Оқырмандар “Ұлт басылымы” деп ұлықтайтын “Солтүстік Қазақстан” газеті ғасырға жуық ғұмырында қаншама адамның талғам биігінен көрініп, қаншама отбасының төрінен орын алды десек, жалғандығы жоқ. Басылым бетінде жарық көретін тұшымды дүниелер оқырман назарынан тыс қалмайды. Тіпті, мұндағы қаламы қарымды тілшілерден бөлек, тұрақты авторлардың есімі де көпшілікке жақсы мәлім. Солардың бірі – Ғабит Қоңырбаев.
Ол соңғы он жылдың көлемінде газет бетіне үзбей әңгімелер ұсынып келеді. Оның “Құдалық”, “Алтын сырғаның хикаясы”, “Ұмытшақ”, “Дәу Шағман”, “Жала”, “Бір кезектің әлегі”, тағы басқа шығармалары оқырманның талғамынан шықты. Ауыл өмірінің әрі адамдарының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертер бұл әңгімелер нанымдылығымен тартымды. Сондықтан да оның қаламынан туған дүниелер оқырмандар жүрегіне жол тауып жатады.
Күнделікті күйбің тіршілікте кездесіп жататын қызықты оқиғаларды қағаз бетіне түсіріп, жұрт назарына ұсынып жүрген азаматтың кім екенін әркім-ақ білгісі келетін шығар. Ғабит Жұқаұлының мамандығы – тарихшы. Меніңше, ол кісінің қаламгерлігіне ұшқан ұя, өскен ортасының да ықпалы зор болған сыңайлы. Шал ақын ауданының Жалтыр ауылында дүниеге келген ол бала күнінен колхоздың ауыр жұмысына жегілген ата-анасымен бірге жүретін. Белі қатпай әке-шешеге жанашыр бола жүріп, ауыл үлкендерінің әсерлі әңгімелеріне де құлақ түргені сөзсіз. Ол кездің адамдарының аузы дуалы болушы еді ғой. Сөздің парқын түсінетін ортада өскен баланың жаман болмасы анық. Жазғыштығына тағы бір себеп, бір атаның үш баласы үйленіп, үй болса да, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіпті. Сол әулеттің балалары естері кіргенше ата-әжелерінің ертегілерін естіп өскен. Ендеше, Ғабит Жұқаұлының көрген-түйгенін ойға тоқып, әдемі сөз өрнегімен көпшілікке жеткізуінің мәні, міне, осында.
Ғабит Қоңырбаев өмірінің ширек ғасырға жуығын шәкірт тәрбиесіне арнады. Тимирязев, кейін Шал ақын аудандарында ұстаздық қызмет атқара жүріп, жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруден жалыққан емес. Содан да болар, әлі күнге дейін оқушылары оны “Біздің ағай”, – деп ерекше ілтипатпен еске алады.
Ғабит Жұқаұлының тағы бір ерекше қасиеті бар. Ол тарихшы болғандықтан да шығар – ізденімпаз. Тың деректер іздеуден әсте, жалыққан емес. Оған дәлел жетіп артылады. Нақтырақ айтар болсақ, жиырмасыншы ғасырдың 30-шы жылдарында қазақтың этнографы, зерттеушісі, біртуар ғалымы Шоқан Уәлихановтың туыстары біздің өңірімізде өмір сүргенін алғашқылардың бірі болып аудандық, облыстық басылымдарға жазған осы кісі. Шота Уәлихановтың әкесі Ыдырыс Бағанаты, Жаңаталап ауылдарында қазақ балаларын білім нәрімен сусындатқаны жайлы атасы Жекеннің аузынан естиді ғой. Бұл деректің шындығына шүбә келтіруге болмайды. Өйткені, Шота Уәлиханов Солтүстік Қазақстан облысына бір сапарында бұл тарихи деректі растаған екен.
Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ қыз-келіншектерінің майданға азық-түлікпен ғана көмектеспей, жаудан азат етілген жерлерге трактор тізгініне отырып, егін сеуіп, жер жыртқанын мұрағат құжаттары арқылы көпшілікке жеткізген де Ғабит Жұқаұлы. Мұны да ауыл ақсақалдарынан естіп, бұл сөздің шындығына көз жеткізу үшін аз уақытын шығындаған жоқ. Оқырманды бос сөзге сендіре алмайсың. Сондықтан да нақты дәлелдер табу үшін мұрағат құжаттарына арқа сүйеуге тиіссің. Ғабит Жұқаұлы да дәл осылай жасады. Ақыры аудандық, облыстық мұрағаттағы шаң басқан құжаттардан іздегенін тапты.
