Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын қарпіне негізделген қазақ əліпбиінің ұсынылған жобасын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.
Латын әліпбиіне көшу мәселесі қызу талқыланып, пікір-көзқараспен ширатыла келе, түйінін тапты. Ресми түрде жаңа бетбұрыс жасалды. Қазақ еліне құтты болсын айта отыра, бұл тарихи шешімнің талабы еселене түсерін еске салғым келеді. Кезең-кезеңмен жəне жүйелі түрде көшіру үшін алда ауқымды жұмыс күтіп тұр.
Біздің ғалымдар, тілтанушылар, саясаткерлер, жастар жəне Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері көптеген елдердің бұл үрдістегі тәжірибесін ескере отырып, кемшін тұстарын дұрыстап, ортақ мəмілеге келді. Ендеше, латын әліпбиінен қазақ тіліне төнер ешқандай қауіп жоқ. Оның үстіне, Елбасымыз бекіткен нұсқада қазақ тіліне тән әріптерді бейнелейтін апостроф бар. Яғни, бұл үрдістен тіліміз фонетикалық, орфоэпиялық ерекшеліктерін жоғалтпақ емес.
Тіпті, 1917 жылы Ленин де латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерген болатын. Сол кезде, ең бірінші, бұл әліпбиге әліпбиі жоқ якуттар көшіп, 1939 жылға дейін осы әліпбиді қолданған. Кейін түріктерге бұл әліпбиге көшуге ұсыныс жасалды. Алайда, біздің еліміз секілді 900 жыл бойы арап әліпбиінде жазған түріктер батыл қадам жасай алмады. Кейін Мұстафа Кемал Ата-түрік басқарған Осман түріктері латын әліпбиіне көшті.
Сонымен қатар ол кезде латын әліпбиінің бірқатар кемшін тұстары да болғанын мойындауымыз қажет. Қазақ тіліне тән әріптердің белгілену жағы осал болды. Сондықтан бекітілген нұсқада бұл әріптердің апостроф арқылы белгіленуін өте тиімді деп ойлаймын.
Сағындық САЛМҰРЗИН,
“Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы.