жерде жатын орындар да әзірленді. Алайда, көмекке зәру жандардың саны күн сайын өсуде. Оларға жылы киімдер мен дәрі-дәрмек керек. Сол себепті, біздің ұйым тағдыр тәлкегіне ұшыраған осы жандарға көмектесер рақымы мол қайырымды адамдарды іздеуге кірісті. Осындайда әрбір адамның пікірі әртүрлі боларын түсінемін. Қара бастың қамын ойлайтындар да бар. Бірақ қоғамымызда мейірімді жандар бар екеніне еш күмәнданған жоқпыз.
Біз толық емес, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созудан тартынған емеспіз. Ұйымымызға үйі мен қора-қопсысы өртенген жандар мен әкесіз қалған балалардың аналары да хабарласады. Өңірімізде 2007 жылы осындай күйге ұшыраған балаларға көмектесетін бағдарлама жұмысын бастады. Бұл игі бастаманың аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің “Қызыл Жарты Ай” қоғамы 9 жылда өңіріміздің 240 отбасына материалдық тұрғыда көмек көрсетті. Үстіміздегі оқу жылының басында бұл шетелдік әріптестеріміздің арқасында көмекке мұқтаж ондаған отбасының электрондық кәртішкесіне жүз мың теңгеден астам қаражат түсті. Барлық жәрдемақының мөлшері 20 миллион теңгені құрады.
Біз шамамыз келгенінше әрбір департаментпен қоян-қолтық жұмыс істеуге тырысамыз. Мәселен, ұйым өкілдері жергілікті төтенше жағдайлар жөніндегі департаментпен ынтымақтастық орнатқан. Жыл сайын біз департамент қызметкерлерімен бірлесе түрлі жағдайда зардап шеккендерге көмек көрсетеміз. Мәселен, алысқа көз жүгіртпей, биылғы көктем мезгіліндегі су тасқынын еске алайық. Тайынша ауданындағы Келлеровка мен өзге де ауылдарды топан су басқанда, тұрғындар жергілікті мектептерге көшірілген болатын. Осы уақытта біздің ұйым “Қайғы бәріне ортақ” қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, зардап шеккендерді киімдермен, жамылғылармен, тазалық заттарымен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, кейбіреуіне материалдық тұрғыда көмектесті.
Ұйымымыздың басты міндеттерінің бірі – тегін донорлықты насихаттау. Өзге елдердегі сияқты Қазақстанда да қан тапшылығы орын алған. Жыл сайын қан тапсырушылардың саны артудың орнына, кеми түсуде. Осыған байланысты бұл бағытта бірлесе жұмыс істеу үшін 2014 жылы еліміздің Қан орталығы мен “Ұлттық Қызыл Жарты Ай” қоғамы келісімшартқа қол қойды. Бүгінде біздің ұйым өңірдегі қан жетіспеушілігінің алдын алу мақсатында донор іздеуді қолға алған. Статистика бойынша әрбір үшінші адам өмірінде бір рет қан алмастыруды қажетсінеді екен. Ал, бізге, әсіресе, донорлардың көмегі қайғылы оқиғалар орын алған кезде керек. Сол себепті, біз Донорлар күнін жиі ұйымдастырамыз.
Мен алғашқы медициналық көмек көрсетуді әрбір адам білуі керек деп ойлаймын. Өйткені, қиын жағдайға тап болған адамды өлім аузынан арашалап қалу өте маңызды. Біздің қызметкерлер оқыс жағдайларда жергілікті мектептер мен колледждерде алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сабақтар жүргізеді. Болашақта осындай алғашқы медициналық көмек көрсетуге үйрететін орталықты Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ашпақ ойымыз бар. Бұл үшін бізде қажетті қондырғылардың бәрі де бар. Мәселен, Қытайдың “Қызыл Кресті” бізді манекендермен, дәрі қораптарымен, үлестірме материалдармен қамтамасыз етті. Енді тек жергілікті билік пен университет басшылығының қолдауы ғана керек.
Мұнымен ұйымымыздың жұмысы шектелмейді. Жүріп өткен жолымыз ұзақ болғанымен, алдағы жоспарымыз одан да ауқымды. Азаматтық қоғамның белсенді мүшесі ретінде елдің дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді. Бүгінде біз отбасы институтының нығаюына да басымдық беріп отырмыз. Отбасылық құндылықтарды насихаттау, шаңырақтағы қарым-қатынастың беріктігін анықтау, ондағы гендерлік тепетеңдік мәселелерін қарастыру – біздің күнделікті жұмысымыз.
Сәуле ОРАЗОВА,
халықаралық “Қызыл Жарты Ай” қоғамы облыстық филиалының директоры.