Ғабит Қоңырбаевтың жерлес ақын Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармаларының оқырманға беймәлім тұстары жайлы мақала жазғаны да көпшіліктің есінде шығар. Мағжан ақынның інісі Қаһарманның баласы Ғаділшамен танысқаннан кейін соның аузынан естігендерін қағаз бетіне түсіріп, жұрт назарына ұсынған болатын.
Ауылға, жас ұрпаққа жанашыр азамат, әрине, қандай ортаға болсын қажет қой. Ол мектеп басқара жүріп, қолынан іс келетінін көрсетті. Сондықтан да, ісі мен сөзінің алшақтығы жоқтығын билік басындағылар да бағалады. Ауылдық округ әкімі болуға ұсыныс түскенде Ғабит Жұқаұлы мұны құп көрді. Бұл қызметте де абыройсыз болған жоқ. Халқына жақын әкім, әрине, жерлестерімен тіл табыса жүріп, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқара білді.
Азаттық таңы атқаннан кейін шетелдерде тарыдай шашылып жүрген қандастарымыз елге орала бастады емес пе?! Сол жылдары Ғабит Қоңырбаев Шал ақын аудандық әкімдігі жанындағы көші-қон бөлімінде қызмет істеді. Туған елді аңсап жеткен бауырларымызды облыс орталығынан тосып алудан бастап, оларды орналастыру, басқа да тұрмыстық мәселелерін шешу осы көші-қон қызметкерлеріне жүктелген еді ғой. Бұл тапсырманы да жеріне жеткізу үшін аянған жоқ. “Елге ел қосылса құт” демей ме, онсыз да ұзақ жылдар шетте жүріп, елім деп еңіреп жеткен қандастарымызды өзінің жанашырлығымен, бірауыз жылы сөзімен, қамқорлығымен жігерлендіре білді.
Ғабит Қоңырбаевты жақсы танитындар оның тағы бір ерекше қасиетін жоғары бағалайды. Ол – тіл жанашыры. Аудандық тілдерді дамыту бөлімінде еңбек еткен жылдары мемлекеттік тілдің дамуына қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап жүріп, үлес қосты. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту үшін тіл бөліміндегі мамандардың санын арттыру қажеттігін билік басындағыларға жеріне жеткізе айтқан алғашқылардың бірі осы Ғабит ағамыз. Ана тілімізге атқарушы орган тарапынан қамқорлық қажеттігін дер кезінде түсініп қана қоймай, бөлімдегі мамандардың санын көбейту арқылы қазақ тілін үйренушілердің қатарын арттыруға ұмтылыс жасады.
Халқымыз “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демей ме?! Өз ортасының маңдайалды азаматы болуға әркімнің қабілет-қарымы жете бермейді. Ал Ғабит Қоңырбаевтың жерлестеріне сыйлы, оқырманға танымал болуының тағы бір себебін алға тартқым келеді. Шал ақын ауданының тұрғыны Сансызбай Сұлтанов есімді оқырман тәуелсіздіктің елең-алаң шағында туған ауылына отбасымен көшіп келгенде, Ғабит Жұқаұлының жақсылығымен аяғынан тік тұрып, қатарға қосылғанын тебірене жазыпты. “Қаншама ер-азаматтар екі қолға бір жұмыс таба алмай, жер шұқып қалған қысылтаяң шақта мен де бала-шағаммен туған ауылыма оралдым. Ондағы ойым, ағайын-туыс, жора-жолдас сыртқа теппейді ғой. Абырой болғанда, Ақанбарақ ауылдық округінің әкімі Ғабит Қоңырбаев екен. Тұрмысы шатқаяқтап тұрған кеңшардан жұмыс тауып берді. Бала-шағам зарықпасын дегені ғой. Еңсемді көтеріп, ортаға тез үйренісіп кеттім. Маған ғана емес, жерлестерінің бәріне де жанашыр екеніне талай рет көзім жетті”, – депті өз хатында Сансызбай Сұлтанов.
Нағыз азамат қана туған жерінде осындай жақсы істерімен танылады.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.