«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚСЫ АДАМ – ЕЛДІҢ МАҚТАНЫ

Адамның өмірі өз дәуірінің айнасы іспеттес. Геннадий Моложенконың педагогикалық қызметі қазақстандық кәсіптік-педагогикалық білім беруді дамыту мен құрудың көптеген маңызды кезеңдерінен тұрады. Геннадий Дмитриевичтің өмірбаянынан оның кәсіби міндетіне шын берілген, сан қилы қиындықтарға толы ұстаз еңбегіне деген шынайы сезімді аңғару қиын емес. Өзінің еңбек жолын республикамыздың солтүстік өңіріндегі ең көне оқу орындарының бірі болып саналатын Петропавл есеп-экономикалық техникумында комсомол ұйымының хатшылығынан бастаған ол қызмет баспалдағының әр сатысынан абыроймен көтеріле білді. Физика пәнінің мұғалімі, директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, сырттай оқу бөлімінің меңгерушісі болды.

Кейінгі жылдары Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқара жүріп, орта буын мамандарды даярлауға пайдалы да жемісті үлес қосты. Осы кезең оның өміріндегі ең бір қызықты да келелі оқиғаларға толы жылдар болды. Қандай лауазымды қызметте болсын өзінің кәсіби біліктілігімен, талап-кершілігімен, принципшілдігімен ерекшеленді. Педагогикалық еңбегінің қырық жылға жуық уақытын кәсіптік және техникалық білім беру саласына арнады.  

1992 жылдары оқу орындары оңтайландыру үдерісін басынан өткерген аумалы-төкпелі кезеңдегі жаңа әлеуметтік-экономикалық қатынастар кәсіптік-техникалық білім беру саласына да түбегейлі өзгерістер әкелді. Еңбек нарығында сұранысқа ие орта буын мамандарды даярлауға ғана екпін түсіріп қоймай, жастардың өздерін еңбекпен қамтуларына мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге, кәсіптік білім алып, шеберліктерін шыңдауға жағдай жасау да басты назарда болды.

Алайда, жігерлі де өз ісіне мығым басшы Геннадий Дмитриевич жаңа экономикалық жағдайда оқу орны мен онда даярланатын мамандықтарды сақтауға, басқа да жолын кес-кестеген көптеген мәселелерге ұжыммен бірге қайыспай қарсы тұра білді. Өзі де көп еңбектенді және әріптестерінен де соны талап етті. Оның ұйымдастырушылық қабілеті, ақыл-парасаты, адамдармен тіл табыса білетіндігі, жинақылығы мен мақсаткершілігі әрқашан сенімді серігіне айналды. Геннадий Моложенконың беделі, жігерлілігі, жоғары біліктілігі колледждің оқытушылар ұжымының шығармашылық ахуалын қалыптастыруға оң ықпал етті.

Геннадий Дмитриевич осы жылдар аралығында оқытушылықтан қол үзбей, физика пәнінен дәріс берді. Өз пәнін түсіндіру барысында түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, болашақ мамандардың сапалы да мазмұнды білім алуларына көп көңіл бөлді. Оның берген білім негіздерін алдынан ұшқан түлектері осы күнге дейін өз жұмыстарында табысты пайдаланып жүр.

Ұстаздың жұмыс тәсілі жоғары біліктілігімен, жауапкершілігімен, шығармашылық және қайталанбас еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді. Ол білім беру және өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне қосқан зор еңбегі үшін Қазақ КСР-ның, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Бүгінгі таңда Геннадий Дмитриевич еңбегінің зейнетін көріп отыр. Алайда, оның берген білімін, мол тәжірибесін, жасаған еңбегінің игілігін колледжде қызмет етіп жүрген әріптестері әлі күнге дейін пайдаланады.

Ольга СВИНУХОВА,

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі мұражайының

директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp