«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАЖЫЛДЫҚ ТОСЫН СЫЙ

Жаңа жыл қарсаңында “Қазпочта” АҚ-ның ұйымдастыруымен “Аяз Атаға хат жаз!” акциясы өткізілді. Оның аясында кез келген адамның балалардың жазған хаттарының ішінен таңдағанын алып, Жаңа жылдан үміт күткен сәби арманын орындауына мүмкіндік туғызылды. Аяз Атаға хат жазған Петропавлдағы балалар ауылының №5 үйінің тәрбиеленушілеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыйлығын Аяз Ата табыстады.

– Аталмыш шараға еліміз бойынша 3752 бала қатысты. Интернетке орналастырылған балалар хаттарының мәтінімен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та танысып, мазмұны өзіне ұнаған оқушыларға жаңажылдық сыйлықтар жолдады.

Мемлекет басшысына Петропавлдағы балалар ауылының тәрбиеленушілерінің атынан Виктория Голубцованың жазған хаты ерекше әсер етіпті, – дейді “Қазпочта” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Ерік Нұрақаев.

Балалар үйінің тәрбиеленушілері әр мерекені, туған күндерін отбасымен бірге қарсы алады. Араларында өнерпаздар да көп. Сондықтан балғындар Аяз Атаға хат жазғанда өздеріне музыкалық орталық қажет екендігін жеткізген.

Жаңа жыл қарсаңында Аяз Ата балаларға Елбасының атынан музыкалық орталық пен Қазақстанның танымал ақын-жазушыларының кітаптарын табыстады.

“Сан мыңдаған хаттардың ішінен біздің отбасының тілегі Елбасының назарына іліккеніне қуаныштымыз. Президентіміз әрқашан біздің қамымызды ойлап, қамқорлық жасайды. Біз де Елбасының үмітін ақтап, жақсы оқып, еліміздің одан әрі дамуына өз үлесімізді қосатын боламыз”, – дейді қуаныштан жүзі бал-бұл жанған Виктория Голубцова.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp