Жаңа мазмұнда білім беру бағдарламасының оқушы үлгерімін бағалау тәсілі көпшіліктің түсінбеушілігін туғызғаны анық. Осыған орай биылғы оқу жылының бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша шәкірттердің білімін бағалаудың жаңа тәсіліне мұғалімдердің, ата-аналар мен оқушылардың көзқарасын білген едік.
Қалижан ТӘШКЕНОВ,
Есіл ауданындағы Мектеп негізгі мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі:
– Білім берудің қазіргі заман талабы – шығармашылықпен жұмыc жасайтын, бәcекеге қабілетті, құзіретті тұлға тәрбиелеу. Бұл құзіреттіліктер білім алу үшін оқушылардың өздері де оқу үдерісіне белсенді қатысуын талап етеді. Осыған орай, оқушылар арасында өзара түсіністік және ұжымдық қарым-қатынасты орнатып, олардың өз-өздеріне сенімсіздіктерін жойып, мүмкіндіктерін арттыруға жол ашатын критериалды бағалау жүйесі іске қосылды. Яғни, оқушыларға бұрынғыдай әр күні сабаққа дайындалып, үй тапсырмасын орындауына қарай баға қойылмайды. Мәселен, бір тақырыпты түсіндіріп, жаттығуларды жасап, оқушылардың меңгеруі үшін бізге бес-алты сағаттан қарастырылуы мүмкін. Бұл сағаттар барысында оқушылармен тақырып бойынша жұмыс жасаймыз, түсіндіреміз, тапсырмаларды орындатамыз. Алайда, тақырып толық түсіндіріліп болғаннан кейін ғана барып оқушының меңгеруіне орай бағалаймыз. Бұл сағаттар барысында оларға деңгейі бойынша балл қойылады.
Қорытындысында, осы балдарды электрондық күнделікке енгізу арқылы орташа бағаны есептеп шығарамыз. Сонымен қатар ата-аналармен байланыс жасап, баласының қай тақырыпқа немесе тапсырмаға баса назар аударуы қажет екендігінен хабардар ету мақсатында бағалау парақшаларын да таратамыз. Онда біз оқушылардың тақырыпты меңгеру деңгейіне орай “төмен”, “орташа” немесе “жоғары” деп бағалаймыз. Және жанында оның не үшін олай бағаланғаны, нені түсініп, неден қиналатыны да ашық жазылады.
Дүйсенбі АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
ата-ана:
– Балам бесінші сыныпта оқиды. Жоғары сыныпқа енді көшкен ол білім беру саласындағы жаңашылдықтарға да, бағдарламаға да үйренісе алмай жүр. Бағалау парақшалары ата-анамен байланыс жасау үшін қарастырылған деседі. Алайда, біз бұл парақшалар жайлы білмейміз. Ата-аналармен байланыс жасау үшін қарастырылған бағалау парақшалары жайлы мектептің басшылары мен мұғалімдері бізге түсіндірген емес. Мектепте балаға түсіндіріп жатқан болар. Бірақ жоғары сыныпқа енді көшкен бала мұны қайдан түсінсін? Қандай баға алғанын сұрасам, күнде мұғалімнің сабақ сұрамағанын немесе баға қоймағанын айтады.
Бірінші тоқсан аяқталарда ғана, баламның сөмкесінен “төмен”, “орташа”, “жоғары” деген парақшаларды тауып алдық. Баламның бір тоқсан бойы оқығаны сонда осы ғана ма? Бұрын балам сабақтан келгенде, бірінші кезекте, күнделігін көрсетіп, оның қандай баға алғанын қадағалайтынбыз. Қазір күнделігін ашып қарасақ, не үй тапсырмасы жөнді жазылмаған, не баға жоқ. Шыны керек, бізге бұрынғы күнделік ыңғайлы еді. Балаларымызға қойылып жүрген балдардың бірін де түсінбейміз. Балалардың өзі түсінетініне күмәнім бар.
Ділнәз БЕРІКҚЫЗЫ,
оқушы:
– Мен биыл жетінші сыныпта оқимын. Бағдарламамызда айтарлықтай өзгерістер бар. Біз үшін сабақты түсіну, тапсырмалар орындаумен қатар, бағалануымыз да маңызды. Себебі, жақсы баға бізді одан әрі жоғары жетістіктер көрсетуге ынталандырады. Осыған дейін “бес” деген баға алсақ, үйімізге қуанып барып, күнделігімізді әке-шешемізге, ата-әжемізге көрсетіп, “көрімдік” те алатынымыз есімде.
Қазір де үлкендер әдеттегідей сабақтың қалай өткенін, қандай баға алғанымызды сұрайды. Оларға жауап беру біз үшін бұрынғыдай оңай емес. Өйткені, бұл бағдарламаға әлі өзіміз де үйренісе алмай жүрміз. Уақыт өте келе, оған да үйренетінімізге сенімдімін. Бағалаудың бұл түрі де, жалпы білім берудің бағдарламасы да уақыт өте келе бір ізге түсіп, тиімділігін көрсетер деген ойдамын.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.